«Олимпиада ханшайымы»: Ольга Рыпакованың киім үлгісі жапондықтарды таң қалдырды
Қазақстан құрамасы Токиодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында жанкүйерлерді тамсандырды. Қамшыбек Қоңқабаевпен бірге еліміздің туын көтеріп шыққан Ольга Рыпакваның киім үлгісін көпшілік жылы қабылдады, деп жазады Olympic.kz басылымы.
Олимпиаданың ресми түрде ашылуына бірнеше күн қалғанда Forbes шолушысы команданың формасын ең стильді киім үлгілері қатарына жатқызған болатын.
Жанкүйерлер мен көрермендер үшін ту ұстайтын спортшыларға арнайы тігілген киім тосынсый болғаны анық. Токио ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан командасы боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова бастап шықты. Олардың киім үлгілері Ұлттық Олимпиадалық комитеттің тапсырысы бойынша арнайы тігілді. Киім үлгісін дайындау барысына Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік мұражай өнерінің мамандары атсалысса, дизайн және киімді тігумен танымал алматылық модельер Виолетта Иванова айналысты.
Әдемі көйлек Ольга Рыпакованың сымбатын одан әрі арттыра түсті. Шетелдік жанкүйерлер де олимпиада чемпионының киім үлгісін жоғары бағалап, мақтау сөздерін жаудыруда.
«Олимпиадашылардың киген костюмнің ішіндегі ең әдемісі. Мен Жапонияданмын. Сіздің командаңызға ойында сәттілік тілеймін».
«Мен Италияданмын. Бұл қыз мен үшін ең әдемі ту ұстаушы».
«Ол керемет. Атын білсе бола ма?».
Сондай-ақ, жанкүйерлер ҰОК Instagram парақшасының Direct-не тоқтаусыз жазып жатыр.
«Сондай әдемі! Көптеген жапондықтар осылай ойлайды».
Одан бөлек, біздің спортшылар мен ту ұстаушылар олимпиадашылар шеруіне дейін де, кейін де көпшілік назарында болды. Олимпиадалық ауылдағылардың барлығы дерлік біздің Рыпакова және Қоңқабаев сынды спортшыарымызбен суретке түсуге асықты.