Бас мүфти журналистерге қысым көрсетті

0

Соңғы кездері БАҚ өкілдерінің сын садағына жиі ілініп жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірқатар сайттардың редакциясымен бірге kaznews.kz сайтына да «ескерту хатын» жолдады. Біздің сайтта діни басқарманың жұмысы, бас мүфтиге қатысты «Демос» ҚБ төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың 5 мақаласы жарық көрді. Әріптесіміз Бақытбек Айнабек бас мүфтидің бір кездері Дін істер комитетінің төрағасы және қоғамдық келісім вице-минстрі қызметін атқарған Марат Әзілханов сый жасап, қызмет алуға әрекет еткенін сөз етті. Ал бізге келген хаттың қысқаша мазмұны былай журналистермен жұмыс істеудің  «пәтуасына» сай басқарма өздеріне қатысты кез келген мақала жайында өздеріне хабар беруді сұрайды. Сол арқылы мүфтият конституциялық құқығын қорғауға ниетті.

«Алдағы уақытта осындай мазмұндағы (сыни) мақалаларды жариялау жалғасқан жағдайда біз сіздің сайтыңыз бен осы мақалалардың авторына қатысты қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес тиісті құқықтық шара қолдану мақсатында іс жүргізетінімізді (!) хабарлаймыз», депті басқарманың редакциясымызға жолдаған хатында. Хатқа ҚМДБ заңгері ретінде З.Сағандыкова қол қойыпты.

Бұл орай діни басқарма еліміздің БАҚ туралы Заңымен бектілген журналистердің ақпаратты алу, тарту құқығын шектеп, сөз бостандығы туралы заңнамаға мұрнын шүйіре қарап тұр. Әрі біз ҚМДБ-ға қарасты сайт емеспіз. Демек өздерін сынағанға бола басқарманың тәуелсіз ақпараттық агенттікке мұндай шарт қоюы ақылға сыймайды. Қалай десек те Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының асыл дінімізді дәріптеп, сол арқылы ұрпаққа саналы тәрбие берудің орнына журналистерге қарсы шыққаны қайран қалдырды.Сірә басқарманың басындағылар түрлі діни ағымдар жастарға қатер төндіріп тұрған шақта үгіт-насихаттың, үлгі-өнегені БАҚ арқылы жүргізуде, тілшілермен тіл табысудың маңыздылығын жете түсінбейтін боулы керек.