Нарынқолда Мұқағали ескерткіші ашылды
Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Мелекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Хантәңірі мұзбалағының туған жері Қарасазда болып, ауыл тұрғындарымен кездесті, сол сияқты музейге ақынның қобызын тапсырды. Осы күні Нарынқол ауылында 50 отбасына жаңа үйлердің кілті тапсырылды. Орталық алаңда алып тұлғаның еңселі ескерткіші ашылды. Мерейтойлық шараларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Парламент депутаттары, ел зиялылары және аудан жұртшылығы қатысты, — деп хабарлайды kznews.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерейтойлық шараның мән-маңызына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде кеңінен тоқталды. «Мұқағали — жырдың асыл қазынасы. Ол — өткен мен жаңаның арасын жалғаған алтын көпір. Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалуда. Бүгінгі той құтты болсын. Халқымыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай көрікті болсын», — деген Қырымбек Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып, табыстады.
Парламент депутаты, ақын Мақпал Мыса, Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев ақын рухына арнап өз өлеңдерін оқыды. Бұдан әрі мерейтой Орталық алаңда ақынның сөзіне жазылған әндердің Гала концертімен жалғасты.
Атап өтсек, ескерткішті дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 миллион теңге жұмсалды. Жұмысты мердігер ұйым «Тайқазан» ЖШС атқарды. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғыры граниттен дайындалған. Жалпы ескерткіштің биіктігі — 8,2 метр, авторы — сәулетші А.Рүстембеков, мүсіншісі — Қ.Кәкімов.