Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігін кеңейткен
…Сол күні автомобиль апатынан кейін есін жиған Құралай ауруханада жатқанын сезеді. Көзін ашып қараса жанындағылардың бәрі жылап отыр. «Тірі қалғанымды білген кезде өзімді бақыттымын деп ойладым. Хирург-профессор маған жақындап, бетіме төне ойлана қарап тұрды да, бір кезде: «Құралай сіздің аяғыңыз сал болып қалды. Естіп тұрсыз ба?» дегені. Бұл сөзді құлағым шалғанда автоклуб көлігінің дөңгелегі астында өліп кетпегеніме кәдімгідей қуандым. Тіпті менде дәл сол сәтте қорқыныш, үрей, түңілу сезімі болмағанына әлі күнге дейін қайран қаламын», дейді Құралай.
Рухы жоғары, ерік-жігері мол жан ауруханадағы төсекке таңылған сегіз айдың ішінде осы өршіл, оптимистік ойынан айнымай, күйреуік көңіл күйге бой алдырмай жеңіл эйфория жағдайында болыпты. Сол бір ауыр күндерде, әрі сол оқиғадан бергі уақыттың бәрінде жары Қуандыр, ұлы мен қызы және құрбысы Қарлығаш қасынан табылды. Барша туысқандары мен достары қолдады. Сөйтіп қос аяғы жансызданып қалса да бұл жағдай қайсар қазақ қызының сағын сындыра алмады. Өмірге деген құштарлық I топтағы мүгедек Құралай Бәйменованы 1993 жылдың басында Қандыағаш қаласындағы коммерциялық телеарнадан бір-ақ шығарады.
Мамандығы бойынша бастауыш мектептің мұғалімі балалардың бос уақытын ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Кейін Қандыағашта аудандық мәдениет бөлімінің қызметін ұршықтай иірген Құралай аталған телеарна арқылы күн сайын тікелей эфирден тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өзгерістер, жеке істі қолға алған ауыл адамдары және алғашқы кооперативтердің құрылғаны жөнінде дүркін-дүркін хабар жүргізеді. Бұл сол кезде ел бойынша тұңғыш жеке авторлық телеарнаның бірі болғанын атай кеткен жөн. Қ.Бәйменова өтпелі кезеңде өз бастамасын қолдаған барша азаматтарға ризашылығын жеткізді. «Сол жылдарда арқасүйер азаматым Қуандыр мені төртінші қабатқа арқалап шығарып, арқалап түсіріп жүрді. Қуандырым мені осылай қуантты. Менің жетістіктерімнің тоқсан пайызы Қуандырдың қамқорлығы мен қолдауының арқасы», деп қиын жылдарын тебірене еске алды Құралай.
Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдайтын қоғамдық бірлестік құру жөніндегі ой Құралайға қашан келді? Бұл сауалға кейіпкеріміздің әңгімесінің желісімен жауап қайтарар болсақ, апатқа тап болған кезден кейін оның адамдардың өмірі мен тұрмысы туралы түсінігінде көптеген өзгеріс орын алды. Содан бастап ол ауруханалар мен көшелерден, дәстүрлі емес емдеу орындарынан сырқаты ауыр балалар мен ересектерді көреді. Дені сау кезінде бұған аса зейін сала қоймапты. Әрі олардың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектері үнемі орындала бермейтініне де көз жеткізеді. Құралай оларға өз мүмкіндігі шеңберінде көмектесу қажет деген тоқтамға келді.
Қандай іске де өзіне өзі сенген адам ғана бел буа алады. Бұл мәселеде Құралай да өзіне өзі сенімді болды. Әрине осылай істе, орталық құр деп оны ешкім қыстамағаны, өтінбегені белгілі. Кезінде Құралайдың бұл қадамын қабылдай алмағандар да кездескен екен. Әңгіме төркіні «Қарағым, өзің мүгедек арбасымен жүріп не бітірмексің? Шамаңа қарамайсың ба?» дегенге саяды. Бүгінде мұндай әңгімелердің сарыны да жоқ.
Жиырма жыл ішінде Қ.Бәйменованың бастамасымен қоғамдық бірлестік қол жеткізген табыстар мен нәтижелер жеткілікті. Ұйымда мыңнан астам мүгедек жан есепте тұрады. Аталған орталық бірінші кезекте әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінде ақтөбелік ұйымның тәжірибесіне осы тектес бірқатар республикалық және халықаралық ұйымдар қызығушылық танытып отыр. Бірлестіктің материалдық-техникалық базасы уақыт алға жылжыған сайын нығая түсуде. Қ.Бәйменова жетекшілік ететін орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді кәсіби де сапалы деңгейде ұсынып жүр. Мұндағы жұмыс орындарының саны да жылдан- жылға өсе түсуде.
– Бірлестік қызметі тұрақты да жүйелі сипатқа ие. Мұнда қоғамдық қабылдау тәртібі орныққан. Мүгедектерді белсенді түрде сауықтыру кабинеттері жұмыс істейді. Осының бәрі ұйымшыл ұжым басшысы Құралай Базарбайқызының тынымсыз еңбегінің жемісі. Ол өңірдегі барлық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) құрылымдарының ақылшысы, тәлімгерлік қозғалыстың бастаушысы, әрі «Біз біргеміз» атты бүгінде дәстүрге енген тұрақты акцияның дем берушісі, – дейді Ақтөбе облысындағы ҮЕҰ қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенова.
Бүгінде мемлекет пен ҮЕҰ-ның ортақ жобасына сәйкес республикада «Ең үздік әлеуметтік жоба» аталымын иеленген де Құралай Бәйменованың жобасы. Яғни, оның атқарушы органдарға түсірген ұсынысы бойынша Ақтөбеде арнаулы тұрғын үй құрылысы жобасы жүзеге асты. Арбаға таңылған мүгедектер үшін арнайы салынған коммуналдық үйлерде мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасылары тұрады. Оның бірінші қабатында әлеуметтік мекемелердің кеңселері орналасқан.
Сондай-ақ Құралай Базарбайқызы мүгедектердің арбасын жөндейтін, оған техникалық қызмет көрсететін арнаулы станса жобасын ұсынып отыр. Егер қаржылық тұрғыдан шешімін тапса бұл еліміздің әлеуметтік мекемелеріне қажет жобаның бірі болмақ. «Өйткені елімізде мұндай өнім шығаратын зауыт жоқ. Мүгедек арбалары бізге Қытай, Ресей және Германия мемлекеттерінен жеткізіледі. Сондай-ақ ел ішінде арнаулы арбалар бойынша мүгедектердің сұраныстары толық қанағаттандырыла бермейді. Сондықтан да бізге мұндай арнаулы станса қажет», дейді Қ.Бәйменова. Орталық бастамасымен жүзеге асқан «Инва-такси» қызметі мен тігін цехы да жасампаз жобалардың тізбегін толықтыра түседі.
Қазіргі кезде Құралай Бәйменованың бастамалары, идеялары мен ұсыныс-тілектері барша әлеумет пен атқарушы органдар тарапынан ұдайы қолдау тауып келеді. Оның алға қойған ой-мақсаты қашанда биік, қашанда асқақ. Тоқтау мен тежелуді білмейтін, рухы биік, өресі жоғары, талғамы терең адамдарға тек жақсылық жасауды мұрат тұтқан жасампаз жобалар иесі үлкен жолдың үстінде келеді. Ол өмірге өте құштар жан. Осы құштарлық оны қай кезде де жаңа тың жобаларға бастамашы болуға талпындыра түседі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