«Əкемнен айырылғанға дейін сенген жоқпыз»: Елорда тұрғындары коронавирус жайлы

0

Бір апта бұрын Нұр-Сұлтанда Сыздықовтар жанұясы отағасынан айырылды. Ер адам тыныс алу жеткіліксіздігінен, өкпе ісінуімен коронавирустан жансақтау бөлімінде көз жұмды. Отбасы бұл вирусқа дер кезінде назар аудармағанына өкінеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.

«Бәрі кенеттен болды. Алдымен анам ауырып қалды, содан кейін марқұм әкем. Оның денсаулығы 2 күн ішінде күрт нашарлап кетті. Екеуі бірден КВИ ауруханасына жатқызылды», — дейді Гүлжан Сыздықова.

Марқұмның жақындарының айтуынша, оның коронавирустан бөлек еш жері ауырмаған, яғни денсаулығында кінәрат болмаған.

«Біз оларды қолымыздан келгенше қорғадық. Бірақ оқшауланудан шаршап, қыдыра бастады, достарымен, туыстарымен көрісті. Біз оларға қанша рет абай болыңдар, барлық карантин шараларын сақтаңдар деп ескерттік. Әлі күнге дейін әкеміздің өмірін осы инфекция жалмағанына сене алар емеспіз. Біз қазақстандықтарға вирус бар екенін және оның аса қауіпті екенін жеткізгіміз келеді. Мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін», — дейді марқұмның балалары.

Коронавирус ер адамның өкпе органын ә дегеннен 36%-ға қабындырған. Содан кейін тыныс алу жетіспеушілігі пайда болып, өкпе ісінуімен реанимацияға жеткізілді.

«Біз бәрі қалпына келіп, жазылып кетеді деп ойладық. Бірақ екі апталық күрестен кейін дәрігерлер бізге қайғылы жаңалықты жеткізді — жүрегі шыдамай қайтыс болды. Ковидтің кесірінен біз онымен дұрыстап қоштасып, денесін үйге әкеле де алмадық. Бұл инфекция болғандықтан, оны мәйітханадан бірден зиратқа алып кетті», — деді марқұмның балалары.