Франция: Даудың басы неден басталды?

0

Euronews-тің жазуынша, Фран­цияның Galeries Lafayette, BHV Marais және Printemps сияқты ірі сауда орта­лықтары осы аптаның демалыс күндері жұмыс істе­мейтінін хабарлаған. «Рожд­естволық қарбалас орнына Париж көшелерінде дауыл ал­дындағы тыныштықтың лебі сезіледі» деп жазады басылым. 

«Сары жилеттілер» деген кімдер?

Еуроодақтың белді мү­шесі – Фран­­ция­дан маза қаш­қанына айға жуық­тап қалды. Бастапқыда әлеуметтік желіде тұтанған «сары жи­леттілер» наразылығы 17 қара­шада тұ­тас елді қамтыды. Арада бір-екі апта өткенде қозғалыс аса ауқым­ды қарсылық акция­сына ұласты. Содан бері айға жуық уа­қыт ішінде әр аптаның соңында Фран­ция халқы қарсылық акциясына шығып, шерулер соңы полициямен қақтығысқа ұласты. 

«Сары жилеттілер» атауы де­монстранттардың жарық­пен ша­ғы­лысатын жилеттерді киіп шы­ғуы­нан пайда болды. Мұндай киім Фран­ция­дағы әрбір көлік жүр­гізушісінде болуы тиіс, апаттық жағ­даймен жол-жөнекей кідірген кезде, жүргізуші машинадан осындай жи­летті киіп шығуы керек.

Қозғалыс құрамы әр­түрлі әлеу­мет­тік топтар өкілде­рі­нен, әртүрлі жас­тағы аза­мат­­­тардан құралған. Қоз­ға­лысты жақтаушылар арасында жұмыс­сыз жастар мен зейнет­керлер де, тө­мен жалақы алушылар да бар. Кө­шедегі акцияларға әсіре оңшылдар да, әсіре солшылдар да қатысуда.

Даудың басы

Толқу үкіметтің бензин мен дизель отынына салық­ты арттыру шара­сы себеп болды. Сонымен қа­тар кө­мірқышқыл газы­ның шыға­ры­­луы­­на да салық ұлғайту жос­пар­ланған-ды. 

Франция президенті Эммануэль Макронның бұдан бұрын 1,3 млн еуродан асатын байлығы бар адамдарға салынатын салықты 70 пайызға қыс­қартуға келісуі де отқа май құя түс­ті. Жылына миллион еуродан астам табыс табатын қалталы азаматтарға 75 пайыздық салық салу шешімін елдің бұрынғы президенті Франсуа Олланд 2013 жылы енгізген болатын.

Наразылық акциясы бас­талғаннан бері change.org сайтында жанармай құнын төмендету жөніндегі пети­цияға 850 мыңнан астам адам қол қойып үлгерген. 

UFIP мұнай өнеркәсібі федера­циясының деректері бойынша, соңғы кезде Фран­цияда дизель отынына қо­­йылған баға 16%-ға өскен. Би­ылғы орташа есеппен алғанда, дизель литріне 1,24 еуродан (1,41 дол­лар) 1,48 еуроға (1,69 долларға) қымбаттаса, қазан айын­да баға шарық­тап, 1,53 еуроға жетіп отыр.

Мұнайдың нарықтағы көтерме бағасы қымбаттаған­дықтан, Франция секілді мемлекеттерге ауыртпалық тү­сетіні белгілі. Мәселен, 2018 жылдың бірінші жарты­сында Brent маркалы мұнай­дың құны барреліне 60 доллардан тұрған болса, қазан айында 86,07 долларға дейін жетті. 

Ел үкіметі өткен аптаның соңында на­разылық акциясына алдын ала дайын­далып, қауіпсіздік шараларын кү­шейтті. Сенбі күні көптеген мәде­ни орындарды, соның ішінде Эйфель мұнарасын, Лувр мен өзге мұра­­жайларды, тағы да бір­қатар ны­сан­дарды жабу жө­нінде шешім қабылдады.

Полиция орталық көше­лерге жақын орналас­қан дүкендер мен мейрам­хана­лардың қожайындарын бұл күндері жұмыс істемеуге ша­қырды. Қоғамдық шаралар басқа күн­дерге ауыстырылды.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан»