Облыс мұсылмандарына ҮНДЕУ

0

Құрметті мұсылман қауымы,  ағайындар!

Үндеу жасаудағы басты мақсатымыз – қуаныш пен қазаның аражігін ажыратып, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, жабдық (құдайы ас беру, қонақасы, қырқы, жылы)  мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздеу болмақ. Қалай десек те, өлім бізді ысырапшылдыққа тәрбиелемеуі тиіс.

«Тапқаның тойға шашылсын» дейтін қазақ қазір той мен өліктің аражігін ажырата алмайтын халге жетті. Біз өлген адамның жоғын жоқтағаннан гөрі, барын шашпағанына сын айтатын халге жеттік.

Шынында да  қазір қаралы үйге көңіл айтып келетіндер жұбатушы емес, қонақ сияқты. Әсіресе бұл көрініс біздің облыста да  бәсеке ретінде  дамып келеді. 

 Қаза тапқан адамды арулап аттандырудан бастап, жыл уағына дейін артын күту деген желеумен ұлан – асар той тойлайтындай даңғазалықпен қоса,  қоғамда  «Дәулет аяйтын жер бұл емес»,- деп көзсіз ақша шашатын келеңсіз көрініс белең алуда. Жақынынан айырылған адамдар қайғыра да алмай, «Ел күліп кетеді»,- деп, соятын жылқы, жаятын дастарқан мен шапан-тақияға қайдан ақша табарын білмей, зыр жүгіретін келеңсіз көрініс көз алдымызда өтіп жатыр. Оған қазаға ортақтаса келген ағайынға берілетін иіс (кілем, жағалы киім, т.б. тәбәрік) пен әкесін ақ жуып, арулаған  кісілерге берілетін кәдесі, артынша марқұмның мазарын тұрғызу – бәріне т.б…қаржы жұмсалады. Осылайша ысырапшылдық, астамшылық сияқты бейсауап әдет ел ішінде етек алып келеді.

  Ақша шашудың артында атақ тұр, абырой жатыр. Ал, сонда шамасы жоқтар өрттей қаулайтын өсекке қалуы керек пе?

 Жұрттың әңгімесі жұпыны дастарқан, жұтым ас жайлы болады. Табақ-табақ  ет таратпады деп пыш-пыштайды. Міне,  қазақ қоғамы  осыдан қорқатындай. Біздің бойымызды «жұрттан кем түспейін немесе артық көрінейін» деген бәселекестік пиғыл басады да тұрады. Халық ішінде қалыптасқан фальш осы, фобия да осы. Бұл пиғылды бойымыздан да, ойымыздан да алып тастау керек.

Қазіргі өмірімізде өмірден өткен адамның  қырқы, жылынан  бұрын арнайы «Қонақасы» деген атпен аста-төк дастархан әзірлеп, оған аса көп адамдар шақырылатын дәстүр қалыптаса бастады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында үйге алыстан келген, тосын келген немесе арнайы шақырылған қонақтың қадір-құрметіне, жас мөлшері мен туыстық қатынасына қарай сойылған малдың мүшелерінен сыбағалы табақ тартуды ғана «Қонақасы» деп атайды. Бүгінгідей ауыл-аймақ, көрші-қолаң, тамыр-таныс, дос-жаран жиылып ертең болатын  марқұмның қырқы, жылының алдында аста-төк дастархан басында кекіре тойып тамақтану әдеті «Қонақасы» бола алмайды.  Бұл орынсыз ысырап. Бұл шариғатта да дәстүрімізде де бұрын-соңды болмаған теріс әдет.

Жалпы еліміздің барлық  өңірлеріндегі өлім жөнелту, оның артын күту ғұрыптары негізінен ұқсас деуге болады, мұндай ысырапшылдық елдің барлық аймақтарында бар.

Алла Тағала Құран Кәрімде ысырап етуге қатаң тыйым салған. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) де бұл теріс қылықтан аулақ болуға шақырған.

Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің  31-аятында: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», –десе «Исра» сүресінің 27-аятында: «Шынында ысырапқорлар Шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббысына өте қарсы»,-деп ысырапшылдыққа байланысты терең түсінік берген. Ал Пайғамбар(с.ғ.с)-ымыз өз хадисінде: «Орны табылмай берілген садақа — ысырап» деген.

Дүние, байлықты, күш-қуатты, уақытты ысырапсыз орнымен жұмсауды Алла Тағала бізге міндет еткен. Алланың кітабында, Алла Елшісінің (с.ғ.с) сүннетінде, ұлтымыздың бұрын-соңғы дәстүр-салтында болмаған келеңсіз жағдайға ұрынбау,  Алланың берген дәулетіне мастанып ысырапқа бармау байлық пен қанағаттың және берекенің бастауы болмақ.

Ырысымыз арта берсін, барға қанағат, жоққа сабыр қылайық ағайын!

 

Павлодар облысының  барлық мешіт имамдары,

ақсақалдары мен  жамағаты 

2018 жылдың  Желтоқсан айы