«Енді ешкімнің тоқалы болғым келмейді» Күйеуі «талақ» еткен әйелдердің хикаясы

0

Қазақстанда ислам діні дәстүрімен күйеуі әйеліне үш рет «талақ» айтып неке бұзатындар әлі де бар. Жұбайы «талақ» еткен әйелдер психологиялық қиындыққа тап болады. Сарапшылар елде осылай ажырасқандардың ресми статистикасы жоғын, «талақ» әйел тағдырын тәлкек ететінін айтады. Азаттық осындай жайтты басынан өткерген екі әйелдің хикаясын ұсынады.

 

«БІР ҚУАНАТЫНЫМ, ОРТАМЫЗДА БАЛА ЖОҚ». ГҮЛНӘРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

 

Қазір 28 жастамын. Ал онымен 23 жасымда таныстым. Базарда жалдамалы сатушы болып жүрген кезім. Сол жерде сауда жасайтын намазхан ағай жолдас жігітінің тоқал алғысы келетінін айтты. Таныстық, жасы қырықтан асқан, әйелі мен төрт баласы бар адам екен. Сексендегі шешесі мен отбасы Ақтөбенің Қосестек ауылында тұратынын, ештеңеден таршылық көрмейтінімді айтып, «тоқалым бол» деді, келістім. Бірақ «талақ» айтқан соң ажырасып тындық.

 

«ТАЛАҚ» ДЕГЕН НЕ?

Бірақ әкемнің алдынан өткісі келмеді. «Жұртқа жем болып қайтеміз?» деп үйлену тойын жасауға ниеті жоғын кесіп айтты. Әкем – Совет одағында туып-өскен, сол қоғамның түсінігімен қалған адам. Құда түсе барғанның өзінде ол жеті баласының ең кенжесін, яғни мені тоқалдыққа бермес еді. Сондықтан некемізді жасырын қиюға тура келді. Бұл 2016 жылдың жазы болатын. Қосестектегі мешіт молдасы некемізді қиып, оның әйелі куәгер болды.

Ол діндар, ересек адам болғасын сөзіне шүбә келтірген емеспін, толық сендім. Ерлі-зайыпты екенімізді жұртқа жария қылғанымыз жоқ. Тіпті үй-ішіміз де білмеді. Жұбайым 15 күн вахтада жұмыс істеп оралған соң біраз уақыт Ақтөбеде менің жанымда болатын. Әйелі телефон соғып іздей бастаса Қосестекке кетеді.

Күйеуім Ақтөбеден бір бөлмелі пәтер жалдап берді. Пәтерге, азық-түлікке қалтасынан қаржы шыға бастаған күннен ол өзгеріп сала берді. Жалдамалы пәтерімізде жиhаз тұрмақ, төсек-орын да жоқ болатын. Сүлгімді жамылып ұйықтап жүрдім. Ол вахтаға кеткенде ашқұрсақ жүретінмін. Вахтадан оралып, аз уақыт қасымда болған кезде қара нан мен макароннан өзге ештеңе сатып алмайтын. Қит етсе Қосестекке тайып тұратын. Пәтерімізде теледидар, телефонымда ақша болмай, көп күнім төрт қабырғаға телмірумен өтетін.

Сүлгімді жамылып ұйықтап жүрдім. Ол вахтаға кеткенде ашқұрсақ жүретінмін. Вахтадан оралып, аз уақыт қасымда болған кезде қара нан мен макароннан өзге ештеңе сатып алмайтын.

Ара-тұра бірінші әйелі маған телефон шалып, «сен сияқты қыздар біреудің отбасын құртады» деп қарғап-сілейтін. Артынша «телефон соққанымды күйеуіме айтпашы» деп жалынатын. Соған қарағанда күйеуінен қатты қорқатын болса керек. Телефонмен сөйлескеніміз болмаса, бір-бірімізді көрген емеспіз.

Бірде күйеуім жалдамалы пәтерімізге шешесін алып келді. Енемнің мені жақтырмағанын қас-қабағынан сездім. Шай үстінде ұлына «мұнда келгенімді бірінші әйелің білмесін» деумен болды.

Әкем «күйеу балам мен оның туыстары алдымнан өтер» деп көп күтті. Бұлар сол беті әкемнің үйіне бармады. Керісінше, күйеуім түк жазығы жоқ әкемді тілдеп, шешемнен балағаттайтынды шығарды. Мінезі нашар адам екенін бірге тұра бастаған кезде ғана білдім. «Ет жемегеніме біраз болды», «қарбыз сатып алып келші» деген сөзіме бұлқан-талқан болатын. Бірге тұра бастағанымызға үш ай болғанда қатты ұрсысып қалдық. Ол мені «алтыншы қабаттан лақтырып жіберемін» деп қорқытты.

Дөрекілігіне төзе алмай, үйленгенімізге төрт ай болғанда күйеуімнен «талақ» сұрадым. Пәк күйінде келген жас әрі ақымақ қыздан кім айырылғысы келсін? Ол өзінікін ғана жөн санап, бет бақтырмай қойды. Екеуміз Ақтөбенің ескі бөлігіндегі мешіт имамына бардық. Некелескен кезде күйеуімнен мәһрға (неке қиылған соң күйеудің әйеліне беретін міндетті сыйы – ред.) тренажер сұрағанмын. Мешітке барғасын имамға күйеуімнің хақымды бермей жүргенін, мінез-құлқын айтып шағындым. Ол мені «әйелім дүниеқоңыз адам боп шықты» деп айыптады. Екеумізді де мұқият тыңдаған имам некенің қадыр-қасиеті туралы айтып, татуластырып жіберген еді. Бәрібір жараспай, ақыры әкемнің үйіне кетіп тындым. Ақыры күйеуім «талақ» айтты.

Ол мені «талақ» еткен кезде бақытсыз ғана емес, бағыт-бағдарсыз да едім. Туыстарым теріс айналып, отбасым жоқ, достарым мен жұмысымнан қол үзіп қалған бейшара кейпім есіме түссе әлі күнге ішімді ит тырнағандай болады. Сәтсіз неке мен «талақтан» кейін психикам бұзылды. Тұла бойым агрессияға толып, жақындарымды көп ренжіттім. Бір проблемадан қашамын деп жүріп, екіншісіне тап болған ақымақтығыма қатты налитынмын. Бір қуанатыным, ортамызда бала жоқ.

Қазір Ақтөбедегі базарлардың бірінен жалға орын алып, сүт өнімдері, тауық пен халал шұжық сатамын. Табысым әкем екеумізге молынан жетеді. Психология тақырыбындағы материалдарды іздеп жүріп оқитын болдым. Өз-өзімді танып, тұлға қылатын қырларымды аша түскім келеді. Өкінішке қарай, Ақтөбе университетінің заң факультетін бітіргенім туралы дипломым кәдеге аспады. Нанымды саудадан тауып жүрмін.

Енді ешкімге тоқал болғым келмейді. Өйткені неке заңды болмаса, әйелдің құқығы қорғалмайды екен. Өзімді қойшы, болашақ балаларымның қорғансыз болғанын қаламаймын.

«Тоқалым бол» деп сөз салатындар қазір де аз емес. Олар «әйелдің жалғыз жүруі шариғатқа қайшы», «жасың отызға кеп қалды, ертең бала таба алмай қаласың» деп қорқытады. Ондайда «Ертеңіме кепіл болатын мүлік сатып әпере аласың ба?» деп сұраймын. Күйеуім көлік, үй сатып әперсе, болашақта балаларыммен жалдамалы пәтерде жүрмес едім. Ол олай-бұлай боп кеткен жағдайда аз да болса қорымыз болар еді.

Бірақ бұл талабымды естіген жігіттер ертесіне ізім-ғайым болады. «Тым көп нәрсе сұрайды екенсің», «Өзіңді керемет бағалайды екенсің» деп келеке қылатындар да бар. Мүлде олай емес! Күйеуімнің некеге жауапкершілікпен қарағанын, қолынан келгенше отбасына қорған болғанын қалаймын. Неке – күнара ауыстырып тұратын көйлек емес.

 

«БІЗДІҢ АЙМАҚТА ОНДАЙ ЕР-ӘЙЕЛ КӨП». МӘРИЯМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

 

14 жасымнан намазға жығылдым. Бірақ шариғат бойынша емес, уахабилердің әдісімен оқыдым. Басында мұны білген жоқпын, бәрін дұрыс жасап жүрмін деп ойладым. Интернеттен дәстүрлі емес діни ағымдардың дәрістерін тыңдадым. Достарым «осы дәрістерді тыңдау керек, өйткені дұрыс нәрсе айтады» деді. Ата-анам қара түсті орамал тағып, пәренжі кигеніме қарсы болды. Олар намазды дұрыс оқымай жүргенімді байқады, бірақ ата-анамның сөзіне құлақ аспадым.

Кейін құрбыммен бірге Сирияға кетпекші болдым, ол кезде 16 жаста едім. Бұл шешіміме ата-анамның пәренжі киюге қарсы болуы да әсер етті. Пәренжі киюге болатын жерге кеткім келді. Бірақ Сирияға кету мақсатымен Ақтөбеге барғанымызда ата-анам мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері ұстап алды. Оңалту орталығына апарды. Ханафи мәзхабын (сүннит бағытындағы исламның дәстүрлі мектептерінің бірі – ред.) қабылдамадым, медреседе оқу туралы ұсыныстан бас тарттым. Ата-анам мені үйге қамап қойды. Үйден мектепке апарып, сабақтан кейін күтіп алып жүрді.

Университетке оқуға түстім. Бірінші курста мені «алып қашты». Болашақ күйеуімді танымайтынмын, бір танысымның ағасы еді, намаз оқымайтын. Үш айдан кейін жүкті болдым. Бірақ кейін ажырастық.

Сәбиіммен жалғыз қалдым. Әлеуметтік желіде бір ер адаммен таныстым. Ол деструктивті діни ағымды ұстанатын. Ресми некеге тұрғысы келмеді. Біраз уақыттан кейін «отбасым бар, тоқалым боласың» деді. Келіспедім, бірақ ол телефон арқылы туыстарымен бірге менің қатысуымсыз мұсылманша неке қию рәсімін бастағанын айтты. Екеуіміз екі қалада тұратынбыз. Ол келді, туыстарым қарсы болды, бірақ ешкімді тыңдамай, тұрмысқа шығып кеттім.

Басында бәрі жақсы болды. Оған сүйіп қосылған жоқпын, бірақ «шариғат бойынша әйел жалғыз жүрмеуі керек» дегенді естідім. Ол бізді барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіп, баламды тәрбиелеуге уәде берді.

Бір айдан кейін күйеуім өзгеріп шыға келді: үйге сирек келетін болды, көмектесуді қойды. Балам қатты ауырғанда ақша сұрадым. Ол «көмектесе алмаймын, уақытым жоқ» деді.

Ол мені ата-анасымен таныстырған жоқ, менің жақындарыммен де таныспады. «Неге танысқың келмейді?» деп сұрадым. Ол «ата-анаң намаз оқымайды, бізді түсінбейді, кәпір» деді. Ол басқа адамдармен араласуға тыйым салып, оларды «кәпір» деп атайтын. Бірақ мен бәрібір аздап араласып тұратынмын. Бірде күйеуім әпкеммен телефонмен сөйлесіп жатқанымды естіп қалды. Біз осының бәрі шариғатқа жатпайтынын, бұлай болмауы керегін талқылап жатқанбыз. Әпкем де пәренжі киетін, бірақ деструктивті діни ағымда емес еді. Осыдан кейін күйеуім әпкеммен араласуыма тыйым салды. Бірақ әпкеме бұл туралы айтпай, жасырын түрде хабарласып жүрдім.

