Қырғыз президенті үкіметті не үшін отставкаға жібергенін түсіндірді
Қырғыз президенті Садыр Жапаров Ақылбек Жапаровты министрлер кабинеті басшысының міндетін атқарушы әрі президент әкімшілігінің жетекшісі етіп тағайындады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Осының алдында президент Садыр Жапаров министрлер кабинетін отставкаға жіберген. Бірақ олар үкіметтің жаңа құрамы құрылғанша, уақытша жұмысын жалғастыра береді.
Қырғыз президентінің өзі бұл тағайындаудың себебін әлеуметтік желі арқылы былай деп түсіндіреді:
«Бұл өзгерістердің себебі туралы сұрақтар қойылып жатыр. Әр мемлекеттің басты мақсаты – қазынаны толтыру. Қазына толса, елдің жағдайы жақсарады, айлық көбейеді, инфрақұрылым жақсарады. Сонда ғана күшті мемлекет бола аламыз. Ақылбек Жапаровпен сөйлестім. Ол биыл бюджетті 280 миллиард соммен жауып, келер жылы 400 миллиард сомға көтерем деп сөз берді. Егер мұны атқармаса, шара қолданам. Жапаровтың әрбір қадамы менің бақылауымда болады».
57 жастағы Ақылбек Жапаров екі рет қаржы және экономика министрі болған. Осыған дейін ол Жогорку Кеңешке «Бир Бол» партиясы атынан депутат болып, «Құмтөр» ісіне қатысты комиссияны басқарған.