Шыңжаң сапарында қазақ диаспорасына қатысты мәселе қаралған жоқ

0

Qamshy.kz ақпараттық порталында «Шыңжаң сапары: Даниал Ахметов Қытайдағы қазақтарды құтқаруға барды ма?» атты мақала жарияланғаны белгілі. Біз осы мақала жарық көргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке бірнеше сауал жіберген едік. Облыстық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімі біздің сауалдарға   жауап берді. Сонымен…

♦Шыңжаң сапары: Даниал Ахметов Қытайдағы қазақтарды құтқаруға барды ма?

Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар ақпарат көздері «соңғы төрт жылда аймақтың делегациясы Қытайға 16 рет барды» деген ақпарат таратты. Бұл қаншалықты рас?

Соңғы үш жылда  ШҚО мен ҚХР ШҰАА-ның арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға, өзара тиімді, бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған екі жақты 17 кездесу ұйымдастырылған.

–Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың  соңғы сапарында Қытаймен арада қандай келіссөздерге қол жеткізілді?

–Жалпы облыс әкімі Даниал Ахметовтың  соңғы (24 қараша) сапарында Қытаймен арада қандай келіссөздерге қол жеткізілді? үстіміздегі 22 қарашада болған келіссөздер барысында, ауыл шаруашылығы, энергетика, өндіріс және ағаш өңдеу, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және туризм салаларындағы 9 инвестициялық жобаны қамтитын негізгі 8 бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықтың Жол картасын іске асыру жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді.

–Осы сапарда «Тэчен – Аягөз бағытындағы темір жол салу жайы да» сөз етілді. Бұл жобаның елімізге және Шығыс Қазақстанға қандай пайдасы бар?

Қазіргі таңда «Тачэн-Аягөз» темір жол өткелін салу жобасы зерттелу үстінде. Аталған темір жол учаскесін салу туралы қандай да бір шешім қабылданған жоқ. Көрсетілген бағыт Шығыс Қазақстан облысының Аягөз және Үржар аудандарының аумағы бойынша өтеді деп күтілуде. Қарамай-Тачэн темір жол шеңберінде «Тачэн-Аягөз» өткелін салу магистралды желінің дамуына және Ресей мен Еуропаға шығуға мүмкіндік береді.

–Өскеменді «ақылды қалаға» айналдыру туралы Қытай тарапымен келіссөз жүргізіліп жатыр» деп естідік. Жалпы қазіргі уақытта бұл салада қандай жұмыстар атқарылуда?

–Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Смарт сити» тұжырымдамасы бойынша фото-бейне тіркеу және бейне талдау жобасы іске асырылуда. Бағдарламалық қамтамасыз ету жабдығы толығымен қазақстандық мамандармен әзірленген. Жобаға сәйкес, Өскемен қаласында «Сергек» аппараттық-программалық кешендер 85 желілік учаскеде және 74 көше қиылысында орнатылатын болады. Сондай-ақ, жоба аясында ПД қызметкерлеріне арналған 100 мобильді жұмыс орнын және қолданыстағы 1000 камералы жүйені біріктіру, 1700 жалпы бейнебақылау камерасын орнатып, қолданысқа енгізу қарастырылуда.

–Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағына барған сапарында Даниал Ахметов тарапынан ондағы тұратын қандастарымыздың құқына қатысты мәселе қозғалды ма? Шекаралас аймақ ретінде әкімдік бұл мәселені қаншалықты назарда ұстайды?

Сапар барысында ШҰАА-дағы қазақ диаспорасының жағдайына қатысты мәселелер қаралған жоқ.

– Шығыс Қазақстанда Қытайдың және басқа да елдерден көшіп келген неше қандастарымыз тұрады?  Олардың жағдайына әкімшілік қаншалықты көңіл бөліп жатыр?

–2018 жылы 1 қараша жағдайы бойынша облыс аумағына 216 отбасы (388 адам) этникалық оралман отбасы қоныс аударды. Оның ішінде Қытай Халық Республикасынан қоныс аударғандар 173 отбасы (321 адам), Монғолия Республикасынан 25 отбасы (36 адам), Өзбекстан Республикасынан 6 отбасы (8 адам), Ауғаныстан Республикасынан 11 отбасы (22 адам), Ресейден 1 отбасы (1 адам).

Еңбекке қабілетті жастағы адамдар – 284, еңбекке қабілетті жасқа дейінгілері – 101, 3-зейнеткер тіркелген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 83 «Оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» қаулысына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы оралмандар мен көшіп келушілерді қабылдайтын өңір ретінде айқындалды.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 454 бұйрығына сәйкес Шығыс Қазақстан облысына 2018 жылға арналған оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 714 отбасыға, оның ішінде 350 оралман отбасына, 354 қоныс аударушылар отбасына бөлінді.

Бағдарлама қатысушыларына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары көшуге және тұрғын үй жалдауға (жалға алуға) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеу субсидияларын қамтиды.

2018 жылғы қараша айындағы жағдайы бойынша оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына 269 оралман отбасы (828 адам) енгізілген (отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК).

–Қазір отбасынан бөлініп қалған көптеген қандастарымыздың құқы шектеліп, Қытайдың үйрену-саяси лагерьлерінде отыр. Соның салдарынан тарихи отаны Қазақстанға орала алмай жүргендер де көп. Осындай жағдайдың салдарынан шекараның арғы бетінде отбасынан ажырап қалған азаматтар Шығыс Қазақстан облысында бар ма? Бар болса, әкімдік олардың құқын қаншалықты дәрежеде қорғап отыр?

–Аталған сұраққа жауап беру Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің құзырына жатады.

«Қамшы» сілтейді