2019 жылы Астанада пәтер бағасы қандай болмақ? — новости Казахстана

0

Астанада келер жылы баспана бағасы айтарлықтай қымбаттай қоймайды. Мұндай болжаммен елордадағы жылжымайтын мүлік агенттігінің өкілі бөлісті. Айтуынша, бүгіннің өзінде бас шаһардан баспаналы болғысы келетіндердің қатары көп екен. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

2019 жылы Астанада пәтер бағасы қандай болмақ?

Фото: Максим Золотухин

Мамандардың пікірінше, өтімсіз мүлік құны биылғыдай келер жылы да төмендей түсетін көрінеді.

«Мысалы биылдың өзінде өтімсіз мүліктің бағасы 10-20 пайызға арзандаған еді. Келесі жылы мұндай мүліктің бағасы тағы да түсуі мүмкін. Ал, жаңа тұрғын үйлер мен элиталық баспаналардың бағасында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Негізінен жаңа үйлердің бағасы бұрынғыдан әлдеқайда түскенін атап өту керек.

Бірақ, бұл Астана ғой? Сондықтан еліміздің қай өңірінің азаматы болмасын Астанадан тым құрығанда бір пәтер алуға тырысады.

Мәселен, бұрындары ауқатты адамдар балаларын шетелге оқуға тырысатын. Қазір Астанада оқытқылары келеді. Сондықтан, балаларына деп пәтер алып жатады. Елорда болған соң, сұраныс қашан да болады, сол себепті Астанадағы өтімді мүліктің бағасы керісінше қымбаттамаса, төмендемейді», — дейді «Витрина недвижимости» мүлік агенттігінің коммерциялық директоры Әсем Ақанова.

Сонымен бірге тәжірибелі маман, қарапайым ел тұрғындарына баспанаға қол жеткізудің тиімді тәсілдерімен де бөлісті.

«Бізде қазір баспана алуға қатысты түрлі бағдарламалар бар. Мұндай бағдарламалар Астанадағы жаңадан салынып жатқан тұрғын-үйлерге де қатысты болып отыр. Сол себепті, «7-20-25» немесе «Баспана» бағдарламалары арқылы пәтер алуға болады. Сонымен бірге, бөліп төлеу тәсілін қарастыратын құрылыс компаниялары да бар.

Олардың кейбірінде мәселен тұрғын-үйді сатып алудың өз бағдарламалары бар. Бірақ, тек сенімді, тексеруден өткен құрылыс компанияларының үйлерін алған дұрыс болады. Яғни, үйді көтеретін құрылыс компаниясына көп мән беру керек. Мысалы біз тек тұрақты, сенімді құрылыс компанияларымен жұмыс жасаймыз», -деді маман.

Маман астаналықтардың көп жағдайда бүгінде қандай жолмен пәтер алатынына да тоқталып өтті.

«Мысалы біздің клиенттеріміз былай жасап жатады. Егер сіздің қолыңызда пәтердің 30 пайыздық қаражаты болса, онда алдымен шамамен 3-4 миллион тұратындай бастапқы жарнаны төлеу керек. Сосын үйдің салынып біткенін, пайдалануға берілгенін күту керек. Ол мысалы 3-4 айдай уақытты алуы мүмкін. Сосын оны ипотекаға 2-3 миллионға қымбатқа сатуға болады. Немесе ол пәтерді сата салуға болады.

Сөйтіп, жаңағы пәтер бағасының үстінен 2-3 миллиондай пайда таба алады. Осылайша жыл бойына бірнеше пәтерді осындай жолмен сатса, әжептәуір қаражат жинауға болады. Тағы бір жолы – еңбектеніп, ақша жинап, пәтер алу. Әрине, үй аламын деп мақсат қойған адам, өз мақсатына қалай да жететін болады», — деді маман.

Тәжірибелі маман қазіргі таңда Астанадағы пәтерлердің басым бөлігінің шаршы метрінің орташа бағасын да атап өтті.

«Оң жағалаудағы пәтерлер 270-300 мың теңге көлемінде тұрады. Бұл «черновой» дейміз, әрленбеген үйлер болып табылады. Ал сол жағалаудағы пәтерлердің шаршы метрі шамамен 290-350 мың теңге маңайын құрайды. Бұл ретте пәтер бағасының оның санатына байланысты болатынын ұмытпау керек. Бизнес кластағы пәтерлер қымбаттау тұрса, эконом класс сәл арзандау болады», — деп сөзін қорытындылады маман .