МЕН МӘЖІЛІСТЕ ТҮРІКШЕ СӨЙЛЕСЕМ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?
ПЛАТОНОВ ҚАЗАҚША, ДӘНДІБАЕВ ОРЫСША СӨЙЛЕГЕН МӘЖІЛІС
Өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысына келген ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев заң жобасын талқылауда депутат Дархан Мыңбайдың қазақша сұрағына орысша жауап берді. Кейбір депутаттар сұрағына ғана шала қазақша жауап берді. Онысын түсінуге тырыстық.
Ал Мәжіліс депутаты, белгілі тележурналист Артур Платонов осы заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы қазақша жасады. Бір қуантарлығы, Арекеңнің қазақшасы вице-министрдің қазақшасынан жақсы шықты. Мен бұл ойымды айтып, Артур Станиславұлына алғысымды жазып жібердім. Сөйтсем, Мәжілісте үнемі тек мемлекеттік тілде сөйлетін депутат Наталья Дементьева да тура осындай пікір айтыпты оған.
Иә, Артур Платоновтың мемлекеттік тілде сөйлеуі көп депутаттар мен министрлік басшыларына, тіпті үнемі өзге мемлекеттің тілінде сөйлейтін өзіміздің қазақ депутаттарға да үлгі болды. Алғысыма рахмет айтуға кабинетіме іздеп келген Арекеңе: «Енді депутаттық сауалды да қазақша жасаңыз» дедім қолын алып. Арекең соған ұмтылып жүргенін айтты. Кезінде әлемдегі елдер бір-бірін қырып жатқан заманда, қиын-қыстауда қаншама халықты дархан даласындай кең құшағына қысып, бір тілім нанын бөліп беріп, аман алып қалған бейбітшіл қазақ халқының ерлігі мен мейірімділіне ризашылығы ретінде күшті фильм жасаған Артур Станиславұлына табыс тіледім.
Артур Платонов туралы айтқанда, елімізде түңғыш рет 2012 жылы 30 қазанда ҚР Журналисінің этикалық Кодексі» қабылданған талқылау еске түседі. Сонда мен Кодекстің “Кәсіби парыз” атты 1-ші бабына “ҰЛТТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ сақтау” талабын екі рет дауысқа салып жүріп енгізіп едім. Менің ұсынысымды қолдап, дауыс бергендердің алдыңғы қатарында тележурналист Артур Платонов болды. Ал сол кезде де бұл бапқа басқа- басқа емес, өзіміз, мемлекет мүддесіне (ұлттық мүдде деп ұғыңыз) тікелей жауапты, мемлекеттік бюджеттен қаржыланып отырған мемлекеттік басылымдар қарайтын «Нұр медианың» сол кездегі басшысы, ана тілінде сөйлемейтін Ерлан Байжанов жалғыз өзі қарсы шыққан еді…
Өткен аптада ғана Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен жаңа заң жобасының тұсаукесерінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас санитар Ерлан Қиясов та депутаттардың қазақша сұрағына орысша жауап беріп отырды. Менің сұрағыма да, орысша зуылдап бара жатыр еді: «Кешіріңіз вице-министр мырза! Мен сізге мемлекеттік тілде сұрақ қойдым, мемлекеттік тілде жауап беруіңізді талап етемін!»-деп тоқтатып тастауға тура келді. Қазақ парламентіне келген қазақ вице-министрі мен тура бір алыс шетелдің тілінде сұрақ қойғандай қиналып, ақыры кейін жазбаша жауап берейін деп құтылды.
Биыл 3 ақпанда мен «Мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтайтын уақыт жетті» атты «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялайтын жалпы отырыста Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те депутаттардың қазақша сұрақтарына орысша жауап беріп жатқанда, депутат Берік Дүйсембиев ескерту жасап, мен сол кездегі депутаттық сауалыма қосып сынап, ақжолдықтардың аттанымен зорға тоқтатқан едік…
Көктемде Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен білімге байланысты дөңгелек үстелде де вице-министрі Бибігүл Асыловадан бастап, басшылар да, қосшылар да түгелге жуық орыс тілінде сөйлеп, сонда да біздің ескертуімізді алып, баспасөздегі сынымызға ұшыраған болатын.
Мәжілістегі мұндай жағдай аз емес. 2020 жылы 11 наурызда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наринэ Микаелян Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке мемлекеттік тілде бірқатар сұрақтар қойған болатын.Өзге ұлт өкілі, Парламент депутатының мемлекеттік тілдегі сұрағына вице-министр Асхат Оразбек мырза мемлекеттік тілде емес, Ресейдің тілінде жауап бергені өте сорақы жағдай болды… Ойына ештеңе кіріп-шықпай тұрған оның сазайын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин беріп еді. Мемлекеттік тілге байланысты спикерден ескерту алмаған министрлік басшылары аз шығар…
Иә, әділін айта кету керек, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді ресми түрде тек мемлекеттік тілде жүргізеді. Депутаттарға қандай ұлт өкілі болсын, тек қазақ тілінде сөз беріледі. Мәжіліс қабырғасындағы басты экрандағы жазбалар тек мемлекеттік тілде, латын графикасындағы қазақ әліпбиімен жазылады.
Бізден басқа елдерде заң шығарушы орган — парламентте елдің заңын қатаң сақтап, депутаттар да, министрлері де тек мемлекеттік тілде сөйлейді. Өзге мемлекеттің тілінде сөйлеу қылмысқа барабар жәйт. Анау жылы Түркия парламентінде бір депутат сөзінің арасында бір мақалды келтірмек болып, екі сөзді ғана өзге тілде айтқаны үшін мандатынан айрылды. Міне, өзін-өзі сыйлайтын, өзгеге де сыйлата білетін ел!
Ал бізде министрлеріміз мемлекеттік тілдегі сұрақтардың өзіне Ресей тілінде жауап беріп, зуылдап тұра береді.
Тілін қорғай алмаған Қорғаныс басшылары елін қорғай алады дегенге кім сенеді?
Қазақ тілін білмеген Денсаулық саласы басшылары ауырған қазақты қалай емдейді?
Қазақ тілін білмеген білім саласындағылар қазаққа қалай білім бермек?
Мәжіліс комитеттеріндегі, фракциялардағы отырыстарда, жұмыс топтары мен жиындар да мемлекеттің заңын сақтап, мемлекеттік тілде жүріп, басымдық мемлекеттік тілге берілуі тиіс.
Әйтпесе, ПЛАТОНОВ ҚАЗАҚША, ДӘНДІБАЕВ ОРЫСША СӨЙЛЕГЕН МӘЖІЛІСТЕ мен ТҮРІКШЕ немесе ӨЗБЕКШЕ СӨЙЛЕСЕМ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?
«Ақ жол» партиясы фракциясы 2012 жылдан бері көтеріп келе жатқан, былтыр «Қазақ үні» ұлттық порталында бір айда 126 мың адам талап етіп, қол қойған Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбай көрген күніміз осы!?.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты