Кабулдан Алматыға 100-ге жуық адам әкелінді
Қауіпсіздік мақсатында БҰҰ-ның 100-ге жуық қызметкері Кабулдан Алматыға қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылады. Бұл туралы 18 тамыз, сәрсенбіде БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик брифингте айтты.
«Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады.
Бүгін, 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. СІМ Алматы Әкімдігі, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдауда. Келген қызметкерлер халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері болып табылады.
Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп күтілуде.
Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығыстары толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады» деп жазды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі.