Медеу Арынбаевтың психотропты дәрі қабылдауына не себеп болды?
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Медеу Арынбаев «Еуразия» бірінші арнасына берген сұхбатында ешкім білмейтін сырқаты туралы ашық айтты. Ол жарты жыл бойы психотропты дәрі қабылдап, миға ауыр ота жасатқанын бұған дейін құпия сақтап келген. Он сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, ұзақ жылдар бойы өзін қинап келген «құрысу» мен «талма» ауыруларынан құлан таза айыққанын қуана хабарлады.
«Түн жарымда жұмыстан кеш шығып, көлік жүретін жолға қарай келе жатқанымда шабуыл жасалды. Ірі денелі қазақтың үш жігіті екен. Үстімдегі былғарыдан тігілген курткамды тартып алғысы келді. Сол төбелесте басымнан қатты соққы алдым. Ол кезде 25 жаста едім. Әлгі үш жігіт аямады. Соққының барлығы басыма тиді. Салдарынан ауыруымның қауіпі күшейіп, 7 жылдан кейін ес жоғалту, құрысу, талып қалумен жалғасты. Сахнада ән айтып тұрғанда, дастарқан басында, көлік жүргізіп келе жатқанда да талма ұстап, ес жоғалтып, құрысып қатып қалатынмын. Ауыруымның кесірінен 4 рет жол апатына ұшырадым. Менің бір сақтаушы періштем бардай. Тірі қалдым. Отадан кейінгі екі жылда құрысу, талма ауыруларым тоқтады. Қазір шүкір жақсымын!»,-деді әнші.
Медеу Арынбаев отаға дайындылып жатқанда, жарты жыл психотропты дәрі қабылдауға мәжбүр болған. Соның салдарынан әншінің психикалық жағдайы мен мінезі өзгерген.
«Ол кісінің миында туылғаннан қалыптасқан түйін болған. Оның үстіне қосымша басынан қатты соққы алғаны бар. Ол өте қауіпті болды. Өйткені жиі құрысу, талма ұстамаларымен көрініс табатын еді. Отадан кейін ол кісі дәрі-дәрмек ішпейді. Көіл-күйі өте жақсы!», — деді әншінің дәрігері Меруерт Төреахмет.
Көңіл-күйі де денсаулығы да қазір жақсарған әншінің балалары әкелерінің өз махаббатын кездестіріп, қайта үйленуіне қарсы еместіктерін де ашып айтты.