Күйзеліске түстім, сол кезде аяғым ауыр екенін білдім. Күйеуімнен неге мені ата-анасымен таныстырмайтынын сұрадым. Ұрсысып қалдық. Ол маған «талақ етемін, мені тыңдамайсың, кәпірлермен араласасың» деді. Кейін ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсаты берілген дәрістерді тыңдап жүргенімді көріп, оған да тыйым салды. «Алланың бұйрығымен қара түсті никаб кию керек» деді. Бірақ мен ашық түсті киім кие бастадым. Ол қарсы болып, «кәпірлер ғана осылай киінеді» деген соң қайтадан қара киім киюіме тура келді.

Күйеуім «достарымның әйелдерімен араласпайсың» деп ашуланды. Әр досының үш-төрт әйелі болатын. Басымыз қосыла қалса тек Сирия, жихад туралы айтатын. Онысы маған ұнамады. Музыка тыңдайтынмын, күйеуім «бұл – харам» (күнә – ред.) дейтін. Ол Сирияға кеткісі келді, бірақ бара алмады.

Айтқанын тыңдамасам немесе «шариғат бойынша мұның дұрыс емес» десем күйеуімнен таяқ жейтінмін. Ол балама ойыншық ойнаттырмайтын. «Балаларды болашақ моджахед етіп тәрбиелеп, ойыншық автомат сатып әперу керек» дейтін. Сол үшін ұрсысып қалатынбыз. Ол білім алуыма тыйым салды. Бірақ мен бәрібір оқып жүрдім. Кейін аяғым ауыр кезімде жан сақтау бөліміне түсіп, түсік тастадым.

Ханафи мәзхабын ұстанатын құрбыммен араласып, оны үйге қонаққа шақырғанымды «ерін тыңдамау» деп бағалаған күйеуім бірінші рет маған «талақ» деп айтты. Екінші рет, музыка тыңдап жүргенімді білген кезде тағы да «талақ» деді. Ал үшінші рет қатты ұрсысып қалған кезімізде «талақ» деп айтты да, кетіп қалды. Ол «күйеуі үш рет талақ айтқан әйел басқа адамға тиюі керек» дейтін.

Күйеуімнің досы мені тоқал етіп алғысы келді. Келіспедім. Бірақ олар соңыма түсіп, қайткенде мені көндірмек болды. Бірде көшеде қашып кетпек болғанымда, бұрынғы күйеуімнің досы мені тығырыққа тіреп, жанындағы жігіттер көлікке күштеп салып, алып кетті. Айқайладым. Бірнеше рет жұдырық жұмсап, ұрды. Бір үйге апарып, үш күн бойы қамап ұстады. Туыстарыма хабарласуға мүмкіндік бермеді. Бұрынғы күйеуімнің досы мені қалай да тоқал етіп алатынын айтты.

Ол балама ойыншық ойнаттырмайтын. «Балаларды болашақ моджахед етіп тәрбиелеп, ойыншық автомат сатып әперу керек» дейтін.

Ата-анам маған жиі телефон шалып, хабарласып тұратын. Мені еркімнен тыс ұстап отырғандар ақырында телефонға жауап беруіме рұқсат етті. «Бәрі жақсы» деп айту керегін ескертті. Дәл сол сәтте ағам хабарласты. Оған өзімді күштеп ұстап отырғандарын айтып үлгердім. Олар телефонымды тартып алып, «зорлаймыз» деп қорқытты. Сол жерден тапқан ұстараны алып, жаныма ешкім жолатпау үшін қолымды кесе бастадым.

Ағам дер кезінде келіп жетті: ол полицияға хабарласып, GPS арқылы мен отырған мекенжайды анықтапты. Мені ұрлап әкеткен адамдар ұсталды, кейін сот болды. Менімен психологтар мен теологтар жұмыс істеді. Күйзеліске түсіп, қатты торықтым. Суицид жасайтын шығармын деп ойладым. Туыстарымнан өлердей ұялдым. Үйге қайтқым келмеді. Бірақ бір айдан кейін хиджабымды шештім. Өзім сондай шешімге келдім, өйткені басымнан өткен жайттың қайталанғанын қаламадым.

Қазір өмірім біртіндеп қалыпқа түсе бастады. Теолог мамандығы бойынша білім алып жүрмін, сондай жұмыс істегім келеді. Кез келген адамға, тіпті, намаз оқып, сақал қойып, хиджаб кигендердің өзіне көзсіз сене беруге болмайтынын түсіндім. Қатардағы азаматтар сияқты қарапайым киінемін, құрбыларыммен, достарыммен кездесіп, араласып тұрамын. Осылай өмір сүрген әлдеқайда қызық әрі көңілді. Ата-анаммен бірге тұрып жатырмын, жұмыс істеп жүрмін. Баламды тәрбиелеп отырмын, ештеңеден тарлық көріп жүрген жоқпыз, ата-анама көмектесіп тұрамын.

Қыз-келіншектерге көмектескім келеді. Біздің өңірде исламның дәстүрлі емес ағымын ұстанатын ер-әйел көп. Тіпті, сондай балалар да бар. Оларға аулада ойнауға, басқа балалармен араласуға рұқсат бермейді. Кей таныстарыма күйеулері «бұрынғыдай болмағаным» үшін менімен тіпті амандасуға да тыйым салған.

Бізде, Сәтбаев пен Жезқазғанда, қыздардың мәселесі шаш-етектен, олардың көбі азаматтық некеде тұрады, өйткені ер азаматтар ресми некеге тұрғысы келмейді, оларға солай болғаны ыңғайлы. Тіпті балаларды анасының атына жазғызады. Олар жұрттан бөлектеніп, мүлде басқадай өмір кешіп жатыр. Кей қыздармен сөйлесіп көрдім, олар бәрі дінге сай болғанын қалайды, ал күйеулері деструктивті ағымдарды ұстанады. Олар «Күйеуіміз өзгеруі үшін не істеу керек?» деп сұрайды. «Ажырасып, кетіп қалу керек, басқа жолы жоқ, басымнан өткендіктен білемін» деймін.

ТЕОЛОГ ПЕН ПСИХОЛОГТЫҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

Қарағандылық теолог Арай Бәкірова шариғатта «талақ» болғанымен, ислам діні оны мақұл көрмейтінін айтады.

– Исламда бұл (талақ – ред.) Алланың өзі құп көрмейтін, ал мұсылмандарды ажырастыруды мақсатының бірі етіп алған шайтан ғана қатты қуанатын ең шекті шара. Дегенмен кейде «талаққа» рұқсат етіледі, бірақ кез-келген жағдайда емес, тек орынды себеп болғанда ғана. Егер ер адам ашу шақырып, немесе оған әлдебір майда-шүйде ұнамай қалса, я әйелдің міндетіндегі бір нәрсеге көңілі толмаса, ондайда ол «талақ» айтпауы керек. Кейде отбасында түрлі жағдай кездеседі, бірақ оны көпті көрген үлкендерден, ислам оқымыстыларынан кеңес алып, отбасы психотерапевімен талқылап, шешуге болады. Талпынып көрген жөн. Ал егер ондай да мүлде көмектеспесе, онда, қанша жеккөрінішті болса да, «талақ» етуге рұқсат беріледі, – деп түсіндіреді Бәкірова.

Бірақ кейде тіпті «талақ» сол әйелдің өмірін жарқын қылатын өзгеріс те әкеледі дейді теолог.

– Егер [ері] әйелдің «тынысын тарылтып», кемсітіп-қорлап, ұрып-соғып, оны адам деп санамай, сұмдық жағдайда басып-жаншып ұстаған болса, ондай ажырасудың жақсылығы көп болмақ. Алла отбасының ыдырағанын қаламайды. Бірақ әйелді жәбірлеп, сабап ұстаса, ондайды көріп өскен балалар отбасындағы дұрыс қарым-қатынастан мақрұм қалады, ондай шаңырақта тек балалар үшін төзіп тұру – жауапкершілікті соларға артып қоюмен бірдей. Тағы бір проблема мынада, құқығы бұзылған соң ажырасқан әйел егер өз-өзіне жігер беріп, жетілмесе, ол тағы да сондай жағдайға тап болады, – деп санайды теолог.

