Президентке дат: Тәшеновке «Халық қаһарманы» атағы берілсін!

0

Бір топ зиялы қауым өкілі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы хат жазды деп хабарлайды kznews.kz сайты abai.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Құрметті жазушысы Мыңбай Рәш, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы, тарихшы, аудармашы Уахап Қыдырханұлы, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы, аудармашы Ғаббас Қабышұлы қол қойған хатта белгілі ғалым Шаһмардан Есеновтың атын елорадағы алаңдардың,  көшелердің немесе жоғары оқу орындарының біріне беру туралы да айтылған.

«Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.К.ТОҚАЕВ мырзаға хат

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаған Алаш Азаматтарының аруағы ардақтала бастағанына, республика астанасында жарасымды ескерткіштері орнатылып жатқанына бек қуаныштымыз!

Ұр да жық Хрущевтың пасық пиғылына жанпидалықпен қарсы тұрып, «Тың өлкемізді» Ресейге бергізбей, қазақ жерін алдағы уақытта бөлшектелу қаупінен аман сақтап қалған ұлы тұлға Жұмабек Тәшенев ағамызға Елордада ескерткіш қойылғанын естіп, көріп және бір шаттандық!

Осы орайда жазылған бұл хатымыз – Жұмабек Тәшенев марқұмға «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағын беру әбден жөн болар еді деген тілегіміз.

Қазақтың Жұмабек Тәшеневтен аяры болмаса керек! Сіздің қолдайтыныңызға сенімдіміз!

Екінші жәйт: Хрущевтың Маңғыстауды Түрікменстанға беруіне қаймықпай қарсы шығып, дайындалған құжатқа қол қоймаған Шаһмардан Есенев марқұмның атын Елораның көрнекті бір алаңына, көшесіне немесе Жоғары оқу орындарының біріне беруді де ескеріңіз!», делінген хатта.