Жеке сот орындаушылар ресми «рэкетке» айналып кетті, – заңгер
Бүгінгі қоғамда жеке сот орындаушыларына қатысты әрқилы пікір бар. Дегенмен оның барлығы аталған сала мамандарының табыс табу үшін небір қиттұрқы әрекетке баратынын жоққа шығармайды. Айналдырған еі жұма ішінде бір сот орындаушысының кісі қолынан қаза табуы, енді бірінің соққыға жығылуы сөзімізге дәлел бола алады.
Еуропалық құқық және адам құқығы жөніндегі сарапшылық институт директоры Марат Башимов бұл мәселелені жеке сот орындаушылардың қызметіне түбегейлі реформа енгізу арқылы шешуге болатынын айтады.
– Сот орындаушыларды жекеге ауыстыру арқылы мемлекет сот актілерінің сапалы және жедел орындалатынына сенім артты. Сондай-ақ сот актілерін орындау бойынша арыз-шағымды азайту, қазына қаржысынан шығынды азайту сынды мақсаттар алға қойылған. Алайда жеке сот орындаушылар институтының құрылуымен сапа жақсармады.
Жеке сот орындаушылары сот актілерін орындау арқылы табыс тапқысы келетіні түсінікті. Бірақ ол ең әуелі ол мемлекеттің мүддесін ескеру керек. Ақшаның соңына түскен сот орындаушылары сот билігінің беделіне кері әсер етеді. Тіпті бұл қызметті 90-жылдардағы қылмыстық топтардың әдіс-тәсілдерін қолданатындардың да атқарып жүргені жасырын емес.
Франция немесе АҚШ-тың тәжірибесіне қарасақ оларда жеке сот орындаушылар механизмі өте жақсы жұмыс істейді. Ресейде де тараптар сот шешімімен келіспеген жағдайда физикалық қорғау институтының көмегіне жүгіне алады. Себебі оларда заңның үстемдігі мен адам құқығы басты орында. Ал бізде бұл жағы ақсап тұр.
Оның салдарынан бізде тұтас сот жүйесіне деген сенім жоғалып, адамдар өзін қорғансыз сезінеді, – дейді сарапшы.
Осы орайда заңгер жеке сот орындаушыларын қайтадан мемлекеттік ету арқылы оларға қатаң талап қоюға болатынын айтады.
– Бүгінде жеке сот орындаушылар саласы кәсіпкерлікке айналды. Олар шағын несие ұйымдарымен бірге жасайды. Мұнда алаяқтық пен жемқорлық әрекеттері байқалады.
Сондықтан мен жеке сот орындаушыларын мемлекеттік ету арқылы саланы қатаң тәртіпке шақыруға болатынын қайталап айтамын. Сала толығымен мемлекеттік жүйеге айналған кезде оны бақылау механизмі жүзеге асады. Сонымен қатар жеке орындаушыларында мемлекеттік қызметкерлер сияқты жауапкершілік пайда болады. Көп жағдайда адам құқығына көз жұма қарайтын жеке сот орындаушылары мен банктік қаржылық бақылау жүйесіне талап күшейту керек, – дейді заңгер.