Қытайды астыртын қолдайтын қазақстандық саясат пен мүдделі күштер бар

0

Бекзат МАҚСҰТХАН: Қытайды астыртын қолдайтын қазақстандық саясат пен мүдделі күштер бар

– Өткен аптада бір топ қандастарымыз Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасының алдында ереуілге шыққан еді. Осы наразылық акциясының нәтижесі қалай болды?

– Қытай консулдығы алдында тоқтаусыз өтіп жатқан пикеттің белсенді қатысушысы Байболат Күнболатұлы 22 маусым күні ұсталып, 15 күнге қамауға алынған еді. Ертеңінде осы шешімге қарсылығымызды білдіріп, наразылық көрсетіп, полиция басқармасы алдына жиналдық. Байболатты қолдаушы топ 25 маусымға қараған түні басқарманың алдында түнеп шықты. Олар «заңсыз пикет ұйымдастырған» деген айыппен қамалған Байболатты босатуды талап еткен еді. Жұмаға қараған түні қалада жаңбыр жауып, ауа райы салқындап кетсе де, пикетшілер басқарма алдынан кетпеді. Халық жан-жақтан қолдап, бізді танымайтын адамдар келіп, ас-суды үйіп тастады. Тоңып қалмасын деп, астымызға төсеніш, көрпе, күртеше, спорттық киім, бәрін әкеліп берді. Екі-үш күн наразылыққа шығып, сол жерден қайтпағанымыздың нәтижесінде полициясы бар, прокуроры бар – бәрі Байболаттың жаза өтеу мерзімін 7 күнге қысқартты. Сол шешімге риза болғаннан басқа амалымыз қалмады. Осыны естіген соң бейбіт түрде үйімізге тарастық.

– Дегенмен Қытайда қудалауға душар болған қазақтарды құтқаруға елдегі басқа қазақтардың самарқау қарап отырғаны қалай?

– Оның себебі – біздің ел тәуелсіздік алғаннан кейін,1992 жылы Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бастап, өзінің «жансыздарын» Қазақстанға кіргізіп, жергілікті адамдардан өзіне жұмыс істейтіндерді дайындаған. Отыз жылдағы нәтижесін көріп отырмыз: біздің қоғамда Қытайдан келгендер мен осы жергілікті жердегілер – азамат деуге аузым бармайды, біразы қытай үшін жұмыс істеп отыр. Оның кейбіреуі экономикалық мүддесі үшін бастары шырмалып, кейбірі келешекте саяси жақтан Қытайдың қолдауымен мансапқа ие боламыз деген үмітпен жүрген сыңайлы. Қоғам қайраткерлері мен елге белгілі азаматтардың үнсіз қалуының бір себебі осы. Сонымен бірге көптеген адамдар қоғамдық-саяси мәні бар ұлттық мәселеге бей-жай қарайды. Азапқа түсіп жатқан, қорлық көрген, тарыдай шашылған қазақты кім қорғайды сонда?!

– Қытайда із-түзсіз жоғалған туыстарын іздегені үшін азаматтардың әкімшілік жазаға тартылып жатқанын әлемдік қауымдастық түсінбей отыр. Қазақстан билігінің осы озбыр әрекеті Қытайдың алдында ақталудың амалы ма, осыны сіз қалай түсінесіз?

– Қытай консулдығының алдына барған, туысын жоқтап, бейбіт пикет өткізген қазақтарға қысым көрсетілуі – Қытайдың Қазақстанға деген ықпалының күшті екенін көрсетеді. Оның да себептері көп: қазақ үкіметі Қытайдың алдындағы миллиардтаған қарызы үшін экономикалық түрде шырмалған. Екіншіден, өзімнің бір жеке күдігім бар, жоғары дәрежедегі лауазымды шенеуніктердің ішінде Қытайға бүйрегі бұрып тұратын, солардың мүддесіне қызмет істейтіндердің де ықпалы бар сияқты. Полицейлерді айдап салып отырғандар да солар.

Үшіншіден, елдегі күштік құрылымдағы қызметкерлер ақпаратты талдап, санасынан өткізбейді, тек бұйрықты атқарушы роботтар. Олай демеске амал жоқ, бастығынан бұйрық келді екен деп бас салып, ұрып-соғу әрекеттеріне басқадай не деуге болады? Полицейлердің әйел затына қол көтеріп, теуіп, жерге құлатқанын да көзіміз көрді. Полицияда адамға жан ашу, анаға, қызға қол көтермеу деген түсініктер жоқ, сана-сезімдері надан. Қазақ үкіметі Қытайды сынаудан қашқақтайды және жария түрде Пекиннің саясатымен келіседі. Біз ешқашан үкіметтің ісіне араласқан жоқпыз. Біздің экономикалық мүддеміз де, саяси мүддеміз де жоқ. Біз тек адам құқықтарымен айналысамыз. Сол үшін де қысымға ұшырап отырмыз, полиция бізден жиі жауап алады.

– Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайдағы «саяси үйрету орталығына» қамалған және себеп-салдарсыз бірнеше жылға сотталған қазақтарды іздестіру ісіне назар аудармай отырғаны мәлім. Қазақстан билігі мұсылмандарға қатысты жасалып жатқан репрессияны «Қытайдың ішкі ісі» деп, қол қусырып отырғаны қандай саясаттың салдары деп бағалайсыз?

– Біздің үкімет Қытайда геноцидке ұшырап жатқан қазақтар үшін нақты бір жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Қытайда туыстары қамалған, із-түзсіз жоғалып кеткендер жөнінде Сыртқы істер министрігіне талай рет хат жаздық, оған СІМ екі-ақ түрлі жауап беруді әдетке айналдырған: біріншісі – «Қытайдың ішкі ісі» деген мағынада болса, екіншісі – «назарда ұстап отырмыз» дейді. Бірінші жауаптың астарында «тікелей ол іске араласпаймыз, басымызды қатырма» деген жауап тұрғаны анық. Екіншісі – алдаусыратудың амалы. Ешқандай жағдайды назарға алып, қадағалап отырғанын көрген де, білген де жоқпыз. Хат жазғандарды жұбатып, үміттендірудің айласы. Жұмыс істеуге талпынып отырған түрлері де жоқ.

Осыған кедергі болып тұрған мәселе – Қазақстан Шанхай ынтымақтастық одағына (ШОС) қол қойған. Осы ұйымда «бір-біріміздің ішкі ісімізге араласпаймыз, бір тарап «террористік топ» деп таныса, екінші тарап оны қолдайды» деген тұрғыдағы келісімге Қытай жағы қол қойдырып алған. Яғни, Қытай Шығыс Түркістанда терроризм мен экстремизм өршіп кетті деп жала жауып, жағдайды қоюландыру насихаты жалған екені белгілі болса да, ШОС шарттарына қол қойған Қазақстан Қытайдың жаласы өтірік екенін білсе де, шын деп мойындауға мәжбүр.

Дегенмен адам құқықтарын қорғауға қатысты халықаралық конвенцияға қол қойғанын көлденең тартып, Қазақстан билігі екінші жақтан өз қазағын қорғау ісімен айналыса берсе болар еді ғой! Сол құжаттың талаптары бойынша Қазақстан азаматтары өзінің бірге туған туыстарын іздеуге, сұрастыруға құқылы болса, мемлекет те отбасының басын қосуға құқы бар. «Бұл Қытайдың ішкі ісі» деп, қол қусырып, қарап отырмай, әрекет етуге толық мүмкіндік бар. Сондай мүмкіндікке Қазақстан билігі мән бергісі жоқ.

– Иә, қандастардың жағдайы үлкен саясатқа ұласты. Бірақ қазақтың оннан бірі болатын қандастарымызды саяси билікке араластырмауға мүдделі топ астыртын әрекет етіп жатқан сыңайлы…

– Әрине, ондай топтың барына кәмілмін. Қытайдағы қазақтардың басына түскен зұлматты барынша бүркемелеп, «ол жақта бәрі жақсы», «Қытай үкіметі тек экстремизм мен сепаратизммен күресіп жатыр» деп, теріс насихат жүргізетін арнаулы топтар бар. Олар Қытайға жұмыс істей ме, жоқ әлде бір мүдделі саяси топтың жандайшабы ма – ол жағы белгісіз.

Қытайдағы репрессиялық саясатты ашық әшкерелеп жүрген біз сияқты «Нағыз Атажұрт» ұйымына да қарсы қаралау әркеттері жүріп жатыр. Бұл жерде белгісіз бір күш қазақтардың басының бірігуіне қарсы немесе сыртта жүрген, яки сырттан келген қандастардың ішінен шыққан сөзі өтетін, ықпалды азаматтардың аяғынан шалатындар бар.

Сырттан келгендердің ойлау жүйесі басқа, Қазақстанды шын мәнінде қазақ тілді, қазақ салтымен қалыптасқан ұлттық мемлекет тұрғысында көргісі келеді. Бірақ ондай оң ниет ішіміздегі көрші империялардың сойылын соғатын, соларға құл болып, тәуелсіз болуды артық санайтын сыртқы күштерге ұнамайды. Сондықтан бізге кедергі көп болып тұр.

Тағы да қайталап айтамын: «Нағыз Атажұрт» Қазақстанның ішкі жағдайына, әсіресе саяси мәселелерге көп араласпайды. Негізгі көтеретін тақырыбымыз – Қытайдағы қазақ мәселесі немесе Қазақстандағы қытай мәселесі.

– Бұл сұрақтың астарында кеңестік заманнан қалған «мұздақ» бар: мәселен, сол заманда 1958-61 жылы Қытай елінен келген азаматтарды коммунистік партия қатарына, комсомолға алуға, басқару қызметіне тартуға шектеу қойылатын. СОКП-ның сорақы саясаты бойынша, «Қытайдан келгендер» деген атау таңылған қазақтардың дені мал бағудан арыға жіберілмейтін. Бүгінде қандастарымыз қоғамның түрлі саласында өз қалаулары бойынша қызмет етеді дегенімізбен, саяси билік пен мемлекеттік басқару саласында қандастар жоқтың қасы…

– Иә, бұл ойыңызға қосыламын. Сырттан келген қандастарды көп жағдайда өте маңызды мекемелерге қызметке алмайды. Мемлекеттік органдарға, құпия қызметке, стратегиялық маңызы бар мекемелерге жұмысқа қабылдамайды. Біліміне, білігіне қарап жұмысқа тұру – ілуде бір қандастың басына бұйыратын бақ шығар.

Кеңес Одағы кезіндегі қазақты бөле-жару саясатының сарқыншағы әлі сақталған. Осы мемлекеттің таза қазақ ұлтының мемлекеті болғанын, қазақ тілінің үстемдік құрып, ұлттық дәстүр қалыптасқанын, Қазақстан халқының ойы мен санасы қазақыланғанын қаламайтын ішкі және сыртқы күштер бар.

– Еліне сыймай, қуғынға түскен «Нағыз Атажұрттың» серкесі Серікжан Біләшпен хабарласып тұрасыздар ма? Серікжанның Халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау көрсету қызметі қалай болып жатыр?

– Әрине, хабарласып тұрамыз. «Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымын құрушы, халықаралық дәрежедегі құқыққорғаушы Серікжан Біләшұлы қазір Америкада. Халықаралық ұйымдар бізге де, Серікжанға да көмектесіп жатыр. Айта берсек, көрген қолдауымыз көп. Оның ең маңыздысы – өткен аптада You tube желісіндегі «Нағыз Атажұрттың» арнасы жабылған кезде адам құқығын қорғайтын әлемдік халықаралық қауымдастық, Қытайдағы геноцидке бей-жай қармайтын ғалым-зерттеушілер, саяси мәртебесі бар тұлғалардың бәрі тік тұрып қолдады, You tube әкімшілігіне ықпал жасау арқылы арнамызды қайтадан ашып берді. Арнамыз 100 пайыз толық қалпына келді, осыдан-ақ бізге деген халықаралық қауымдастықтың қолдауын білуге болады.

– Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесіндегі ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман топтарға «геноцид» жасады деп айыптаса, Пекин мұны жоққа шығаруда. Осындай саяси текетірес жағдайында Қытайдағы қазақтардың елге қарай көші-қон ісі тағы да баяулап қалғанын қалай бағалайсыз?

– Қытай компартиясы 2016 жылдан бері Шығыс Түркістанға қарсы жүргізіп жатқан қанқұйлы саясатын халықаралық қауымдастыққа «экстремизммен күрес» деп түсіндіруге тырысты, әрекеттерін халықаралық нормаға сай деп, барынша жасырды. Серікжан Біләшұлы мен «Нағыз Атажұрттағы» азаматтардың жанкешті тірлігінің арқасында халықаралық қауымдастықтың «геноцидке» көзі жетіп, айыптап, Қытайдың адамзатқа қарсы саясаты әлемге әшкере болды. Осы жағдайда Қытай өзінің қылмысын жасыру үшін, елдің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін жүргізілген әрекет деп ақтала алмайтынын білгендіктен, Шығыс Түркістандағы геноцидті көзімен көрген қандастарымызды, қазақтарды Қазақстанға жібермеу, барынша кедергі жасау саясатын қолданып жатыр. Себебі бір қазақ келетін болса, оның қылмысын әшкерелейтін, қылмысына куә болатын бір адам көбейетінін сезіп отыр. Сондықтан да Қытай бүкіл құжаттары реттелген, визасы ашылған Қазақстанның азаматтығы бар азаматтардың өзін бері қарай жібермей отыр. Өзінің қылмысының ашылуынан қорқып, қазақтардың елге қыдырып, туыстарына келуіне, бизнеске байланысты жұмыстарын жүргізуіне кедергі жасауда.

– Қандастар мәселесімен тікелей айналысуы тиіс ұйымдар – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» қорының осы орайдағы жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Бұл мекемелер ешқандай нәтижелі жұмыс жүргізіп отырған жоқ. Тіпті олардың немен айналысатынынан хабарымыз жоқ, өздерінше жұмыс жүргізетін шығар, олардың қай бағытқа бұрылғанынан да хабарсызбыз. Егер қандастар мәселесімен айналысса, бізге үн қосу керек еді. Осында келгендерге, тірі жесір, тірі жетім атанып, қамкөңіл болғандарға экономикалық әрі рухани көмек көрсетуі керек еді. Өкінішке қарай, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» қорында осындай суықбауыр жағдай орын алды. Қытайдың геноцидтік саясатынан зардап шеккен бірде-бір қандасымыздың аузынан «Қауымдастық пен Қор көмектесті, жеңілдік жасады, қолқабыс етті» дегенін естімеппіз.

– Қандастар үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жансын, Бекзат мырза!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«DAT».

01.07.2021.