Кәсіпорын мен колледждің тиімді әріптестігі |

0


Оқылды:
2

Табақтай дипломы болса да, жұмыс таппай сенделіп жүрген жастар көп. Қызыл дипломын құшақтап, базар жағалап кеткен жандарды да көз көрді. Енді, мына бір қызықты қараңыз. Дипломы бар мамандар жұмыссыз жүрсе, ірі кәсіпорындар жұмыс істейтін адам таппай дал болуда. Неге? Сарапшылардың айтуынша, мұның басты себебі – білім ошағы мен кәсіпорын арасындағы байланыстың әлсіздігі. Өнеркәсіп басшылары жұмысқа кәсіби маманды алғысы келеді. Ал, төрт жыл бойы аудиториядан ұзап шықпаған, теория мен тәжірибені сабақтастыра алмаған студенттің бірден бесаспап маман бола қоюы екіталай.

Фото: agmpportal.kz

Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, білім сапасын көтеру мәселесі жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырып. Оны шешудің түрлі жолдары ұсынылды, сынақтан өткізілді. Ең тиімдісі, кәсіпорын мен оқу орындары арасындағы байланысты жандандырып, маман дайындау ісіне бірлесе күш салу екендігі анықталды. Осылайша, өнеркәсіп иелері өздеріне керек маманды студент кезден дайындауға атсалысады.

Биыл Теміртау жоғары политехникалық колледжінің ашылғанына 63 жыл толды. Мерейлі мерекеге орай мамандықтар көрмесі өткізілді, концерттік бағдарлама қойылды. Мерекелік шара аясында оқу орнының басшылығы екі бірдей кәсіпорынмен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

– Меморандумнан күтеріміз мол. Ол студенттердің теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруына, диплом алған соң кедергісіз жұмысқа орналасуына жол ашады. Сәйкесінше, жұмыс берушілер кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға ие болады, – дейді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің директоры Айдар Әбішев.

Алғашқы үш жақты келісім, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, Теміртау жоғары политехникалық колледжі және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарағанды облыстық филиалы арасында жасалды. Келісімге қол қойған тараптар кәсіби маман дайындау, білім беру, қайта даярлау, ғылымизерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, тау-кен өндірісінде жұмыс істейтін мамандарды сертификаттау, елдің кадрлық әлеуетін арттыру ісін жандандыру жолында күш біріктіруге міндеттелді. Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ студенттерді оқу жоспарының аясында өндірістік тәжірибеге қабылдау, Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік заңдарына сай жұмыс шартын дайындап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттемесін алды.

 – Жастар – біздің келешегіміз. Келешек әріптестеріміздің білімді болуына бүгіннен бастап атсалысуымыз қажет. Бізге өз ісін білетін, жауапты азаматтар керек. Сондықтан, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы теміртаулық жастарға білім беру ісіне өз үлесін қосу туралы шешім қабылдады, – дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин.

Компания студенттерді өндірістік тәжірибеге қабылдаумен қатар, Теміртау жоғары политехникалық колледжін оқу ісіне қажетті құрылғылармен және материалдармен қамтамасыз етпек. Егер, кәсіпорында бос жұмыс орны пайда болса, колледж түлектері кәсіби біліміне сай бірден жұмысқа қабылданады.

Біз білімді де білікті маман дайындауға мүдделіміз. Өйткені, кәсіби мамандар қашан да керек. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясымен еңбек келісімшартына отырған студенттер келешекте лауазымды қызметке жоғарылайтындығына сенімдімін. Меморандум аясында студенттер тек жұмыс қана тауып қоймай, металлургтер ұжымына қосылу мүмкіндігін иеленеді, – дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ персонал жөніндегі директор міндетін атқарушы Вера Терешкина.

Келесі меморандум Теміртау жоғары политехникалық колледжі мен «Евразиан Фудс» АҚ арасында жасалды. Келісімнің аясында, колледж студенттері қарағандылық компанияда өндірістік тәжірибеден өтіп, диплом алған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Өз кезегінде, «Евразиан Фудс» компаниясы кәсіби маман тапшылығынан құтылады.

Меморандумға қол қойылған соң, мерекелік концертке кезек берілді. Оған колледж ардагерлері, Елбасының үзеңгілестері, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдері, студенттер қатысты. Мерекелік шараның аясында жыл бойы өзінің белсенділігімен көзге түскен студенттер мен олардың жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»