Әйелдер мен еркектерді бөлек жайғастыру керек пе?
Жалпы, өздерін шынайы мұсылман санайтын елдерде әйел мен еркек мәселесі майшаммен қаралатыны мәлім. Еркектің отбасындағы, сырттағы, жұмыстағы, ортадағы мәртебесі мен әйелдікі кәдімгідей «бекітіліп» қойылған.
Мәселен, мынау өзбек, ұйғыр, түрік сынды халықтарда бұл жағдай көзге бадырайып тұрады. Әрине, бұл ұлттардың мемлекеттері Ислам мемлекеті деген статуста емес. Соған қарамастан, көп елдің халқы Ислам шариғаттарына сай өмір сүру ережелерін түзіп алған. Әйелдің топ еркек арасында отыруы біздің ұлттық таным-түсінікке де жат. Кейде көпшілік жиналған ас, той, жаназа сынды орындарға барғанда қынжылып қайтатыным бар. Неге?
Бізде әйел мен еркек тойда да, жаназада да мидай араласып, бірге жүреді. Ал мынау, көрші өзбектерде бұл жағдай керісінше. Көпшілік жиналатын жерлерде әйел бөлек, еркек бөлек отырады. Жоғарыда сөз еткен өзім білетін басқа ұлттарда да осындай жағдайдың куәсі болдым. Сондайда ойланамын, шіркін, біздің де көпшілік жиналатын дүниелерімізде әркім өз орнын білетіндей етіп өткізілсе. Тойларда еркекпен жарысып арақ ішіп, стақан соғыстырып отырған әйелдерді көргенде күйіп кетемін. Ол аздай, ортаға тебініп шығып, ысқырып, қиқулатып бидің түбін түсіретіндері көрер көзге қандай ерсі. Өзбектердің тойларына қатыстым. Әйелдері бөлек жерде. Өздерімен өздері.
Еркектері сонау тарихтан бастап, бүгінгі саяси дүниелерді сөз етіп, еркетерше әңгіме дүкен құрып отырғаны. Сүйсінесің. Меніңше, біздің елде де осындай нәрселерді қолға алған жөн. Ұлттық болмысымызды сақтаудың бұл да бір жолы деп санаймын. Әрбір әйел еркектің жанындағы орнын білгені жөн. Кейбір әйелдеріміз тойларда құрдасындай қалжыңдасып, еркектердің ортасында есіріп отырады. Сондай сәтте ерке пен әйелдің жайғасу орындарын белгілеу керек деп күйініп кетемін.
Бағдат САПАРӘЛІ, зейнеткер, Түркістан облысынан.