Германия мен Бельгияны тасқын су басты

0

Бельгияда қаза тапқандардың саны 11 адамға, Германияда 58-ге жетті, мыңнан астамы із-түзсіз жоғалып кетті. Бельгияда ұзаққа созылған нөсерлі жаңбырдың соңынан болған су тасқыны салдарынан қаза болғандар саны 11 адамға жетті, тағы төртеуі із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды kznews.kz ақпарат агенттігі РИА Новости-ға сілтеме жасап.

Белгиядағы жағдай

Ауа райының қолайсыздығынан көп зардап шеккен Льеж, Намур, Валлон Брабант провинциялары болып тұр. Сонымен қатар, топан су Люксембург, Антверпен және Фламандиялық Брабант провинцияларына да  айтарлықтай зиянын тигізген. Жүздеген жеке үйлер мен бірнеше көпірлер қирап, тұрғын үйлер мен жолдарды су басты. Кейбір елді мекендердің билігі тұрғындарды үйлерінен қауіпсіз аймаққа көшуге шақырды. Валонияда теміржол қатынасы тоқтатылды. Ауа-райының жайсыздығы электр, газ және телефон желілерінің жұмысын бұзып, пошта жеткізілімдерінің жолын кескен. Қазіргі уақытта ауа райының тосын мінезімен күресуге әскерилер қосылып, олар ең көп зардап шеккен елді мекендерден халықты эвакуациялаумен айналысуда.

Бельгия ішкі істер министрі Аннелис Верлинден елдегі қолайсыз климаттың салдарымен күресу үшін ЕО азаматтық қорғау механизмін іске қосты.

 

ГерманияГерманиядағы су тасқыны 

Германияның батысындағы Ахрвайлер ауданының билігі су тасқыны салдарынан шамамен 1,3 мың адам жоғалып кетті деп хабарлайды аудан әкімшілігінің сайтындағы ақпаратта.

«Табиғи апатқа байланысты ауданда жаңа құрбандар бар. Тек Бад Нойенахр-Ахрвейлер ауданында бүгін таңертеңнің өзінде мыңнан аса құтқару операциялар жүргізілді, эвакуциялық жұмыстар қазір де жалғасуда. Елдегі қиын жағдайға байланысты, қазіргі уақытта залал салдарын бағалау мүмкін емес»,- дейді билік.

Германияның батысындағы трагедияның соңғы ауқымы тек келесі күндері белгілі болады, деп мәлімдеді Германия канцлері Ангела Меркель Вашингтонда АҚШ президенті Джо Байденмен бірлескен баспасөз мәслихатында.

АҚШ президенті Джо Байден Германия канцлері Ангела Меркельге Германиядағы жойқын су тасқынына байланысты көңіл айтты.

«Мен өткен тәулікте Германия мен көршілес елдерде болған су тасқыны салдарынан болған жантүршігерлік шығындар мен қаза тапқан жандардың отбасына көңіл айтамын. Бұл қайғылы жағдай», — деді Байден Меркельмен Вашингтонда өткен бірлескен баспасөз конференциясында.