Аллергиясы бар науқастар коронавирусқа аз шалдығады
Елімізде міндетті вакцинация енгізілгелі бері «Кімге екпе салуға болмайды?» деген сұрақ өзекті бола түсті. Денсаулық сақтау министрлігі аллергиясы бар адамдар вакцинадан босатылатынын жариялаған соң халық арасында сұрақтар тіпті көбейді.
Кімге вакцина салдырмаған дұрыс?
ҚР бас балалар аллергологы, медицина ғылымдарының докторы, С.Асфендияров атындағы медицина университетінің аллергология және клиникалық иммунология кафедрасының меңгерушісі Жанат Исбаеваның сөзінше, аллергиясы бар науқастарға кез келген вакцинаны салуға болады.
“Бірде-бір вакцинаның аллергиялық ауруы бар адамдарға қарсы көрсетілімі жоқ. Екпе қарсы көрсетілімі бар адамдардың екі санаты кездеседі: біріншісі — мүлдем вакцина салуға болмайтын адамдар, екіншісі — белгілі бір уақыт аралығында вакцинациялануға болмайтын науқастар. Мүлдем вакцина салдыруға болмайтындар қатарына –шизофрения, қатерлі ісік, жүйкелік ауруларға шалдыққан, анафилактикалық шок алған адамдар кіреді. Оларға вакцинаның ешқандай түрін салдыруға болмайды”, – дейді маман.
Аллергологтың айтуынша, вакцинаға емес, вакцинаның құрамындағы бір элементке аллергиясы бар науқастарға екпе егуге болмайды. Асқыну жағдайларының алдын алу үшін, қазіргі таңда салынып жатқан вакцинаның құрамы жекелей жазылған арнайы тізім бойынша жұмыс жүргізіледі екен.
“Ал коронавирусқа қарсы вакцинациялауға келер болсақ, вакцина салдыруға болмайтындар арасына екпеге аллергиялық реакциялары бар адамдар да енгізілген. Мәселен, балаға осы уақытқа дейін қызылшаға қарсы вакцина салғаннан аллергия немесе анафилактикалық шок болған болса, ол адамның коронавирусқа қарсы екпеге де аллергиясы болуы мүмкін. Бұл қарсы көрсетілімдердің қатарына жатады. Адамда вакцинаның өзіне емес, оның құрамындағы қоспаға аллергия болуы мүмкін. Қазіргі таңда қолданыстағы вакциналардың құрамында қандай қоспалар бар екені жазылған арнайы тізім бар. Сол тізімдегі препараттарға аллергиясы бар адамдардан басқа кез келген науқас вакцина салдыра алады. Осы тұста айта кетерлік жайт, коронавируспен ауырған адамдардың бір пайызы ғана қайтадан вирус жұқтыруы мүмкін”, – деп түсіндірді Жанат Бақытқызы.
Аллергиясы бар адамдарға вакцина салу қауіпті ме?
Оның сөзінше, қандай да бір аллергиянның түріне шалдыққан вакцина салуға тиым салынбайды. Тек вакцинаны аллергияның асқынып тұрған кезеңінде салдыру адамға зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жағдайда аллергияның асқыну кезеңі біткенге дейін күтіп, артынша екпе алуға болады.
“Мәселен, белгілі бір шөптен аллергиясы болса, ол шөп гүлдеп жатқан уақыт аралығында, асқыну кезеңі өткенге дейін науқасқа вакцина салдырмауға рұқсат беріледі. Бұл кезең біткеннен кейін азамат қайтадан тексеріліп, вакцина салдыра алады. Бұл — уақытша қарсы көрсетілім. Егер тұрғын вакцина салдыруға аллергиясы асқынған кезінде келетін болса, терапевт оған аллергологқа жолдама береді. Аллерголог науқасты тиісті тексеруден өткізгеннен кейін уақытша вакцина салдыруға болмайтыны туралы анықтама береді. Бірақ бұл анықтама, аллергия өршіп тұрған сәтте ғана жарамды. Аллергияңыздың асқыну кезеңі басылған соң қайтадан тексеруден өтіп, вакцина салдыра бересіз”, – дейді аллерголог.
Аллергиясы бар науқастардың коронавирус жұқтыру мүмкіндігі төмен
Маманның айтуынша, тіпті аллергияның ең ауыр түріне шалдыққан науқастардың коронавирус жұқтыру қауіптілігі төмен болады.
“Аллергиясы бар науқастардың коронавируспен ауыру мүмкіндігі төмен. Ал коронавирусқа жұқтырғандардың арасында астмаға шалдыққандар аллергияларын әлдеқайда жеңіл формада өткереді. Бұл да иммунологиялық ерекшеліктерге байланысты. Өйткені аллергиктер үнемі ем алып, арнайы рецепторлары қалыптасып, иммунитеті жоғары болады. Сондықтан аллергияның ауыр түрімен ауыратын науқастар ремиссия кезеңінде болса, дәрігер қадағалауында жүрсе, вакцина салдыра алады”, – дейді Жанат Исбаева.
Маманның сөзін әріптесі С.Асфендияров атындағы медицина университет клиникасының жедел санитарлық-медициналық көмек және диагностика орталығының басшысы Мереке Мұстафина да растап отыр. Оның сөзіне сенсек, науқастың аллергиялық асқынулары болмаса, жалпылама тексеруден өткізіп, жағдайын бақылай отырып, екпе салуға рұқсат беріледі.
“Егер аллергиясы бар адамда асқыну белгілері болмаса, науқастың дене қызуын өлшеп, артериялық қысымын тексереміз, жалпы жағдайы ескеріледі. Науқас өзін жақсы сезініп тұрса, аллергиясы асқынбаса, вакцина салуға рұқсат береміз. Ондай науқастарда аллергиямен ауырмайтын басқа адамдарда секілді жергілікті реакция болуы мүмкін. Яғни, екпенің орны ауырады немесе дене қызуы көтеріледі, әлсіздік байқалады. Бірақ осы уақытқа дейін, аллергиялық реакция берген науқастар болған жоқ. Аллергиясы бар вакцина салдырған науқастарымыздың да жағдайы қалыпты. Егер аллергиясы өршіп, шағымы болса, соңғы уақытта аллергиясы асқынған болса, біз қан сынамаларын тапсыруға жібереміз ”, – дейді маман.
Анафилактикалық шок алған адам екпе салдыра ала ма?
Маман дәріден анафилактикалық шок алғандарға, вакцина салмас бұрын бір рет дәрігердің тексеруінен өтіп алу қажеттігін ескертеді.
“Егер отбасыңызда бір адам препараттан анафилактикалық шок алған болса, онда ол адамға вакцинаның қай түрін болмасын салу қауіпті. Анафилактикалық шок әртүрлі жағдайда пайда болуы мүмкін. Сондықтан оның себебін білу маңызды. Яғни, науқас вакцина салуға келген кезде өзі туралы толық ақпарат беруі керек. Ауру тарихына қатысты ақпаратты жасырып қалмауы тиіс. Өйткені әр адам бірінші кезекте өзінің өмірі үшін жауапты. Сол себепті дәрігерге барлық ақпаратты айтып, өз денсаулығыңызды сақтап қалу үшін барынша ашық болған абзал. Әр адамға жеке талдау жасалуы керек”, – дейді Мереке Өмірбекқызы.
Вакцинадан кейін аллергия байқалса, не істеу керек?
Дәрігер бұған дейін аллергиясы байқалмай, алайда вакцинадан кейін денсаулығы сыр бергендер бірден жедел жәрдем хабарласу керек дейді. Мұндай жағдайда өз бетімен аллергиялық препараттарды қабылдау да қауіпті, сондықтан бірден маманға жүгіну қажет.
“Ал егер адам аллергиясы бар екенін білмей, вакцинадан кейін адамның денесінде қандайда бір жағымсыз реакция белгілері, ісіну, бөрітпе, қышыну, қызару, түшкіру байқалатын болса, онда бірден жедел жәрдем шақыру қажет. Мұндай жағдайда аллергиялық препараттарды қолданып, өз бетіңізше ем жасауға болмайды. Бірден дәрігер көмегіне жүгінген дұрыс. Анафилаксия — қандайда бір дәріге, вакцинаға болатын реакция. Алайда коронавирусқа қарсы вакцинадан осы уақытқа дейін анафилактикалық шок болған жоқ. Әдебиеттерде де ондай теория қарастырылмаған. Егер аллергия вакцинадан болмаса, онда аллергологтан кеңес алып, емін жалғастырады. Ал егер аллергияның коронавирусқа қарсы вакцинадан туындағаны анықталса, онда екпе салдырған жердегі дәрігерге жүгіну қажет. Негізінде, вакцина алған әр адам үш күн бойы дәрігердің бақылауында болады”, – дейді маман.
Вакцинадан босату туралы рұқсат қағазын кім береді?
Маман аллергиясы асқынып тұрған немесе мүлдем екпе салдыруға болмайтын науқастарға вакцинациядан босату туралы рұқсат қағазын қалай алу керек екенін айтты.
“Аллергиясы бар науқасқа уақытша немесе мүлдем вакцина салдырмауға болмайды деген анықтаманы аллерголог маман арнайы сынамалардың қорытындысы шыққанан кейін береді. Вакцина салдырмауға рұқсат алу үшін сіз аллергологтың құжатын, ауру тарихын жергілікті ауруханаңыздағы арнайы комиссияға өткізесіз. Коимиссия аллергологтың талдауын тексере отырып, бөлек шешім шығаратын болады. Барлығы тексерілгеннен кейін, арнайы вакцинациядан уақытша немесе түбегейлі босату туралы анықтама беріледі”, – дейді маман.