«14 жасымда тұрмысқа берді, хат танымаймын». Тәліптер режимін көрген екі қазақ әйелдің әңгімесі
«Талибан» қозғалысы (Қазақстанда және бірнеше елде террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған) Ауғанстанды басып алған соң елдегі әйелдердің уайымы көбейді. Тәліптер Ауғанстанды 1996-2001 жылдары билеген кезде әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне, көшеге шығуына тыйым салып, пәренжі киюге мәжбүрлеген. Сол кезде Ауғанстанда өмір сүрген, қазір Қазақстанда тұратын қазақ әйелдердің әңгімесі.
«ТӘЛІПТЕР ҮШІН ӘЙЕЛДІҢ ЕШ ҚҰНЫ ЖОҚ»
Ұлты қазақ 30 жастағы Хабиба Ибрахимның балалық шағы Ауғанстанда «Талибан» режимі тұсында өткен. Хабиба биыл тәліптердің Ауғанстанды қайтадан басып алғанын Қазақстанда отырып естіді. Төрт баланың анасы Хабиба алты жыл бұрын отбасымен бірге Ауғанстанның Құндыз қаласына қарасты Асхалан аулынан Қазақстанға көшіп келген. Қазір Алматы облысы Қарасай ауданында тұрады.
Хабиба тәліптер режимі жайлы айтқанда терең күрсінеді.
– «Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікке келген кезде бес жаста едім. Үйден шықпайтынбыз. Менде балалық шақ болған жоқ. 2001 жылы «Талибан» биліктен кеткенімен, ел ішінде әмірін жүргізіп тұрды. Тәліптерден қорыққан әкем 14 жасымда күйеуге беріп жіберді. Қызды тұрмысқа ерте бермесе тәліптер тартып алып кетеді. Қазақстандағыдай еркін жүре алмаймыз. Бетімізді бүркеп, пәренжі жамылып жүрдік. Жанымызда ер адам болмаса дүкенге бара алмайтынбыз. Күнде атыс-шабыс. Соғыстың астында өстік, – деп еске алады ол өткенін.
Хабиба мен күйеуі хат танымайды, мектепте оқымаған. Ол тәліптер «әйел түгілі ер адамның білім алуына мүмкіндік бермегенін» айтады.
– Әке-шешем кедей адам еді. Ақшадан қиналып өстік. Оқыған жоқпыз. Әріп танымаймыз. Қазір балаларымыз оқитын мектепке шақырады. Бірдеңеге «қол қой» дейді. Қол қоя алмаймыз. Кейде мұғалімдер бізге «балалардың сабағын неге оқытпайсыңдар» деп ұрсады. Қалай оқытамыз, өзіміз хат танымасақ, – дейді Хабиба.
Тәліптер режимін көрген қазақ әйелі қазір кезінде «тығылып болса да неге оқымадым» деп өкінеді. Ол Ауғанстанда ауылды жерде тұратын әйелдің дәрігерге қаралуға мүмкіндігі болмайтынын, көбі үйде босанатынын айтады.
– [Ауғанстанда] қазір де қыздарды айттырып бере береді. Айттырып қойса тәліптер тиіспейді. Әйелдер әлі күнге дейін үйде босанады. Дәрігерге де бара алмайды. Аурухана тек қалаларда бар. Өзім төрт баланы да үйде тудым. Төртеуінің де кіндігін енем кесті. Анда-санда ауырып қалсаңыз ауруханаға тығылып барасың. Тәліптер ұстап алса «Неге бардың?» деп сұраққа алады. Сондықтан бармайтынбыз. Ер адам тамақ тауып келсе жейміз, таппаса аш отыратын едік, – дейді ол өткен күндерін еске алып.
Қазір Хабиба Қаскелең қаласындағы тігін цехтарының бірінде аспаз болып жұмыс істеп жүр. Сөз арасында айына 25-40 мың теңге (шамамен 58-95 доллар) аралығында ақы алатын айтып қалды. Қазір бесінші баласына аяғы ауыр.
– Егер Ауғанстанда тұрсам, бұл да жоқ еді ғой, – деді риза кейіппен.
Ауғанстанда Хабибаның екі абысыны қалған. Екеуінің де мектеп жасындағы балалары барын айтқан келіншек «балалар да біз сияқты оқи алмай қалады ғой» деп уайымдайды. Алматы облысында тұратын әйел өз қыздарының мектепте білім алып жүргеніне шүкіршілік етеді.
– Тәліптер үшін әйелдің еш құны жоқ. Әйел – олар үшін бала табушы және оны бағушы ғана, – дейді ол.
