Телефонын тіркемеген абоненттер жаңа жыл түні байланыстан ажыратылмайды. Жаңалықтарға шолу
«Қарағанды – Томск» бағытында жаңа пойыз іске қосылды
Қарағандыдан Томскке дейін жол жүру ұзақтығы – 35 сағат 21 минутты құрайды. Пойыздың 3 купе, 3 плацкарт вагоны бар. Әр вагон жылыту жүйесімен, салқындатқыштармен жабдықталған. Пойыз күнара қатынайтын болады.
Қазақстанда пошта арқылы жеделхат жіберу құны 169 есеге қымбаттады
Хатта жазылған әрбір сөз үшін бұрын 4 теңге төленсе, қазір бұл қызмет құны – 675 теңге. Бұл аздай, биыл қаңтар айынан бастап жеке тұлғалар үшін мұндай қызмет түрі көрсетілмейді. Жеделхатты қабылдап, жеткізу міндеті елімізде «Қазақтелеком» АҚ-на берілген. АҚ Басқарма төрағасы Қ.Есекеевтің айтуынша, қазір хабарлама жіберетін басқа да қызмет түрлері болғандықтан, жеке тұлғалар үшін бұл қызмет жойылды. Ал заңды тұлғалар үшін қызмет ақысының қымбаттау себебі, телеграмма мен телеграф үшін жұмсалатын шығын жарты миллионға жуықтайды. Ал одан келетін пайда – небәрі 39 млн теңге. Алдағы уақытта бұл мәселенің шешімін «Қазақтелеком» Ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесіп ойластырмақ.
Қазақстанда абоненттердің 70%-ы телефондарын тіркеген
«Еліміздегі 26 млн телефон құрылғысының қазір 14 млн-ы тіркелген. Тіркеліп үлгермеген абоненттер жаңа жыл түнінде байланыссыз қалмайды» деп мәлімдеді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев. Министрдің айтуынша, ұялы байланыс пайдаланушыларының абоненттік құрылғыларын міндетті тіркеу ережесін енгізу арқылы елімізде азаматтардың мүлдем қолданбайтын нөмірлерін абоненттік базадан алып тастауға мүмкіндік бар. Қазір осы мақсатта жұмыстар жан-жақты жүргізіліп, Министрлік тарапынан күн сайын қадағаланып отыр.
Маңғыстау облысы әкімінің туған інісі Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарлығына тағайындалды
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов інісі Марат Тоғжановтың Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарлығына тағайындалуына өзінің еш қатысы жоқтығын мәлімдеді. «Мен інім үшін өте қуаныштымын. Ол – өз ісінің маманы. Аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін бұған дейін де абыроймен атқарды. Бұл – Бердібек Сапарбаевтың шешімі. Сондықтан барлық сұрақ сол кісіге» деп жауап берді ОКҚ өткен брифингте журналистердің сауалына.
Алматыдағы троллейбус желілерін жаңарту жобасы әзірленді
2019 жылы басталатын жаңарту жұмыстары арқылы троллейбус бағытының саны көбейтіледі. Жоба аясында 172,62 км желісі жөнделіп, 529 байланыс желісінің тіректері мен оқшауланған аспалы жүйелері, бойлық көтергіш арқаны мен троллейбусты желімен байланыстыратын сымдары ауыстырылады. 39,81 км қашықтыққа АСБ кабельдері тартылады.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, троллейбус желілерін жаңарту жұмысына көшелерді, тротуарлар мен көгалдарды қалпына келтіріп, троллейбус жолдарын жарықтандыру да кіреді.
Ресей әлемде қару шығару бойынша алғаш рет екінші орынға шықты
Қару-жарақ сату көлемі бойынша Ресей әлемдік нарықтың 9,5%-ын қамтыды. Әлемде қару-жарақ сатудан 2002 жылдан бері 2 орында келе жатқан Ұлыбритания (9%) үшінші орынға жайғасты. Бірінші орында әуелден АҚШ тұр. Әлемде сатылатын қару-жарақтың 57%-ы (226,6 млрд доллар) АҚШ компанияларының үлесінде.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда баспананы жалға алу бағасы жыл басынан бері 5,9%-ға қымбаттаған. 2018 жылдың қарашасында жаңа пәтердің 1 шаршы метрі орташа 265 710 теңге болды. Бұл өткен аймен салыстырғанда 0,1%-ға, 2017 жылдың желтоқсанына қарағанда 2,2%-ға қымбат. Жөндеуден өткен пәтердің орташа құны қараша айында 1 шаршы метрі 185 642 теңге (қазан айындағыдан 0,4%-ға, өткен жылдың желтоқсанынан бері 1,7%-ға өскен), жөнделмеген пәтер 114 260 теңге болды. Жалға берілетін жөндеуден өткен баспананың 1 шаршы метрінің орташа құны өткен айда 1383 теңгені құрады.
Baq.kz: Еліміздің басым бөлігінде көктайғақ болып, тұман түседі. Синоптиктер желтоқсанның 11-13 күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды. күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынады. «Сібір антициклонының шығысқа қарай жылжып, оның орнына Ресейдің Еуропалық бөлігінің оңтүстігінен жылы атмосфералық ауа ағындары келеді. Жылы ауаның суық бетке түсуі жауын-шашынмен қиылысып республиканың басым облыстарында көктайғақ болып, тұман түседі. Бұл әсіресе автокөлік жолдарында қауіпті», – делінген «Қазгидромет» РМК таратқан хабарламада.
Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter