АҚШ аймаққа ықпал ету үшін Қазақстан және Өзбекстанмен одақтасады – Сарапшы

0

kznews.kz ақпараттық агенттігі Азаттық радиосының шет елдік баспасөзге шолуын ұсынады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ ОҒАН ТАЛАСҚАН «ШЕТ ДЕРЖАВАЛАР»

Америкалық ықпалды басылым National Interest Ауғанстандағы өзгерістерден кейін Батыс елдері Орталық Азия аймағына ерекше көңіл бөліп, оған ықпалын күшейтуге әрекет етуі керек деген ой айтады. Мақала авторы, сарапшы Барак Синер «Нашар ұйымдастырылып, нашар жүргізілген Ауғанстаннан әскер шығару операциясынан кейін Батыс Орталық Азияның маңызды сауда жолдары мен белсенді нарықтарды шет державаларға беріп қоймайтын аймақтық стратегия жасауы қажет» деп санайды.

«Ауғанстаннан шегінген АҚШ пен Еуропа тәліптерді ысырып, бүкіл аймаққа ықпал ету үшін Қазақстан және соңғы кездері [белсенді бола бастаған] Өзбекстан сияқты одақтастарды іздеп, Қытай мен Ресейдің Орталық Азияға ықпалын азайтуға тырысады».

Автордың жазуынша, «Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда әсери базасын сақтау арқылы Ресей Орталық Азиядағы қауіпсіздік мүддесін жақсы қорғап отыр, ал Қытай Таяу Шығыс, Орталық Азия және Еуропамен сауда қақпасы ретінде Ауғанстанды пайдаланғысы келеді. Сондай-ақ Қытай Қазақстанды «белдіктің» «айылбасы» деп атап, «Бір белдеу – бір жол» жобасымен Еуразия құрлығы арқылы «Pax Sinica» (Қытайға негізделген әлемдік жүйе – ред.) қалыптастыруға тырысады».

Державалардың Орталық Азияға ұмтылуын айта келе автор геосаясаттың белгілі теоретигі Халфорд Маккиндердің «хартленд» (жер кіндігі) концепциясын еске салады. Құрамына Орталық Азия да кіретін аса ауқымды аймақ – «хартлендті» «уысында ұстаған ел әлемді бақылайды» деген тұжырым бар.

«Орталық Азияның маңызын еске ала отырып, АҚШ бұл аймақтың және Қазақстанның қауіпсіздік және экономика салаларына инвестиция салуы керек» деп жазады автор.