Шымкентте өгей ұлын өлтірді деген жігіт туралы сұмдық жайт анықталды
Шымкентте «азанды дұрыс шақырмадың» деп бес жасар өгей баласын ұрып өлтірді деген күдікпен 22 жастағы азамат ұсталды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде шымкенттік өгей әкенің «Құптан» намазы кезіндегі азанды дұрыс шақырмадың деп ұлын аяусыз соққыға алып, салдарынан 5 жастағы бүлдіршіннің ауруханада көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
Полицейлер аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, кінәлі адамға, дәрменсіз күйде екені белгілі адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан», яғни, 106 баптың 3-тармағы бойынша іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер бүлдіршіннің өліміне кінәлі ретінде өгей әкесінің күдікке ілінгенін мәлімдеді.
22 жастағы ер азамат құрықталып, уақытша ұстау абақтысына жеткізілген.