Атырау облысында балықтар жаппай қырылды

0

Атырау облысындағы Нарын каналының бойындағы Ақбас (Қызтуған) учаскесі маңында өлі балықтың көп мөлшері табылды.

 

«Қазсушар» РМК филиалының бригадалары екі центнерден астам балық жинап, арнайы бөлінген жерлерге көмді. Олар сонымен қатар каналды тазартумен айналысты.

Жергілікті әкімдікте Ақбас учаскесіндегі су деңгейі соңғы уақытта қатты төмендеп, балықтарға оттегі жетпегендіктен мөңке балық, қаракөз және басқа да ұсақ балықтар қырылғаны хабарланды.

«Махамбет ауданы Ақтоғай ауылынан бастау алатын Нарын каналы 1960 жылдан бері пайдаланылуда. Каналдың ұзындығы – 200 шақырым, оның 130 шақырымы Исатай ауданы арқылы өтеді. Бойында көптеген шаруа қожалықтары орналасқан. Осы жылдар ішінде канал бірде-бір рет жөнделмеді. Өткізу жұмысы төмен, сондықтан балық та өледі», — дейді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілхасимов.

Жақында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Исатай ауданына жұмыс сапары барысында Нарын каналының жағдайымен танысып, оны күрделі жөндеу мәселесін міндетті түрде шешетінін айтқан болатын.