Президенттің ұлы Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды

0

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы Сердарды экономика және банк саласы, халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс бойынша вице-премьер етіп тағайындады. Ол бұл шешімі туралы үкімет отырысында хабарлады.

Бердімұхамедов 39 жастағы ұлын жаңа қызметке тағайындар алдында оны Жоғарғы бақылау палатасы төрағасы және Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің мүшесі қызметінен босатты.

Бердімұхамедов ұлын президенттікке дайындап жатқанға ұқсайды. Сердар ақпанда Жоғарғы бақылау комитетінің төрағалығына тағайындаған соң оның биліктегі рөлі арта түсті. Кейінгі кезде Сердар Бердімұхамедов шетелге сапарларда үкімет делегациясын басқарып жүр.

Сердардың саясаттағы карьерасы 2016 жылдың соңында бастады. Сол кезде ол Түркіменстан парламентінің мүшесі болып сайланды. Содан бері оның карьерасы өсіп келеді.

Ресми басылымдар оны «халықтың ұлы» деп атап, әкесімен жұрт алдына шығуы «ұрпақтар сабақтастығының символы» деп бағаланады.

Бердімұхамедов үкімет отырысында мемлекеттік аппаратта біраз өзгерістер енгізді. Ол елдегі беделді саясаткердің бірі Шамухаммед Дурдылыевты қызметінен алды. Дурдылыев министрлер кабинеті төрағасы орынбасары қызметінен «Ашғабат-сити» құрылыс жобасының жетекшілігіне ауысты.

Ашғабат әкімдігі мен елдің орталық банкінде де кадрлық өзгерістер болды. Орталық банк төрағасының орынбасары Муратдурды Ораздурдыев «дұрыс жұмыс істемегені үшін» сөгіс алды. Ел экономикасына жауап беретін бірнеше шенеунікке де сөгіс жарияланды.

Кадрлық өзгерістер мен сөгіс жариялау елде экономикалық жағдай қиындаған тұста болды. Түркіменстанда қазір жұмыссыздар көбейіп, азық-түлік тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Ел ақшасы манат сәуірден бері рекордтық көрсеткішке құнсызданып кетті.