Бекшин «індеттің төртінші толқыны тамыз ортасына қарай шарықтау шегіне жетеді» деп болжайды

0

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бейсенбі күнгі брифинг кезінде «қалада эпидахуал нашарлап жатыр, індеттің кезекті толқыны тамыз айында шарықтау шегіне жетеді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда қалада ауру өсімі 1,4 есеге көбейген.

– 23 шілдеден бастап қалада күніне анықталатын науқастар мыңнан аса бастады. Өткен тәулікте 1450 науқас тіркелді. Шілдеде барлығы 20 812 науқас анықталды. Болжам бойынша, коронавирус індетінің кезекті толқыны шарықтау шегіне тамызда жетеді. Ең жоғары көрсеткіш 10-12 тамызда тіркеледі. Осыған орай профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деді Бекшин.

Ол індеттің өршуін коронавирустың «Дельта» вариантының жылдам тарауымен байланыстырды. Бас санитар дәрігердің болжамынша, індет қыркүйек айында бәсеңдеуі мүмкін.

Бекшиннің түсіндіруінше, қазір коронавирустың «төртінші толқыны» басталған. Індеттің алғашқы толқыны 2020 жылы көктем мен жаз айларында болып, шілде айында шарықтау шегіне жеткен. Қыркүйекте бәсеңдеген. Қазан мен 2021 жылдың қаңтарының соңына дейінгі аралықта індеттің екінші толқыны болып, бұл кезде ең жоғары көрсеткіш қаңтарда тіркелген. Ал коронавирустың үшінші толқыны британдық штамының таралуымен басталған. Бұл кезде сәуір айында аптасына шамамен 20 мың науқасқа дейін анықталды. Маусымда «Дельтаға» байланысты індет қайта қайта күшейіп, төртінші толқынға ұластырған.

Жандарбек Бекшиннің айтынша, жұма күні 2 мен 16 тамыз аралығын қамтитын қаулы дайын болып, қалада карантин күшейеді. Шектеу шаралары кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерімен талқыланады.