Тәліптердің «әйел құқығын сақтаймыз» деген уәдесіне құқық қорғаушылар сенбейді
«ӘЙЕЛ БАЛА ТУЫП, МАЛҒА ҚАРАЙДЫ»
Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылында тұратын 33 жастағы Мүмина Абдурахман Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында туып-өскен. Тәліптер режимін көзімен көрген Мүминаның айтуынша, 19 жасында өзінен 30 жас үлкен ер адамға тоқал етіп берген. Күйеуімен бес жыл тұрып, 24 жасында жесір қалған. Бірақ ұлты қазақ күйеуі көзі тірісінде екі әйелі мен балаларын атамекенге – Қазақстанға алып келген.
– Қазір күйеуімнің бірінші әйелімен бірге тұрып жатырмыз. Менен ешкім «Мына адамға тұрмысқа шығасың ба?» деп сұраған жоқ. Ол кісіні [тұрмысқа шығардан] бұрын көрген де жоқпын. Әкем айтты, бітті. Мен үнсіз көндім. Ол жақта сенің рұқсатың ешкімге керек емес, – дейді ол.
Мүмина қазір үш баласын – екі қыз, бір ұлын тәрбиелеп отыр. Өзі жазу-сызу білмейтінін, санай алмайтынын айтады.
– Ауғанстанда ақшасы барлар жас қыздарды үшінші, төртінші, тіпті бесінші әйел қылып та ала береді. Мені де ақшаға сатты. Ажырасып кетуге болмайды. Кетіп қалсаң тәліптер қайтадан алып келіп қосады. Күйеуің жынды болса да, сонымен өлгенше тұруың керек. Әйелдің қолынан ештеңе келмейді. Күйеуге тиді, бала тапты. Үйдің жұмысын істейді, малға қарайды, – дейді Мүмина.
Ауғанстандағы жұпыны тірлік, құқығы шектелген әйелдердің өмірі мен «Талибан» қозғалысының билікке келуі туралы әңгімелеген кезде Мүмина қайта-қайта шүкіршілік етіп, «қыздарым олардың бірін де көрмейді» дей берді.
– Екі қызым да бой жетіп келеді. Аллаға тәуба, мектепте оқып жүр. Егер Ауғанстанда болса осы күнде үлкен қызды айттырып қоятын едік. Мектеп дегенді білмей өтер еді. Бізді Қазақстанға алып келгені үшін күйеуіме алғыс айтамын. Аруағы риза болсын, – дейді ол.
Мүмина мен Хабибаның балалары Қазақстан азаматтығын алған, бірақ өздері қолындағы құжаты толық болмағандықтан бірнеше жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Қазір екеуі Қазақстанда бес жыл бұрын алған «оралман куәлігімен» тұрып жатыр.
Мүмина Қазақстан азаматтығын ала алмаса да, мұндағы өміріне қанағат қылады. «Мұнда қайыр сұрасаң да өмір сүресің ғой. Ол жақта аштан өліп бара жатсаң да ешкім аузыңа су тамызбайды» деп өз-өзіне дем береді.
«Талибан» режимі 1996-2001 жылдары Ауғанстанды басқарған кезде шариғат заңдарына сүйеніп, әйелдер мен қыздарға көп шектеу қойған. Тәліптер әйелге пәренжі киюді міндеттеп, 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруын шектеген. Әйелдердің ер адамсыз көшеге шығуына да тыйым салған.
Бұдан бөлек, «Талибан» ұрлық жасаған адамың қолын кесіп, кісі өлтірді деп күдікке ілінгендерді, жұбайының көзіне шөп салды деп айыпталғандарды ешқандай сотсыз өлім жазасына кесіп, үкімді жұрттың көзінше орындаған. Ер адамды сақал қоюға мәжбүрлеген.
2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі террор шабуылынан кейін АҚШ тәліптер осы шабуылды ұйымдастырған «Әл-Қаида» террорлық ұйымының жетекшісі Усама бен Ладенді жасырып отыр деп Ауғанстанға кірген. Америка әскері Ауғанстанға кірген соң «Талибан» биліктен кеткен, бірақ кейінгі 20 жылда ұрысты тоқтатпаған еді.
Биыл мамырда АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкете бастағанда тәліптер қайта күш алып, бірнеше айдың ішінде елді жаулап, билікті қайта қолына алды. Ауған жұрты тәліптер қатаң ережелерін қайта енгізеді деп қауіптеніп, елден кетуге әрекеттеніп жатыр. Тәліптер әйелдердің жұмыс істеуіне, көшеге шығуына «ислам ережелеріне сай» рұқсат етеміз деп бірнеше рет айтса да, сарапшылар олардың бұл сөзіне сенбейді.
Дарға асу, қол кесу, бурка кию. Жұрт тәліптерден неге қорқады?