Ескелдіде бассейнде жасөспірім қыздарға тиіскен азаматты тұрғындар жазаламақ болды (видео)

0

Алматы облысындағы демалыс орнында ер адам бассейнде шомылып жүрген жасөспірім қыздарға тиісті деген күдікке ілініп, ұсталды деп хабарлайды Stan.kz агенттігі.

«5 шілде сағат 18:30 шамасында полицияға демалыс аймағында демалған әйелден суға шомылып жүрген 16 жастағы қызына тиіскен ер адамға қатысты шара қабылдау туралы арыз түсті. Қазір күдікті анықталды, ол Ескелді ауданы Қарабұлақ ауданының 34 жастағы тұрғыны», – дейді Алматы облысы полиция департаменті.

Демалыс аймағында түсірілген видео taldykorganec.insta паблигінде жарияланды. Жазба авторының айтуынша, ер адам бассейнде қызы мен сіңлісіне тиіскен.

«Оның бұл қылығы сексуалдық сипаттағы ерсі әрекетке ұқсады. Мекеме әкімшілігіне шағымданғанымда, олар маған мұндай жағдай болса, балаларыңыз бассейнде шомылмай-ақ қойсын деп жауап берді. Қызым 17-де, сіңлім 18 жаста. Бұл қалай сонда деп сұрадым? Мен ақша төледім, ал балаларым жағада отыруы керек пе?! Осыдан кейін әкімші күзетшіні шақырып, әлгі адамды табуды сұрады», – деп жазды автор.

Күдіктіні тапқан кезде, оның айналасына бір топ адам жиналып қалған. Пост авторының сөзінше, ер адам мас болыпты.

Демалып жүрген адамдар болған оқиғаны видеоға түсіріп, ер адамды «педофил» деп атады. Алайда ол бәрін жоққа шығарып, былапыт сөздер айтқан. Видеодан оқиғаның соңы төбелеспен аяқталғаны көрінеді.

Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-тармағы «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалды шешім қабылданады.

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!