«Индрайверге» таксиіне тапсырыс берген: Оралда жас қызды екі ер адам зорлап кеткен

0

Оралда қыз зорлады деген күдікпен екі тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, қазіргі кезде ҚР ҚК 120-бабы 2-бөлігіне (зорлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Оның айтуынша, биылғы 8 тамызда 26 жастағы қыз полицияға жүгініп, өзін зорлап кеткені жөнінде арыз берген.

Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, «Индрайвер» таксиіне тапсырыс берген кезде екі ер адам келген. Ештеңеге күдіктенбеген ол көлікке мінгеннен кейін жүргізуші бағытты өзгертіп, қала шетіндегі құс фабрикасы ауданына барған. Сол жерде қасындағы жолаушысы екеуі күш көрсетіп, қызбен жыныстық қатынасқа түскен.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Орал қаласының 1993 және 1995 жылғы тұрғындары анықталды. Іс бойынша бірқатар сараптамалар жасалып, қажетті тергеу амалдары жүргізілді. Геномдық сараптаманың ұзақ уақыт алатыны белгілі. Күні бүгін қорытынды алынды, дәлелдемелер жеткілікті. Соған сәйкес аталған қос тұрғын уақытша ұстау изоляторына қамалды. Толық ақпарат тергеу амалдары аяқталғаннан кейін берілетін болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан 70 жастағы жүргізуші қаза тапқанын жазған болатынбыз.