«Қазақта Тұрсынбек біреу ғана»: Өнер майталмандары Қабатовқа қолдау білдірді
«Talim TV» телеарнасының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхаммеджан Тазабек басы дауға қалған Тұрсынбек Қабатовқа қолдау білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.
Ол әзілдің сәні кеткен заманда елдің езу жимай күлуіне себеп болып жүрген Тұрсынбектің жеке басына тиіспеуді өтінді. Ал заң алдында айыпты болса, ол үшін өзі жауап берер, деп қысқа қайырды.
«Онсыз да әзілдің әрі кетіп, қалжыңның дәмі кетіп, күлмеске күліп, мәнсізге мәз болып жатқан заманда Тұрсынбектің сағы сынбай, алдымызда аман жүргені керек-ақ.
Қателік болса түзелер, заңсыздық болса, айыпталар, бір-ақ өздеріңіз бата берген, тапқыр сөзіне таңдай қаққан, ұтқыр сөзін ұйып тыңдаған азаматтың жеке басына, ар-ұжданына кірмеу — кісіліктің белгісі”, – деп жазды айтыскер ақын.
Мұхаммеджан Тазабек оқырмандарының арасында парасатты адамдардың көп екеніне сенім арта отырып, Тұрсынбекті жерден алып, жерге салмауды сұрады.
“Кісіні табаласаң өзің соған ұрынасың, досыңа күлсең басыңа келеді” деген қағиданы ту еткен, бабалардың ұрпағымыз.
Кейде бір адамның жолы болып, жұрттан оза шапқанының өзі — талай таяқ жеуіне, кешірім көрмей, керісінше аяусыздыққа ұшырауына себеп болады.
Әрқайсымыз “баламыз елдің алдында жүрсін, табысы ешкімнен кем болмасын, аузында жұрт жаттайтын сөзі болсын” деп, тілеп жатамыз.
Бірақ, сондай бір ұл сөзге ілінсе, төрден жерге, жерден көрге тыққанша тыншымай ізіне түсеміз…” – деп жалғады сөзін қоғам қайраткері.
Мұхаммеджан Тазабек халық рухын ғайбат пен өсектен пәк ұстайтын заман қашан туар екен деп күйінді.
“Ірі қазақтың майдаланбаған ұрпақтары аман болсын! Баршаңызға Алланың нұры жаусын!
Мен Тұрсынбектің қазақ руханиятына талай пайда келтіріп, ертең-ақ елдің арқа сүйеп, ақыл сұрайтын ақсақалына айналатынына сенемін!» — деп жазба қалдырды ол Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ, актер Әділ Ахметов те әріптесіне қолдау білдірді.
«Қандай жағдай болмасын, Тұрсынбек бауырымыз мен үшін әрқашанда өз биігінде. Әр қазақ менің жалғызым. Қазақта Тұрсынбек біреу ғана», — деп жазды ол.
Мәдина Сәдуақасова болса түнгі ойларымен бөлісіп: «Тұрсынбек құрдасым, Құдай ау не болып жатыр екен?» — деп актер үшін уайымдап отырғанын білдірді.
Айта кетейік, Қабатов қызының орнына ҰБТ тапсыруға өзге қызды кіргізді деген ақпарат тарады. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Одан кейін Қабатовтың өзі атышулы іске қатысты жауап берді.