…Мұқағали Мақатаев бар мұнда
Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Поэзияның егізі, қазақ әдебиетінің қыраны, өзі өлседе, сөзі өлмейтін Мұқағали Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырылып қойылған есімі — Мұхаммедқали. Ақынның туылған күні жөнінде екі түрлі дерек бар. Біріншісі, құжат бойынша өзіміз тойлап жүрген 9 ақпан. Екіншісі жөнінде анасы Нағима былай деп еске алатын көрінеді: «Мұқағалиым 1931 жылы 8 наурыз дүние есігін ашты. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам фәни есігін ашқаннан сәл кейін Наурыз тойын тойлағанбыз, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанымыз есімде. Отбасындағы тұңғышы болғандықтан, ата-анасы оны әжесі Тиынның тәрбиесіне береді. Ақынның балалық шағы соғыс қарасаңында болады. Бұл туралы ақын былай деп еске алады: «Неңді сенің аңсаймын бала шағым». Бала Мұқанның балалық шағы өте ауыр өтеді. Әкесі 1941 жылы Калининград түбіндегі шайқаста қаза табады.Өзінің артынан бір қарындасы мен үш інісі ереді. Бірақ қарындасы мен үлкен інісі ерте қайтыс болып кетеді. Өлеңді он бір жасынан шығара бастайды. Есейген соң комсомол мүшесі атанады. Дерек бойынша сол кезде сайлау науқанына байланысты, Мұқағали құжатқа өз туған күнін өзгертіп берген көріеді.
Мұқағали ҚазМУ-ға филология факультетіне оқуға түседі. Бірақ оны аяқтай алмайды, туған жері Шибұтта ауылдық кеңестің хатшысы болады. 1949 жылы Лашынмен отау көтереді. 1950 жылы Алматыда Шет тілдер институтына неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, оны да аяқтай алмайды. 1962 жыл Алматыға қоныс аударып, аяқталмай қалған оқуын аяқтайды. Сонымен қатар Мәскеудегі М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтында оқиды.
Мұқағали он бір жасынан өлең жаза бастаған. Алғашқы өлеңдері аудандық газеттерде жарық көреді. 1949 жылы «Советтік шекара» газетінде «Қойшы бала-әкітай», «Қырман басында» деген өлеңдері жарияланады. «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енеді. Алғаш Мұқағали талантын байқаған Ә. Тәжібаев: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» деген екен.
Мұқаңның отты қаламынан туған «Қарлығашым, келдің бе?» , «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Соғады жүрек», » Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» атты жыр жинақтары бар. «Қош, махаббат!» атты прозалық кітабы бар. Мұқағали ақын, жазушы ғана емес аудармашы. Ол көзі тірісінде үш аударма кітабын жарыққа шығарып үлгерді. У.Уитмен, «Шөп жапырақтары», У.Шэкспир, «Сонеттер», Д.Алигерьи, «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімі. Сонымен қатар ол Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргунның өлеңдерін аударды.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі. Адам дүниесін түсінуге деген құлшыныс. Өзінің бір сөзінде: «Тіпті де мен емес-ті «Мен» дегенім… Өзгенің жаны сырын ұғыну үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін» дейді. Мұқағали поэзиясы өзін-өзі зеттеуден тұрады. Ол алдымен өзгенің емес, өзінің табиғатын ұғынатын, өзінің қатпарларына үңілетін, терең толғанып барып қана ой тұшынатын. Сол себеті де оның өлеңін оқыған әрбір адам, сол өлеңнен өзінің ішікі сезімдерін көретін. Мұқағали — жасырынып жатқан сезімдер мен ойлардың құлыпшысы еді, кез — келген адам аша алмайтын сыр сандықтың бұғауын шешті. Қазақ поэзиясына жаңа бағыт, жаңа леп алып келді.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев 1976 жыл Алматы қаласында дүниеден өтті. Бірақ ақынның өзі өлседе, өлеңі өлмек емес. Мұқағали Мақатаев «Ғасыр ақыны.» Көзінің тірісінде қадірі болмаған сап алтынымыздың, өлгеннен кейін, орны лағылданда жоғары болмақ. Мынау ағы мен қарасы алмасқан, жанталасқан бір кем дүниеден тіпті темір адамның өзі шаршайды, сондай да адам жанына тыныштық іздейді. Рухани жан ләззатын көздейді. Сондай да Мұқағали өлеңдері сенімен бір тыныстайды.
Оның 650-ден астам лирикалық өлеңдерінің барлығы да адам өмірінің мәнін, махаббат пен пәктікті, сұлулық пен кербездікті, батырлық пен ерлікті дәріптеп тұрады. Оның өлеңдерінің шоқтығы биік, ал өзі болса қазақ поэзиясының падишасы. Және солай болып қала да бермек.