Ақтөбедегі «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының психологы Эльмира Әділханованың сөзінше, күйеуі «талақ» еткен әйел көбіне күйзеліп, жүнжіп кетеді. Өйткені, әдетте ондай әйел күйеуіне жан-тәнімен басыбайлы берілген болады.

– Әйел өзін қор сезіне бастайды. «Жақсы жар болмадым», «тамақты дәмді етіп пісірмедім», «некенің сәтсіз болғанына 100 пайыз өзім жауаптымын» деп өз-өзін іштей мүжиді. Жаңа өмірге үйренуі қиын болады. Некесі сәтсіз болғаны үшін ата-ана, бауырларынан, тіпті айдаладағы жұрттан да қысылады.

Әйелдің өзі де, туыстары да бұл тақырыпты қозғамай, қашқақтап жүреді. Бұл мәселе отбасында бір рет те болса да ашық талқыға түсуі керек. Олай болмаса, бір күні ашу үстінде айтылып, жанын жаралауы мүмкін.

Басына мұндай іс түскен әйелдің өзінің өзгерейін деген ниеті болмаса, оған ешкім, тіпті психолог та көмектесе алмайды.

Біздің орталықтың сенім телефоны бар. Жақында бізге бір жас әйел келді. Күйеуі жарты жыл бірге тұрып, «талақ» еткеннен кейін Ақтөбеге оралған беті екен. Әдетте деструктивті діни орта өзара шешім қабылдайды да, мүлдем бейтаныс адамдарға бір-бірінің телефон нөмірін береді. Әлгі әйел де көрші облыстың жігітімен телефонмен танысқан. Таныса сала некесін қиған.

Психологқа алғаш рет келген кезде ол әйелдің әбден әбіржіп қалғаны бірден байқалды. «Қандай түсті жақсы көресіз?» деген қарапайым сауалдың өзіне бірден жауап бере алмай кібіртіктеп отырып, қара түсті ұнататынын айтты. Психологпен біраз жұмыс істеген соң ол бұрын қызғылт түске құмар болғанын есіне түсірді.

 

Деструктивті діни ағымды ұстанатын күйеуінің «қызыл-жасыл киіммен әйел адам ел көзіне түспеуі керек, қара киім ки» деп санасына әбден құйып тастағаны сондай, әйел қай түсті ұнататынын ұмытып қалған. Сананың кей жайттарды ұмыту арқылы қорғанатыны бар. Күйеуінің қыспағынан әлгі әйелдің санасында қорғаныш механизмі іске қосылған. Өзіне қай түс ұнайтынын есіне түсіргенде өзі де қатты таң қалды.

Мұндай ортадан шыққан әйелдерге «Балалық шағыңда өскенде кім болғың келді?» десең, оны есіне түсіре алмай қиналады. Олардың ұғымында әйел отбасы, ошақ қасынан шықпауы керек. «Кім болғым келеді?» деген сұрақ тіпті ойына да кіріп-шықпайды. Күйеуінің айтқанымен ғана жүріп-тұрады. «Талақ» етілген әйелдің көпке дейін өз-өзіне келе алмай, күйзеліп, жүнжіп жүретіні содан.

Ресми түрде Қазақстан мешіттері АХАЖ бөлімі берген куәліксіз неке қимайтын болған. Алайда деструктивті діни ағымды ұстанушылар мешітке бару, имамға неке қидыру деген шартқа мойынсұнбайды. Олардың некесін өз жамағатындағы кез-келген ер адам үйде, кафеде отырып-ақ қия салады.

«Талақ» – ауқымды тақырып. Біздің қоғамда жиі кездесетін ажырасудың діннің атын жамылған бір формасы. Заңды неке бұзылған жағдайда оның статистикасын жауапты органдар жүргізіп отырады. Ал «талақпен» ажырасқандар статистикасы еш жерде жоқ.