Тағы дау: Талғат Мұсабаев аутизммен ауыратын балаға тіл тигізген

0

Тағы бір әйел депутатқа айып тақты, оның айтуынша саябақта итімен қыдырып жүрген баласын Мұсабаев балағаттап, итеріп жіберген, деп жазады Sputnik.kz.

Астана тұрғыны Әлия Әбдібайытова ғарышкер-сенатор Талғат Мұсабаевты былтыр қыста триатлон паркте аутизммен ауыратын баласына ұрсып, балағаттады деп айыптады.

Айта кетсек, 25 шілдеде астаналық Алина Нұртас Мұсабаев қол көтерді деп мәлімдеді.

Жанжалға қыздың иті себеп болған. Нұртастың айтуынша, депутат дөрекі мінез танытып, иығынан жұдырықпен бір ұрады. Ол полиция шақырған. Талғат Мұсабаев қыздың таққан айыбын жоққа шығарып отыр.

Екі күннен кейін елорданың тағы бір тұрғыны Әлия Әбдібайытова әлеуметтік желіде осы секілді оқиға былтыр қыста болғанын жазды. Дәл осы саябақта Талғат Мұсабаев әйелдің аутизммен ауыратын баласына тиісіпті.

«Қыста триатлон паркте итпен қыдырып жүрген Әмірге ер адам агрессия көрсеткен. Ол үйге келгесін ер адамның оған ұрсып, балағаттап, итеріп жібергенін айтты. Бұл жағдайға кішкентай ит себеп болған», — деп жазды Әбдібайытова Instagram-парақшасында.

Әйелдің айтуынша, Әмір – аутист, сондықтан лайықты жауап бере алмаған, бірақ саябаққа шыққан сайын осы оқиғаны еске алады.

«Мен Әмірдің алдамайтынын білемін. Бүгін құрбым триатлон паркте осы адамның қатысуымен болған оқиға туралы жазылған мақаланы жіберді. Мен Әмірге ер адамның суретін көрсеттім, ол өзін боқтап, итеріп жіберген ер адамды таныды», — дейді елорда тұрғыны.