Бейіттердің темір қоршауын бұзып, тонап кеткендер іздестіріліп жатыр

0

Ұрылар зираттардың шойын қоршауын қолды қылған. Марқұмдардың жақындары бұл сұмдықты бейіт басына Құран бағыштауға барғанда бір-ақ көріп, жергілікті полицияға жаппай шағымданып жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Мола тонап пайда таппақ болғандар іздестіріліп жатыр.

Шаһар шетіндегі мұсылман зираты жау шапқандай күйде жатыр. Қаскөйлер оннан астам моланың тас-талқанын шығарған. Қоршалған ауыр шойын темірлерді түгел ұрлап кеткен. Бейіт басындағы ескерткіш тақта мен сорайған бағаналар ғана тұр. Ал марқұмдардың жақындары қорымға жасалған қорлықты құран бағыштатуға барғанда бір-ақ көрген. Ет жақынының мәңгілік үйі тоналғанын көргендер полицияға шағым түсірді. Мола тонап пайда таппақ болғандарды жедел құрықтауға полицейлерден төрт топ құрылды. Олар қаладағы темір-терсек қабылдайтын орындарда тексеріс жүргізуде.

Семей қаласы ПБ баспасөз қызметінің бастығы Елеубек Оспанов: «Қылмысты ашуға бағытталған кешенді, шұғыл тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыс ашылғанан кейін хабар береміз», – деді.
Моланы тонау дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қолға түскен жағдайда жеті жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін. Ал жақындары марқұмдардың бейітін өз күшімен қайта қалпына келтірмек.