Бір көзден берілген миллиардтарды беймәлім компания қайда жұмсаған?

0

Білім және ғылым министрлігі Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің бұрынғы директоры Анар Қайырбекованың министр Асхат Аймағамбетов пен министрліктің өзге де лауазымды қызметкерлері туралы айтқан айыптау мәлімдемелері бұған дейін бірнеше рет жарияланған болатын. Ал, оның соңғы мәлімдемесі «USTAZ Professional Learning Centre» компаниясына қатысты болды. Экс-директордың айтуынша, аталған компания 2017 жылдан бері БҒМ-нен миллиардтаған теңге тапсырысты бір көзден алып келген. Бірақ биыл бұл компанияға мемтапсырыс бұйырмаған деп хабарлайды Азаттық рухы тілшісі.

Қайырбекованың бұл мәлімдемесінің рас-өтірігін құзырлы органдар ажырата жатар. Жала жапса жауапқа тартылуы тиіс. Ал, біз «USTAZ Professional Learning Centre» компаниясының қандай тапсырыстарды орындап, бюджетке қанша салық төлегенін анықтап көрдік.

«Білім және ғылым министрлігі 2017 жылдан бастап химия, биология, физика, информатика пәні мұғалімдерін ағылшын тіліне үйрету үшін кәсіби білігі жоқ университет пен институттарға қыруар қаражат бөліп отыр. Бұл міндетті тіпті, «USTAZ Professional Learning Centre» деп аталатын жеке компания атқарып келген. 2017-2020 жылдары министрлік пен аталған жекеменшік компания арасында «бір көзден» қағидасы бойынша 6,7 млрд теңгеге келісім жасалған. Бұл бөлінген қомақты қаражаттың басы ғана.

А.Аймағамбетов 2017 жылдың тамыз айында Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды. Бұл қызметтен 2019 жылы босатылды. Ал, 2019 жылдың маусым айында министрлікті басқаруға қайта келді. Аймағамбетов вице-министрліктен кеткен кезден бастап «USTAZ Professional Learning Centre» қаржыландыру тоқтатылды. Ал қайтып келген кезде, аталған жеке компанияға қаражат легі ағыла бастады. 2019 жылы бұл компанияның табысы 3,4 млрд теңге болды», – дейді Анар Қайырбекова.

Қайырбекованың сөзі қаншалықты шындыққа жанасады? Оны анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталынан «USTAZ Professional Learning Centre» қатысты барлық мәліметтерді тексеріп көрдік.

Аталған компания 2017 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінен тапсырып алып отырумен қатар, бірнеше облыстың Білім басқармаларынан жобалар алып, жүзеге асырып келген. Тапсырыстың бәрі аталған компанияға бір көзден берілген.

Мысалы, бұл компания 2017-2020 жылдар аралығында республикадағы облыстық білім басқармаларынан 50 млн 603 мың теңгеге жоба жүргізген. Аталған мерзімде Білім және ғылым министрлігінен 5 млрд 482 млн 819 мың теңге алыпты. 2017 жылдан бастап былтырға дейін компанияға жалпы алғанда 5 млрд 533 млн 423 мың теңге аударылған.

 «USTAZ Professional Learning Centre» компаниясы ұтқан тендер сомасы:

Салықтық түсім:

Яғни, 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін компаняның айтарлықтай табыс тапқанын көруге болады.

Жұмысы өрге басқан компанияның 5 жылда 4 рет басшысы ауысқан екен. 2016 — 2017 жылы – Әлімжан Игенбаев, 2017 жылы – Нұрболат Базарбаев, 2018 – 2019 жылы – Айдос Бекмұсаев,  2020 жылы Алмас Мұқанов «USTAZ Professional Learning Centre» компаниясының бас директоры қызметін атқарып келген.

Әділін айту керек, биыл «USTAZ Professional Learning Centre-ге» ешқандай мемтапсырыс бұйырмапты.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан