Әңгіме: Константин Паустовский | Назды қоңыр даусым жетсін өзіңе
Ол күнде кешқұрым дуал сыртынан әйел әнін тыңдайды, сөйтіп «махаббат зары» жайлы тағы бір романс жадында сақталып қалады.
Ол қайғылы әнді шырқай салған әйелді көргісі келеді. Қыздармен бірге крокет ойнап, айғай сап, ағаш допты соққанда сонау темір жол жиегінен бір-ақ шығаратын гимназисттерді көргісі келеді. Ол балконда отырып, таза стақаннан шай ішкісі келеді. қасықпен лимон езіп, сол қасықтан сағыздай созылып сары өрік шырынының аққанына бей-жай қарап отырғысы келеді. Ол ойына не келсе, соны істеуге, жадырап күлуге құштар, жасырынбақ ойнап, түн жарымға дейін өлең айтуға құштар, аяғын аршындап басып, цензура тыйым салған «Төрт күп» деген әңгімені жазған жазушы Гаршин туралы гимназистердің әсерлі сөзін естуге құштар. Ол он салған әйелдің көзіне байыптап қарағысы келеді — ән шырқаған адамның көзі жұмулы тұрса да, бір мұңлы сезімге толы болады ғой.
Бірақ, Левитан кембағал кедей, тіпті оны қайыршы десе де болғандай еді. Торкөз педжагі әбден тозған. Және өзіне кішірейіп те қалған-ды. Оның майлы бояуға баттасқан қолы құтанның сирағындай болып, жеңінен сорайып шығып тұрады. Левитан ала жаздай жалаң аяқ жүреді. Осы сиқымен ол көңілін кірбің шалмаған саяжайлықтарға қалай көрінсін!
Сонымен Левитан өзінен-өзі қорынып, бой тасалап жүрді. Қайыққа отырып, саяжай маңындағы қарасуға өскен ну қамысқа сіңіп кетеді де, этюдтер жазады — қайықта оған ешкім бөгет болмайтын.
Орманға немесе жазық далаға барып. этюд жазу қатерлірек. Мұнда тосыннан қайың саясында Альбовтың кітабын оқып жатқан сәнқой бикештердің алабажақ қолшатырларының үстінен шығасың, болмаса, балаларды шүпірлете ертіп алып, мекиен тауықтай қыт-қыттап жүрген гувернанткамен кездесіп қаласың. Ал, кедейлікке мұрнын шүйіруге келгенде гувернанткалар алдына жан салмайды.
Левитан саяжайлықтардан жасырынып, түнде он салатын әйелді аңсап, этюдтер жазып жүріп жатты. «Өз үйі — орман төсегінде», сурет пен мүсіндеу училищесінде Саврасовтың әлі Кородай даңқты суретші боласың дегенiн, ал ең жақын дос-жарандары — ағайынды Коровиндер мен Николай Чеховтың оның суреттерін көрген сайып, шынайы орыс пейзажының тамаша сұлулығы жайлы өзара айтысып-тартысып жататынын ол ұмытып та кетті. Жыртылған жеңі мен тесілген ұлтанынан қорынып жүргенде болашақ Коро болам деген арманы ғайып болады. Сол жазда Левитан далада көп сурет салды. Саврасов та солай деген. Өткен көктемде бір күні Мясницкая көшесіндегі шеберханаға мас болып келген Саврасов әлдекімге ашуланып, шаң-тозаң басқан терезені сындырам деп қолын жаралап алған.
Нені жазып жатырсыңдар! — деп айқай салды ол жыламсырап, кір-кір бет орамалымен қолының қанын сүртіп жатып, — темекі түтінін бе! Күл-қоқысты ма? Былжыраған батпақтарды ма?
Сынған терезеден ашық аспанда маңып бара жатқан ақша бұлт көрініп тұр, күміс күмбездерге күн шағылысып, мың құбылады, шешек төккен бақбақ үпелектері бұрқырай ұшады — со кезде күллі Мәскеу аулаларын бақбақ басып кеткен еді.
— Күн шұғыласын холстқа түсіріңдер, түге, — дейді Саврасов әуліккенде, есіктен кәрі күзетші — «жын соққан» келіп, жақтырмай қарап тұрған. — Ауыздарың аңқиып жүріп, көктем шуағын көрмейсіңдер! Қар еріп, жылға-жылғаны қуалап, сылдырай ағып кетті, сендердің холстарына мен соны неге көрмеймін? Жөке ағашы жапырағын жамыратты, жаңбырдың мөлдірлігі сондай, аспаннан су емес, тап бір күміс жауғандай — осынау ғажап құбылыстар қайда сендердің холстарыңда? Ұят, масқара!
Осы бір қатты сөзден кейін-ақ, Левитан далада жұмыс істей бастаған. Әуелгі кезде жаңа бояуларға көзі үйренуі қиын болды. Темекі түтіні басқан бөлмелерде ашық та айқын көрінетін сурет далаға шыққанда бір түрлі семіп, күңгірт тартады екен.
Левитан өз суреттерін әрбір тал шөп пен дірілдеген жапырақты, мая-мая пішенді аялап, қоршап тұратын мөлдір ауаны көзбен көріп, көңілмен сезетіндей етіп салуға тырысты. Төңіректің бәрі бір көгілдір мұнарға бөгіп, маужырап тұрғандай. Левитан осы бір мұнарды ауа дейді. Бірақ ол біз білетін ауа емес еді. Біз ауамен тыныстаймыз, оның иісін, ыстық-суығын сеземіз. Ал Левитан болса. оны шетсіз-шексіз мөлдір тұңғиық дүние ғып бейнелейді, осы бір мөлдір мұнар оның суреттеріне жібек самалдай майда, ғажайып бір сұлулық бергендей еді.
Жаз өтті. Бейтаныс әйелдің әні де сирек естілетін болды. Бір күні ымыртта Левитан өз үйінің қақпасы алдынан жас әйелді жолықтырды. Оның сүйріктей саусақтары қара шілтер астынан ағарып көрінеді. Көйлегінің жеңі қара шілтермен көмкерілген екен. Аспанды түбіттей ұшпа бұлт жайлаған. Жаңбыр сіркіреп тұр. Үй іргесіндегі баудан ашқылтым гүл иісі келеді. Темір жол бойында шамдар жағылды.
Бейтаныс әйел қақпа алдында, кішкентай қолшатырын аша алмай, әуре болып жатыр екен. Ақырында, ашылды-ау, әйтеуір, со замат жаңбыр жібек қолшатырдың төбесін тырс-тырс шерте жөнелді. Әйел жайымен станцияға қарай жүре берді. Левитан әйел жүзін көре алмады — оны шатыр тасалап қалған еді. Левитанның жүзін ол да көре алмады, тек оның күс басқан аяғына ғана көзі түсті. Левитанға тимесін деп ол қолшатырын көтеріңкіреп ұстады. Алагеуім бейуақта жігіт ағараңдаған әйел жүзін ғана байқады. Ол бұған әрі таныс, әрі сұлу болып көрінді.
Левитан күркесіне келіп, жатып қалды. Шырағдан пышырлап жанады, жаңбыр тысырлап, жауып тұр, станция жақтан мастардың барқыраған даусы келеді. Міне, осы сәттен бастап, ана мейірімін, апа мейірімін, әйел махаббатын аңсаған бір мұңлы сезім Левитанның жүрегіне ұрлана кірді де, өмірінің ақырғы сағаттарына дейін ұялап қалды.
Сол жылы күзде Левитан «Сокольникидегі күз күні» деген сурет салды. Бұл көңілсіз күз бейнесін салған бірінші картинасы еді, сол кездегі орыс өмірі сияқты, Левитанның өз өмірі сияқты, мұңлы күз холстан жұмсақ самалдай есіп, көрермендер көңілін елжіретіп жіберетін.
Сокольники бауындағы жолмен, аткөпір болып саудырай түскен жапырақты кешіп, қара киінген жас әйел келеді. Даусы Левитанның құлағынан кетпей қойған баяғы бейтаныс әйел. «Назды қоңыр даусым жетсін өзіңе…» Ол меңіреу, күзгі тоғайдың ішінде жападан-жалғыз, осы бір жалғыздық оны қалың ойға шомған мұңлы жан етіп көрсетеді.
«Сокольникидегі күз күні» — Левитанның кісі көрінетін жалғыз пейзажы, ал сол адамның өзін салған да Николай Чехов еді. Осыдан кейін суретшінің картиналарынан кісі қарасы көрінген емес. Адам орнын ормандар мен егіндіктер, тұман тұтқан жайылма су мен Ресейдің жадау-жүдеу үйлері басты, со бір заманда адам атаулы қандай жалғыз, үнсіз де тілсіз болса, үйлер де сондай жетім, меңіреу, мылқау еді-ау.
Сурет пен мүсіндеу училищесіндегі оқу мерзімі де бітті. Левитан ең соңғы диплом жұмысында бұлтты күнді, егісті, орылған егін шөмелелерін бейнеледі.
Саврасов суретті көзімен бір шолып шықты да, оның сыртына бормен: «Үлкен күміс медаль» деп жазды.
Училище оқытушылары Саврасовтан именетін. Үнемі масаң жүретін, шалдуар мінезді Саврасов шәкірттерімен тең адамдай сөйлесетін, ал араққа сылқия тойып алған кездері жұрттың бәрін жоққа шығаратын, абырой-атаққа ие болған суретшілердің көбі қара дүрсін қарағымдар ғой деп өзеурейтін, холсты мөлдір ауа, шалқар кеңістік жайласын деп шарт қоятын.
Саврасовтан ала алмаған өшін оқытушылар оның сүйікті шәкірті Левитаннан алатын. Оның үстіне дарынды еврей баласының кейбір мұғалімдердің шамына тиетіні бар. Олардың ойынша, еврей орыс пейзажына жоламауға тиіс, бұл байырғы орыс суретшілерінің меншігі болмақ керек. Левитанның картинасы медаль алуға лайықсыз деп табылды. Ол суретші атағын да ала алмады, оған тек көркем жазу мұғалімінің дипломы ғана берілді.
Өз заманының ең нәзік сыршыл суретшілерінің бірі, Чеховтың келешек досы, орыс табиғатының ең тұңғыш, арлы жыршыларының бірі осы бір дәйексіз дипломмен өмірге қадам басып еді.
Левитан жаз бойы мекен еткен Максимовка деревнясындағы лашықтың маңдайшасына ағайынды Чеховтар: «Саудагер Исаак Левитанның алыс-беріс кассасы» деген жарнама іліп қойды.
Суретшінің қаннен-қаперсіз еркін өмір сүрсем деген арманы ақырында жүзеге асты. Левитан суретші Николай Чеховпен достасып кетті, Чеховтардың үй-ішімен араласып, үш жыл ұдайы жазда солармен көршілес тұрды. Ол кезде Чеховтар жыл сайын жаз бойы Жаңа Иерусалим түбіндегі Бабкино ауылында болатын.
Чеховтар отбасы шеттерінен дарынды, жүрген жері той-думан, әзілкеш жандар еді. Әзіл-қалжың ертелі-кеш бір толастамайтын. Әрбір болмашы оқиға, мәселенки, балық аулауға барғаны да, орманға саңырауқұлақ теруге шыққаны да көңілді бір көрініске айналып кететін.
Ертеңгілік үстел басына шай ішуге отырғаннан-ақ қисынсыз қызық әңгімелер, тапқыр да ұтымды сөздер, ойын-күлкі басталатын да, ол күн батып, ел орынға отырғанға дейін бір басылмайтын. Біреудің орынсыз қылығын, күлкілі сөзін бәрі табан астыңда қағып алып, таусылмас қалжыңға, ойын-күлкіге айналдыратын.
Жұрттың бәрінен де көбірек тілге тиек болатын Левитан. Оның, кісінің ішек-сілесі қататын небір қисынсыз істеріне айып тағылатын, ақырында, бір күні оны сотқа тартты. Прокурор болып боянып алған Антон Чехов айыптау сөз сөйледі. Оны тыңдағандар ішін басып, көзінен жас аққанша күлді. Николай Чехов әңгүдік куәні бейнеледі. Ол өз сөзіне өзі қайшы келіп, шатаса берді, жоқты-бардан үркіп, қоркақсоқтай берді. Чеховтың «Қаскүнем» деген әңгімесіндегі әлгі қармаққа салдауыр жасаймын деп темір жолдың гайкасын бұрап алатын мұжық бар ғой, тап содан айнымай қалды. Қорғаушы Александр Чехов тақпақ айтқан актердей-ақ лепірме сөзді гөйітіп өте шықты.
Левитан, әсіресе, арабтардан айнымайтын сұлу жүзіне бола, талай рет талқыға түсті. Чехов хаттарында Левитаннын сұлулығын сан рет сөз еткен. «Мен саған Левитан сияқты сұлу болып келермін» деп жазды ол «Ол Левитан сияқты сері еді».
Бірақ, Левитан есімі көркем жігіттің бейнесіндей болып қана қойған жоқ, ол орыс табиғатының өзгеше сұлулығының да бейнесіне айналды. Чехов «левитандау» деген сөз шығарып, оны тапқырлықпен қолданып жүрді.
«Бұл жердің табиғаты сіздің жақпен салыстырғанда, әлдеқайда левитандау ма, қалай» деп жазды бір хатыңда. Тіпті Левитанның суреттерінің өзі сараланып, сұрыпталды — олардың кейбіреулері басқаларына қарағанда, левитандау болып шықты.
Әуелгі кезде бұл әзіл болып көрінгенімен, жүре келе осы бір ойнақы сөздің мағыналы сөз екені айқындалды — ол Орталық Ресей табиғатының жан сүйсінер жақсы қасиетін білдіреді екен, осы өзгеше қасиетті со кездегі суретшілер ішінде тек Левитан ғана полотнаға шебер түсіре білген. Бабкинодағы үйдің жанындағы шалғында кейде бір қызық оқиғалар болады. Ақшам кезінде бәдәуише киінген Левитан кәрі есекке мініп, осы шалғынға келеді. Есегінен түсіп, жүресінен отырып алып, шығысқа қарап аят оқиды. Ол қолын жайып, даусын хирағаттап, Мекке жаққа қарап, басын сәждаға қойып, жығылып жатады. Бұл мұсылманша намаз қайырғаны.
Қолында көне бердаңқасы бар Чехов бұта арасында бұғып отырады, мылтық қағазбен, шүберекпен оқталған. Ол Левитанды көздеп тұрып, шүріппені басып қалады. Шалғын үстінде түтін бүрк ете түскенде, өзендегі көлбақа біткен бақылдай жөнеледі. Левитан жан даусы шығып, мұрттай ұшады. Оны зембілге салып, қолына ескі ұйық кигізіп, бауды айналдыра көтеріп жүреді. Чеховтардан құралған хор дауыс қылып, ойына келген бәле-мәтердің бәрін айтады. Левитан күлкісі келіп, селкілдеп жатады да, біраздан соң шыдамай, орнынан атып тұрып, үйге қарай тұра қашады.
Таң сыз бере, Левитан Антон Павловичпен бірге Истра өзенінен балық аулауға кетеді. Қармақ салуға тоғайлы жарқабақты, ләлек гүлі шешек атқан және жылы суында қызылаяқ батпақшылар қаптап жүретін шүңейттерді таңдап алады. Левитан күбірлеп Тютчевтің өлеңдерін оқиды. Чехов көзін алартып, жайымен кеий бастайды — кейімегенде қайтсін, қармағын қапқан балық кісі даусынан шошып кетеді емес пе.
Левитанның Салтыковкадағы арман еткен крокет ойыны ауыл бағындағы тоғай үстінде қалқыған білезік ай, кешкі шай үстіндегі айтыс-тартыс, жас әйелдердің биязы күлкісі, ұялшақтығы, мадақ сөздері, сүйкімді қылықтары, тоғай үстінде дірілдеген жұлдыздар, беймезгіл шақырған құс даусы, түнгі даланы оятқан арба сықыры, дарынды достардың аралас-құралас жүргені, атақ-даңқтың ауыл-үй қонғаны, өн бойын, жан сарайын жайлаған бір сергектік — бәр-бәрі жүзеге асты.
Жаз күніндей жайдары өмірде сауық-сайран салып жүрсе де өзі көп еңбектенеді. Оның лашығының — бұрынғы тауық қораның дуалдары еденнен төбесіне дейін ілінген этюдтерден көрінбейді. Сырттай қараған көзге мұнда ешбір жаңалық жоқ сияқты: мұғар төбелерден асып барып, жоғалатын баяғы бір таныс жолдар, шоқ-шоқ ормандар, алыс көкжиек, деревня аспанындағы жарық ай, жазық далада шаруа шәркейімен тапталған сүрлеулер, ала бұлт, ақырын аққан өзен.
Холстардан баяғы таныс дүние көрінеді, бірақ осылардың бәрінде айтуға адамның олақ тілі жете бермейтін бір өзгеше қасиет бар. Левитанның картиналарын көргенде сонау алыс заманда өтіп кеткен, бірақ соншалық қызықты балалық шақ еске түскендей жүрек елжіреп сала береді.
Левитан мұңлы пейзаждың суретшісі болды. Адамның қайғылы шағында пейзаж да қайғылы болады. Орыс әдебиеті мен орыстың көркем суреті ғасырлар бойы сұрғылт аспанды, жадау даланы, жапырайған үйлерді жыр етті. «Ресей, сорлы Ресей, сенің жүдеу үйлерің, сенің зарлы әндерің тұңғыш махаббатымның көз жасындай қастерді».
Ұрпақты-ұрпақ қуалап, уақыт өте берді, ал, адам табиғатқа аштықтан қарауытқан бұлдыр көзін қадай берді. Табиғат оған өзінің ащы тағдыры сияқты, бір жапырақ қатқан қара нан сияқты, ащы болып көрінді. Аш адамға қоңыржай үйектің көгілдір аспаны да тұнжыр көрінеді емес пе.
Сөйтіп сары аурудай жайылып, сары уайым жайлаған ғой дүниені. Ол табиғатты бар тамашасынан — құбылмалы нұр-шұғыласынан, ажар-көркінен, ойнақы мінезінен айырып, тас кереңге айналдырған. Ресейдің алуан сырлы ұяң табиғаты жүздеген жылдар бойы жала-пәленің кесірінен бұлыңғыр да дымқыл болып есептелген. Суретшілер мен жазушылар не айтып, не қойғанын байыптамай, оған жаланы жаба берген.
Левитан бар құқығынан, болашағынан жұрдай болған геттоның, Батыс өлкенің — шағын қалалар елінің, құрт аурулы қол өнершілер, қара синагогтар, таршылық торап жайлаған жарлы-жақыбай елінің перзенті еді.
Левитанды өмір бойы құқықсыздық өкшелеп қуды да жүрді. Бүткіл Ресейге даңқы жайылған суретші болса да, 1892 жылы оны Мәскеуден екінші рет айдап шықты. Достары жер аудару туралы жарлықтың күшін жойғызғанға дейін, ол Владимир губерниясында жасырынып жүрді.
Туған халқының, ата-бабасының тарихы қуаныш дегенді білмесе, Левитан да қуаныш дегенді білмеді. Ол Бабкинода еркін ойнап-күлді, қыздар мен бояуларға құмартты: бірақ мен елден аласталған бір ғаріппін ғой, жәбір-жапа шегіп, қорланған нәсілдің сор маңдай ұлымын ғой деген ой көңілінің бір бұрышында шемен болып қатады да жатады.
Кейде осы бір ой Левитанды билеп алады. Сол кезде бір кеселді дертке шалдығады ол. Өз жұмысына көңілі толмаудан, ұшқыр қиялы баяғыда, кесіп-пішіп қойған нәрсені, қолы-көзі қажетті бояуын тауып, кемеліне келтіре алмайды деген ойдан әлгі кеселі күшейе түседі.
Мұндай кезде Левитан елден безіп кетеді. Жұрт оған жау сияқтанып көрінеді. Ол ашушаң, ызақор, дөрекі болып кетеді. Жыны қайнап, картиналарындағы бояуды қырып тастайды, жұрт көзінен жасырынады, Веста деген итін ертіп, аңға шығады, бірақ аң ауламайды, бет алды құла дүз орман кезіп жүргені. Осындай қиын күндерде табиғат қана оны туған бауырындай мәпелейді — ол суретшіні уатады, ананың аялы алақанындай, жұмсақ желімен маңдайынан сипайды. Түнде дала мүлгіп, маужырап жатады, мұндай түндері Левитан адамдардың әңгүдік ақымақтығы мен әуесқойлығынан ада-жұда арылып, сейіліп, серпіліп қалады.
Осындай ұстамалы кеселге душар болған кезде Левитан екі рет өзін-өзі атады, бірақ аман қалады. Екеуінде де оны құтқарған Чехов болатын.
Кеселден айығып, Левитан қайыра ел қатарына қосылады, сурет салады, біреуді сүйеді, біреуге сенеді, әйтеуір, әлгі кесел қайта ұстағанға дейін, жұртпен жақсылы-жаманды қарым-қатынас жасап жүріп жатады.
Чехов Левитанның осы бір мұң-шерін жынданудың басы деп есептейді. Бірақ бұл, бәлкім, өзіне де, өзгеге де қатал талап қоятын ақылды жанның айықпас дерті шығар, кім білген.
Жазғанының бәрі оған дәрменсіздің далбасасы болып көрінеді. Полотноға түскен бояудың тасасынан ол басқа, одан да гөрі ашық, одан да гөрі қанық бояу көреді. Қыркүйек ауасындай мөлдір, сары ала жапырақтар саудырап түсіп жатқан кездегі тоғай сияқты, салтанатты Ресей пейзажын ол фабрикада жасалған киновармен, кобальтпен, кадмиймен емес, соншалық жарқын да айқын бояумен салғысы келеді.
Бірақ оның құса болған көңілі жұмысқа да қолбайлау. Левитан ұзақ уақыт ашық, нұрлы суреттер сала алмай-ақ қойды. Холстары мұнарланып, күңгірт тартады да тұрады, бояуларының қабағы бір ашылмайды. Ол соларды бір жадыратып, күлдіре алмай-ақ кетті.
1886 жылы Левитан тұңғыш рет Мәскеуден оңтүстікке, Қырымға кетеді.
Мәскеуде ол қыстай опера театры ойындарының декорациясын жасады, бұл жұмыстың оған көп пайдасы тиді. Ол бояулар сырына қаныға түсті. Сурет салғанда да еркін көсіледі. Шын шеберге тән қасиеттің кейбір белгілері көріне бастады — ол материалды қалауынша, батыл «өлшеп-пішетін» болды. Көкейкесті ойы мен образдарын айқын бейнелегісі келген адамға мұндай қасиет қажет-ақ. Жазушы сөз саралап, байқағанын-көргенін сұрыптағанда, мүсінші саз бен мәрмәр тасты қолына алғанда, суретші бояулар мен сызықтарға келгенде, батыл болмаса болмайды.
Левитанның оңтүстіктен тапқан ең үлкен олжасы — ашық, жарқын бояу. Қырымда өткен күндер оған жарқырап атқан таңдай, мәңгі сөнбес күндей көрінді, таң атар шақта түні бойы тамылжып тұнып қалған ауа таулы алқаптардағы шалқар қол сияқты мөп-мөлдір боп жалтырап жатады, сонда жапырақтары аунап түскен шық-моншақ қиядан көзге түседі, жартасты жағаға қарап, бірін-бірі қуалап келе жатқан ақжал толқындар көпіршіп, отау-отау болып, ондаған шақырымнан көрінеді.
Күнгей өлкенің шетсіз-шексіз даласы мен ауасы бояулардың «сыр-жырларын» аша түскендей.
Бояудың әміршісі күн екеніне Левитанның көзі осы оңтүстікте ғана айқын жетті. Күн шұғыласында ғажайып суретшілік шабыт бар, ал, күллі орыс табиғатының сұрқайлау болса да, көз қуантатын себебі, ол да сол күн нұрының дәл өзі, бірақ мұнда ол дымқыл ауа мен торғын бұлт шатырынан жерге жұмсарып, көмескіленіп жетеді.
Күн мен қара бояудың басы піспейді. Қара түс — бояу емес, ол бояудың садағасы. Осыны сезген Левитан, Қырымға барып қайтқан соң, өз холстарынан күңгірт түсті қуалап-ақ бақты. Бірақ, бұл көбіне қолынан келе бермеді де.
Сөйтіп суретшінің де талай жылға созылған жарық жолындағы күресі басталды.
Сол кезде Францияда Арлінің жүзім бауларын сап-сары алтынмен бояп кететін алаулаған күн шұғыласын полотноға қайтсем жақсы көрсетем деп, Ван-Гог бейнет кешіп жүрген. Со шамада Монэ Рейм шіркеуінде шағылысқан күн сәулесін зерттеп жүрді. Ол нән шіркеудің алыстан көгілдір мұнарға малынып, жеп-жеңіл боп қалқып тұратынына қайран қалады. Сонда шіркеу тастан емес, мөп-мөлдір ауадан жасалған сияқты болып көрінеді. Көңіл күдігін сейілту үшін, оған тақап келіп, тас қабырғаны қолмен сипап көрмек керек.
Левитан жұмыс істегенде әлі именшек. Ал, француздар еркін, батыл қимылдайды. Жеке бас бостандығы, ежелгі мәдени дәстүр, ақылды жолдас-жоралар ортасы оларға зор демеу еді. Левитан болса, мұның бәрінен де құралақан. Ол қара бастың бостандығы дегенді білген де, сезген де емес. Бостандықты ол тек ой арманынан ғана көреді, со замандары Ресейдің меңіреу де мылқау тірлігіне зығырданы қайнап жүрген кісінің арман деген не теңі. Сол сияқты ақылды, жанашыр жолдас-жоралар ортасы дегеннен де мақрұм.
Оңтүстікке барып қайтқалы бері Левитанның үйреншікті кеселіне шаңқан да шыңылтыр бояулар жөніндегі ойлар, адам тірлігінің әрбір көңілсіз күнін шадыман-шатыққа айналдыратын нұрлы күндер жайындағы ойлар келіп қосылып, жанын жегідей жейді.
Мәскеу күні тұнжыр. Левитан Тверь көшесіндегі «Англия» мейманханасында тұрып жатты. Қас қарая әлемді сұрғылт суық тұман басады, қыстың қысқа күнінде ол сейіліп те үлгірмейді. Нөмірде жер май шамы жыпылықтайды. Сығырайған шам жарығы дымқыл сызды күңгірт күн сәулесіне қосылып, адамдардың жүзін, салына бастаған суреттерді алабажақ етіп көрсетеді.
Аз уақытқа болса да, жоқшылық қайта келіп қоңсы қонды. Ол бөлменің ақысын үй иесі әйелге ақшамен емес, этюдтерімен төлейтін болды.
Үй иесі әйел пенснесін киіп, ең бір өтімдісін таңдап алу үшін, «картиналарды» қарай бастағанда, Левитан ұялып, жерге кіріп кете жаздайды. Бір ғажабы әйелдің күңкілі газет сыншыларының жазғандарымен үндесіп жатады.
— Левитан мырза, — дейді үй иесі әйел, — сіз мына көкорай шалғынға бір асыл тұқымды сиырды неге салып қоймайсыз, ал мына арша ағашының түбіне екі ғашықты отырғызып қойсаңыз қайтеді? Мұның өзі көрер көзге де жақсы болар еді-ау.
Сайып келгенде, сыншылардың да айтатыны осы. Олар Левитан пейзаждарын үйір-үйір қаз-үйректерді, жылқыларды, қойшылар мен әйелдердің бейнесін салып, жандандырып қойса дейді.
Сыншылар қаз-үйректерді сал десе, Левитан ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір кезде оның полотноларында Ресейді нұр-шұғыласына бөлейтін, сөйтіп әрбір қайыңды інжу-маржандай құлпыртып, құбылтып жіберетін құдіретті жарық күн жайын ойлайды.
Қырымнан кейін Левитан өмірінен ұзақ тиянақты орын тепкен Еділ еді.
Суретшінің Еділге барған алғашқы сапары сәтсіз болды. Сылпылдап жаңбыр жауып, өзен-су лайланып кетті. Жел азынап, дария суын сапырды. Тынымсыз сібірлеген жауыннан Еділ жағасындағы Левитан жатқан жапырайма үйдің терезелерінен жас сорғалады, алыс аймақ тұманданып, төңіректегі дүниенің өңі сұрланып, қуқыл тартты.
Левитан дымқыл сыздан, Еділ жағалауының жылпылдақ саз балшығынан жапан түзге шығып, еркін сурет сала алмай, көп қапаланды.
Оның көзінен ұйқы қашты. Шымылдық ішінде жатқан кемпір қорылға басады, Левитан оның ұйқысына қызығады, осындай көңіл күйін ол Чеховқа жазды да. Жаңбыр үй шатырын тынымсыз төпелейді, Левитан жарты сағат сайын шырпы жағып, сағатына қарайды.
Ызғарлы жел жайлаған, құлазыған меңіреу түннің алыс бір қойнау-қолтығында таң шапағы адасып жүргендей. Левитанды үрей қамайды. Оған түн апталарға созылып, таусылмастай сезіледі, ол осы бір лас деревняға жер ауып келіп, сулы қайың бұтақтарының бөренеден қиылған үй қабырғаларын сабалаған даусын өмір бойы тыңдауға жазғандай болып көрінеді.
Кейде ол түнде есік алдына шығады, сонда бұтақтар оны бет-жүзінен, қолынан шапаттай бастайды. Левитан ызаға булығып, шылым шегеді, шегеді де лақтырып тастай салады — ащы темекі түтіні тамағын тырнайды.
Еділ айдынынан кеме доңғалағының тынымсыз тарсылы естіледі — сары шамдарын жыпылықтатып, буксир сасық баржаларды жоғарыға, Рыбинскіге қарай сүйреп барады.
Ұлы дария Левитанға жаһаннамның жан түбіне апаратын дарбазадай елестейді. Таң атса да көңіл шіркін селт етпейді. Терістік-батыс беттен қаптай шыққан қара бұлттар будақ-будақ болып, жаңбырды етегі далақтап, жөңкіп өтіп жатады. Қисық терезелерден жыландай ысқырып, салқын жел кіреді, одан қол жаурап, қызарып кетеді. Бояу салынған жәшіктен тарақандар тым-тырақай қашып жатады.
Левитан болған іске берік, көнбіс жан емес-ті. Көңіліндегі көрікті ойы жүзеге аспайтынын көргенде жанын қоярға жер таппады. Ол күн шуағын тілеп еді — күн көрінбей қойды; Левитанның жыны ұстап, әуелгі кезде жауын-шашынды күнге тән сұрғылт, боз түстің ғажайып ерекшелігін аңдамай жүрді.
Ақырында, ашушаң-тырысқақ мінезін суретші мінезі жеңді-ау, әйтеуір. Ол жауын-шашынға тамашалай қарап, өзінің «Жауыннан соң», «Мәңгі тыныштық құшағында» сияқты, әйгілі «жаңбырлы суреттерін» салды.
«Жауыннан соң» атты суретін Левитан төрт сағатта салды. Тұнжыраған қара бұлт пен Ақ Еділдің бозғылт суы үйлесе үндесіп, жұмсақ бір жарық төгіп тұр. Оның бір сәтте ғайып болуы ықтимал. Левитанның асығатыны да содан.
Левитан суреттерін аспай-саспай, байыптап қарау керек. Олар жарқырап көздің жауын алмайды. Чеховтың әңгімелері сияқты, жұпыны да жұп-жұмыр келеді, байыптан қараған сайын, алыс қыстаулардың таныс өзендері мен ауыл жолдарының маужыраған тыныштығы көзіңе жылы ұшырап, көңілді қуантады.
«Жауыннан соң» атты суретте Еділ маңындағы қаланың жаңбырлы кешінің өзгеше сұлулығы бейнеленген. Онда шалшық сулар жылтырайды. Ала бұлттар көлбей ұшқан түтіндей боп, Еділден әрі қарай маңып барады. Кеме мұржаларынан шыққан бу су үстіне шөгіп жатыр. Жағалаудағы баржалар дымқыл сыздан қарайып кеткен.
Жаз айының осындай бір бейуақыт ымырт шағында құрғақ сенекке, едені жаға ғана жуылып, шамы жаңа ғана жағылған, ал ашық терезе сыртыңда жаңбыр шулап, иесіз қалған бақтың иісі аңқып тұратын аласа үйге кіргенге не жетсін. Осындайда ескі рояль үнін тыңдағанға не жетсін. Оның босаң ішектері гитарадай күмбірлейді. Рояль қасында, кеспек ішінде қалқиып қара фикус тұрады. Гимназист қыз креслода тізесін бүгіп, Тургеневті оқып отырады. Кәрі мысық құлағы елеңдеп, бөлмелерді кезіп жүреді, ас үйден ыдыс-аяқтың дыбысы шықпас па екен деп тың тыңдайды.
Көшеден кендір иісі келеді. Ертең — жәрмеңке, сол себепті де шіркеу алаңына барып, арбалар тоғысып жатыр. Кеме өзенмен төмен ылдилап, әуенің жартысын жапқан сонау бір қара бұлтты қуалап барады. Гимназист қыз кеме соңынан қарайды, оның көзі бір түрлі кіреукеленіп, үлкейіп кетеді. Кеме төменгі жақтағы театры, кітапты, қызық тірлікті қалаға қарай тартып барады.
Қала төнірегінде ұйпа-тұйпа болған қара бидай егістігі күндіз-түні жауынға малшынып тұр.
«Мәңгі тыныштық құшағында» картинасында жауын-шашынды күн көркі бұдан да керемет шеберлікпен бейнеленген. Бұл сурет Тверь губерниясындағы Удомля көлінің жағасында салынған еді.
Қатты желдің ығына қарай майысып, қарауытқан қайыңдар мен сол қайың арасындағы ескі ағаш шіркеу тұрған қырқа басынан шалғай өзеннің бір шығанағы, мұнар күннен күңгірт тартқан шалғын, бұлыңғыр бұлт басқан аспан көрінеді. Қорғасындай ауыр бұлттар суық жаңбырын саулатып, жер үстіне тұнжырай төніп тұр. Көлбей жауған жаңбыр пердесі кең жазықты жауып тастаған.
Левитанға дейінгі суретшілердің бірде-бірі орыстың сұрқай күнінің шалғай шетін тап осындай мұңлы қалпында, кемеліне келтіре бейнелеп көрген емес. Оның осы бір салтанатты маңғаз кейпі өзгеше бір құдірет күшіндей сезіледі.
Еділге жасаған екінші сапары біріншіден гөрі сәттірек болды. Левитан бұ жолы жалғыз емес, суретші әйел Кувшинниковамен бірге аттанған. Левитанды жанындай жақсы көрген осы бір аңқау әйел Чеховтың «Ұшқалақ» деген әңгімесінде суреттеледі. Осы әңгімеге бола Левитан Чеховпен қатты араздасты. Достық пышақ кескендей үзілді де, татуласу аса қиынға түсті. Өмірінің ақтық сағаттарына дейін Левитан Чеховтың бұл қылығын кешірген жоқ.
Левитан Кувшинниковамен бірге Рязаньға дейін келіп, со жерден кемеге отырып, Ока бойымен Чулково қыстағынан барып, бір-ақ түспек еді. Осы қыстақта ол қалмақшы болған.
Құмдауыт қырқаның ар жағындағы кең жазықта күн ұясына еңкейіп барады. Балалар шуласып, күн шапағына боялған қызыл кептерлерді қуалап жүр. Көкорай шалғын жағада оттар алаулайды, балшықты көлден әупілдек уілдейді.
Ока даңқын асырған бар сұлулық — «муром құмының кең жазығымен, жарқын жағаны жанай, құлпыра құбылып, кер маралдай керіліп, манаурай ағатын, шалғын-шабындықты, ну-тоғайлы өзеннің» таңғажайып тамаша көркі Чулковомен келіп тоғысқандай еді.
Жалқау Оканың ғажайып көркін Языковтың осынау сөздерінен артық бейнелеген ешкім болған емес.
Чулково айлағында Левитанға бір көзі ағып түскен мыртық шал кезікті. Ол Левитанның түкті пиджагінің жеңінен жұлқылап, матаны түрпідей қолымен уқалап көрді.
— Ата, сізге не керек? — деді Левитан.
— Шұға ма, — деді шал ықылық қағып. — Шұғаны көрейін дегенім еді. Әйелдің шашы сияқты сусылдауын. Құдай-ай, кешіре гөр, мына біреуің кім, әйелің бе? — Шал Кувшинникованы мегзеді. Оның көзі қанталап кетті.
— Әйелім, — деді Левитан.
— Coлай де, — шал тістеніп жылыстай берді, — не істеп жүргендеріңді шайтан білмесе, адам білмес, неғып сандалып жүрсіңдер.
— Бұл кездесуден ешбір жақсылық күтуге болмайтын еді. Ертеңіне таңертеңнен Левитан мен Кувшинникова төбе басына шығып, бояу салынған жәшіктерін аша бергеннен-ақ, деревняда бір дүрбелең басталды да кетті. Қатыңдар сумаңдасып, үйден-үйге жүгірді. Шаштарына шөп-шалам жабысып қалған, белдерін шарт буынып алған мұжықтар жауар күндей түнерісіп, дөң басына жиналысты, сосын алысырақ отырысып, үн-түнсіз суретшілерге қарай бастады.
Ticі түсіп қалған қызыл иек қатын бір бүйірден таяу келіп, Левитанға қарап, көп тұрды да, бір кезде шаян шағып алғандай:
— Сусе Христе, құдай-ай, сақтай гөр, не істеп отырсың, дінсіз? — деп баж ете түсті.
Мұжықтар ду етті, Левитан қаны қашып, сазарып отыр, бірақ өзін-өзі тежеп, әңгімені әзілге айналдырғысы келді.
— Қарама, кемпірім, көзің шығар, — деді Левитан қатынға.
— У-у-у, ұятсыз, — деді әйел шаңқылдап, етегімен мұрнын бір сүртіп, мұжықтарға беттеді. Жел айдаған қаңбақтай, Чулковоға қаңғып келіп, осындағы шіркеуді паналап қалған бір суды көз диуана барды, сол мұжықтар арасында таяғына сүйеніп, қалшылдап әзер тұрған.
— Ант атқандар! — деді ол шарылдап. — Не істеп жатқанына тірі жан түсінбейді. Жасаған жаратқан шабындықтың сұлбасын салып жатыр. Өртенеміз әлі, ақ сирақ боп мұжықтар, айтпады деме, бір бәлеге ұрынамыз!
— Жинадыңдар, түге! — деді жалғыз көз шал бажылдап. — Қатындармен бірігіп, сурет салатын жер бұл емес. Жиналыңдар, түге!
Бояуларды жинап, тайып тұруға тура келді.
Левитан мен Кувшинникова сол күні деревнядан кетіп қалды. Олар айлаққа қарай келе жатқанда шіркеу алдына жиналған халық жөн-жосықсыз шуласып жатты, олардың арасынан манағы диуананың :
Ант атқандар. Діннен безгендер. Қатын жалаң бас жүрді деген не сұмдық! — деген шаңқылы естіледі.
Кувшинникова қалпақ та кимейтін, орамал да тартпайтын.
Левитан Окамен төмен қарай жүріп, Нижнийға дейін келді де, содан Рыбинскіге дейін баратын кемеге отырды. Ұзақ күнге Кувшинникова екеуі палубадан шықпай, жағалауға қарайды — этюд жазатын қолайлы жер іздейді.
Бірақ ондай жер табылмады, Левитанның қабағы салынып, шаршап-шалдыққанын айта береді.
Көңілсіз де көріксіз жаға баяу жылжып қалып жатыр, көрікті ауылдарымен де, мүлгіп, тамылжып тұратын шығанақтарымен де көз тартпайды.
Ақырында Плеске келгенде Левитан палубада тұрып, қарағай бөренелерінен қиылған кішкентай ескі шіркеуді көрді. Барқын аспан аясында ол қарайып көрінеді, оның үстінде жаңа туған жалғыз жұлдыз жылтырап, жымың қағып тұр.
Осы бір шіркеуден, маужыраған ымырттан, айлақта сүт сатып жүрген қатыңдардың сыңғырлаған үнінен Левитанға жанға жайлы бір рақат самал ескендей көрінді, ол Плесте қалуға ұйғарды.
Осы сәттен оның өмірінің ең бір жарқын шағы басталды.
Шағын қаладан дабыр-дүбір дауыс, тарс-тұрс жүріс естілмейді. Тамылжыған тыныштықты күңгірлеген қоңырау, сиырдың мөңірегені, ал түнді күзетшілер дарылдағының даусы ғана бұзады. Ойлы-қырлы көшелерде қалақай гүлдеп, алабұта басып кеткен. Үй-үйдің терезесі алдында, шілтер перде тасасында жөке гүлі кептіріліп қойылған.
Шуағы мол ашық, құрғақ күндер өтіп жатты. Орыс жазы күзге салым сарғайып, толысып піседі ғой. Тамыз айында алма баулары қызғылт реңденіп, егістік сарғайып, қуқыл тартады, ал кешқұрым Еділ үстінде өркеш-өркеш ақша бұлт шоғырланып, өрттей алаулап тұрады.
Левитан кесірлі кеселінен де айықты. Оны еске алудың өзі ұят.
Әрбір күн күтпеген қызықтар тартады — бірде көзінің мүкісі бар кемпір Левитанды тіленші деп ойлап қалып, сыр жәшігінің үстіне мүжік теңге тастап кетсе, бірде бірін-бірі түртпектеп итермелеп: біздің суретімізді сал, бізді сал деп балалар келеді, сосын жамырай күлісіп, жапа-тармағай тұра кеп қашады, ал енді бірде көршідегі діндар келіншек жасырынып келіп, әуезді үнімен өзінің бақыты қара байғұс екенін айтып, шағына бастайды. Левитан оны
Островскийдің «Найзағайындағы» Катерина деп атап кетті. Ол Кувшинниковамен бірігіп, Катеринаның Плестен, жексұрын отбасынан қашып құтылуына көмектеспекші болды. Қашудың жөн-жобасы қала сыртыңдағы тоғайда талқыланды, ал Левитан болса, тоғай шетінде күдікті бірдеңе көрсе, жайымен ысқырып, әйелдерді ескертіп отырды. Катерина, ақырында қашып құтылды да.
Плеске келгенге дейін Левитан орыс табиғатын ғана жақсы көретін, ал, осынау үлкен елді жайлайтын халықты білмейтін. Оның білетіні кім десең, училищенің дөкір күзетшісі «Жын соққан», шарапханалардың даяшылары, төсек-орынды қонақжайлардағы кеңкелес күтушілер, Чулковоның тағы мұжықтары. Ол қаскөй қастықты, кір-қоқысты, топас төзімді, өзіне — еврейге деген қорлық-зорлықты көп көрген еді.
Плесте болғанға дейін ол халықтың мейірімділігіне, оның ақыл-парасатына, көп дүниені түсінетініне шәк келтіретін. Плестен кейін Левитан Ресейдің табиғатына ғана емес, жаңа бір ауыр күйзелістің алдында ма, әлде бір ұлы азаттықтың алдында ма, әйтеуір бір құбылыстың алдында демін ішіне тартып, тынып қалғандай болып көрінетін, оның жәбір-жапа шеккен талантты халқына да жақындығын сезді.
Еділге шыққан екінші сапарында Левитан көптеген сом суреттер салды. Оның осы суреттері жайында Чехов оған: «Сенің картиналарың күлімсірей бастады» деген көрінеді.
Левитанның «Еділ жайлы» еңбектерінде — «Алтын Плес», «Самал жел», «Кешкі қоңыраулар» сияқты суреттерінде тұңғыш рет жарық пен нұр-шұғыла пайда болды.
Жапырақ төселген орман алаңдары, туған жердің шағырмақ күнімен мұнарланып, желсіз күнгі тұнық судай жарқырап, тізіле қайтқан құс әніндей тамылжып тұратын, мұң-сырға толы көрікті жерлері біздің әрқайсымыздың жадымызда бала күннен сақтаулы.
Ұлғайған шағында осы есте қалған ескі жайттар болмашы бір себептен — мәселенки, вагон терезесінен жалт етіп, бір көрініп жоғалған табиғат суретінің өзінен — айдан анық болып көз алдына кеп тұра қалады, сөйтіп, сені өзін түсіне бермейтін бір бақыт пен қуанышқа бөлейді, сондай сәтте дүниенің бәрін — қаланы, күнделікті тірлік тырбанысын, үйреніскен тамыр-таныстарыңды талақ етіп, алыс бір түкпірге, белгісіз көлдер жағасына, жыныс тоғайлардағы білте сүрлеулерге тартып кеткің келеді, ондай жерлерде, мейлі, паровоз даусы болсын, әлде, бүрген бұтасының арасында ұшып-қонып жүрген құстың шырылы болсын, әйтеуір, кез келген дыбыс, тay шыңдарындағы сияқты, жаңғырып, саңқылдап айқын естіледі ғой.
Левитанның «Еділ» мен «Күз» көріністеріне арналған картиналарынан өзін бір кезде көріп, көңіліне ұялап қалған жерлермен қайыра кездескендей боласың.
Левитан өмірінде қызық оқиғалар аз болған. Ол кеп саяхат жасамаған. Ол орталық Ресейді ғана жақсы көрген. Жат жерлерге сапар шегуді есіл уақытты қор қылу деп ұққан. Шетелдерге барған кезін де ол осылай деп есептеген.
Ол Финляндияда, Францияда, Швейцария мен Италияда болды.
Финляндияның гранит тастары, тұнық сулы өзендері, ызғарлы аспаны мен тұнжыр теңізі кісіні жабықтырып жібереді. «Тағы да көңілім қараңғы, — деп жазады Левитан Чеховқа Финляндиядан. — Мұнда тіпті табиғат та жоқ».
Швейцарияда ол Альпіге қайран қалды, бірақ бұл таулардың түрі Левитанға алабажақ бояумен баттастыра боялған қағаз макеттер сияқты болып көрінді.
Италияда оған күңгірт түсті көлшіктерден ауа күмістей жылтырап, құбылып тұратын Венеция ғана ұнады.
Парижден Левитан Монэнің суреттерін көрді, бірақ оның бірде-бірі есінде қалмады. Ол импрессионистер суретінің қадірін тек өлер алдында ғана білді, өзінің олардан бұрынырақ өмір кешкен орыс әріптесі екенін түсінді, түсінді де олардың есімін ырзалықпен есіне алды.
Өмірінің соңғы жылдарында Левитан көбіне-көп Вышний Волочек маңындағы Удомля кәлінің жағасында өмір кешті. Сол жерде, помещик Панафиндердің отбасында, ол тағы да пендешіліктің шырмау-шатағына түсіп, өзін-өзі атты, бірақ жұрт оны ажалдан құтқарып қалды…
Кәрілік жақындағасын көңілі күзді қалайтын болды.
Рас, Левитан бірнеше таңғажайып көктем суреттерін салды, бірақ мұның бәрі дерлік күз тәріздес көктем еді.
«Тасқын суда» жайылма су басып қалған тоғай қара қатқақ күз күніндегідей жалаңаш сидиып тұр, ағаш бүршік жарарда көгілжім тартар еді, онысы да байқалмайды. «Ерте көктем» атты суретінде наурыз қары кете қоймаған жар астыңдағы шүңейітте қарасу ақпай тұнып қалған, тек «Март» картинасында ғана еріп жатқан оппа қар үстіндегі көктемнің зеңгір аспаны, майда шуақты күні, тақтай үйдің басқышынан тамшылаған мөп-мөлдір қар суы мейлінше айқын бейнеленген.
Орыс ақындары мен жазушыларының, суретшілерінің ең әуезді, нәзік сырлы өлеңдері, кітаптары мен суреттері қоңыр күзге арналған.
Пушкин мен Тютчев сияқты және басқа көптеген ақындар сияқты, Левитан да күзді жылдың жалт етіп бір көрініп, қас қаққанша жоқ болатын, ең бір жақсы мезгілі деп есептейтін де, оны сағына күтетін.
Күз орман-тоғайдың, сай-саланың, күллі табиғаттың қанық, қою бояуын оңдырып, жауын-шашынымен оның жасыл түсін жуады. Орман іші азынап кетеді. Жаздың барқын бояуы түсін беріп, сарғыш, сұрғылт, бозғылт рең табады. Жердің өңі ғана өзгермейді, бірақ ауасы өзгеріп, бұрынғыдан тазарып, салқындай түседі, ал сонау көз ұшындағы көкжиек жаздағыдан да алыстай түскендей. Әдебиет пен сурет өнерінің асқан шеберлерінің жас кездегі жарқын бояулары мен сұлу сөздері, егде тартқан шағында тап осындай сараланып, сұрыпталып, салмақтана түспек.
Левитан суреттеріндегі күз көркі алуан-алуан. Ол полотноға түсірген күз күндерін түгел санап шығу мүмкін емес. Этюдтерін есептемегеннің өзінде, Левитан бізге жүз қаралы күз суретін қалдырды.
Бұл суреттерде: жауын-шашыннан қарайып кеткен маялар, ұяң иірімдерінде сарғыш жапырақты үйірген өзектер, жапырағын жел жұла қоймаған қайыңдар, жұқа-шытырлақ мұз тәріздес аспан, қырқылған орман үстіндегі қара жаңбыр сияқты, бала күніңнен таныс дүниелер бейнеленген. Бірақ осынау пейзаждарда бейнеленген дүниенің бәрінде уақыты жетіп, күні өткеннің мұңы — судырай түскен жапырақтың, шіріген шептің, ызғарлы суық түсерде ызыңдаған араның, жерді жайымен шым-шымдап жылытатын қыс алдындағы шағырмақ, жасық күннің мұны ғажайып шеберлікпен берілген.
Жыл өткен сайын Левитанның жүрек ауруы елеусіз асқына берді, бірақ сол кесел күшейіп кеп тұңғыш рет алып-соққанға дейін, оны суретшінің өзі де, дос-жарандары да білген жоқ.
Левитан ауруынан емделмеді. Ол дәрігерге барудан тайсалды, қалған өмірің қысқа деп айта ма деп қорықты. Әрине, дәрігерлер оған табиғат аясында көп жүруге рұқсат етпес еді, ал, бұл оған өліммен пара-пар болар еді.
Левитан жас күндегісінен бетер жабығып, сары уайымға салынды. Жиі-жиі орман кезіп кететін болды, қайтыс болатын жылдың жазында ол Звенигород маңында тұрады, сонда жұрт оның ұнжырғасы түсіп, егіліп жылап жүргенін талай көреді. Ешкім де, ештеңе де — дәрігерлер де, жайбарақат өмір де, жанындай жақсы көретін табиғат та төніп келген ажалға ара тұра алмайтынына оның көзі жетеді.
1899 жылдың қысында дәрігерлер Левитанды Ялтаға жібереді.
Ол кезде Чехов Ялтада тұратын. Ескі достардың екеуі де қартайған, бұрынғыдай емес бір-бірін жатсынып қалған еді. Левитан таяққа сүйеніп, ентігіп әзер жүреді. Кез-келген кісіге ұзамай үзілетінін айтады. Ажал десе зәре-құты қалмайды, онысын өзі жасырмайды да. Жүрегі күні-түні сыздап ауырады.
Чехов Мәскеуді, солтүстікті аңсайды. Чеховтың өзі айтқандай, теңіздің «үлкендігі» сонша, ол шалқып дүниені тарылтып жібергендей болады. Мүлгіген Ялтада қыстың күні теңізден басқа дүниеде ештеңе қалмағандай көрінеді. Сонау шалғай шетте, Харьковтың, Курск мен Орелдің ар жағында қар бар, ақ түтек боран арасынан кедей ауылдардың соқыр шамдары сығыраяды, ол беклердің кипаристерінен де, теңіз жағалауының жұпар ауасынан да, жанға жақын, көзге ыстық. Осы ауадан кісінің басы ауырады. Сондай шақта дүниенің бәрі — орман-тоғайлар, Пехорка, Вертушинка сияқты өзеншелер, құлазып жатқан кешкі далада күңгірт ай сәулесіне шомылып, жұрт біржола ұмытып кеткендей жетімсіреп тұратын пішен маялары да көзге оттай басылады.
Ауру Левитан Чеховтан бір парақ қатты қағаз сұрап алып, жарты сағат ішінде оған майлы бояумен мая-мая пішені бар кешкі даланың суретін салды. Чехов бұл этюдті жазу үстелінің тұсына, пеш үстіне іліп қойды, жұмыс істеп отырған кезде оған жиі-жиі қарайды екен.
Ялта қысы құрғақ, күн шуақты болды, теңіз жақтан жылы жел соғып тұрды. Бір күні Левитанның есіне Қырымға келген алғашқы сапары түсті, оның тағы да тауға барғысы келді. Ай-Петри шыңының басында тұрып, алабұлт басқан шексіз аспанды тура аяғының астынан көрген сол бір сапар оның есінен шықпай қойған. Төбеден шақырайып күн төніп тұр, тау басынан қарағанда ол жерге әлдеқайда жақын көрінеді екен де, нұр шұғыласы найзадай шаншылып, тік түседі екен. Бұлт бүркеген аспан төменде, шыңырау қойнауларында бықсып, будақтап, қарағай тоғайларын күнгейлеп, Левитан тұрған жерге қарай өрмелеп келеді.
Аспан төменнен жоғары қарап жылжып келеді, таулы жердің құлаққа ұрған танадай тыныштығы сияқты, бұл құбылыс та Левитанның үрейін ұшырды. Осы бір тылсым тыныштықты сусып түскен тас қиыршықтың тысыры ғана бұзады. Баурайдан ылдиға сырғыған кұм қу тікенектерді тербейді.
Левитанның тауға барғысы келді, таныстарынан Ай-Петриге апарыңдар деп өтініп еді, бірақ оған рұқсат болмады — биік таудың селдір ауасы оған ажал боп жабысар еді.
Ялта шипа болмады. Левитан Мәскеуге қайтып кеп, Трехевятительск тығырығындағы үйінен шықпай жатып алды.
Ол 1900 жылы 22 шілдеде қайтыс болды. Бұл — Мәскеу аспанының шырқау биігінен жылтырап жұлдыз көрінер шақ, ағаш жапырақтары cap тозаң мен сөнер күннің шапағына малынар шақ — қызыл іңірдің кезі еді.
Со жылы жаз кешігіп шыққан-ды. Шілдеде әлі шешек атып жатқан сирень қаулап өсіп үй маңын қаптап кеткен. Жапырақ иісі, сирень мен майлы бояу иісі Левитан қайтыс болған шеберхана ішінен аңқып тұрды, осы иіс орыс табиғатының күллі мұң-шерін полотноға түсірген суретші соңынан өмір бойы өкшелеп қалмап еді, осынау табиғат та, адам сияқты, басқа бір қуанышты күндерді күткендей еді.
Күткен күн Левитан қайтыс болғаннан кейін ұзамай-ақ келді, оның шәкірттері ұстазы көрмеген нәрсені көрді: табиғатына дейін жаңғырған жаңа елді көрді, өйткені адам өзгерсе, табиғат та өзгереді ғой; олар біздің жомарт күнімізді, байтақ даламыздың ғажайып көркін, ашық аспан көгін, Левитанға бейтаныс мерейлі бояулардың жарқылын көрді.
Левитанның мұны көрмеген себебі. адам азат та қуанышты болса, табиғат та қуанышты болады ғой.
Левитанның емін-еркін күлгісі келген еді, бірақ ол өзі түгіл суреттерін де жымитып, күлгізе алмады.
Ол мейлінше адал еді, сол себепті де халық қасіретін көрмей тұра алмады. Ол апайтөс алып елдің, қайыршы елдің жыршысы, оның табиғатының жыршысы болды. Ол осы табиғатқа қасірет шеккен халықтың көзімен қарады — оның көркемдік күші де осында, оның ғажайып құдіретінің кілті де осында.
1931 жыл