Нұржан Әлтаев: ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫ билік қолдан жасап отыр

0

Соңғы кездері саяси сахнаға жаңа тұлғалар немесе ұйымдар шығып, белсенділік таныта бастаса болғаны – бұл «биліктің жобасы», бұның артында пәленше-түгенше тұр деген сыңайдағы сөздің тарауы әдетке айналды. Әрине, ол «әдеттің» негізгі авторы – билік және оның саясат технологиясын жасайтын ведомстволар. Себебі протесттік топтардың арасындағы бір-біріне деген сенімсіздіктің күшеюі – бірінші кезекте билікке тиімді екені айтпаса да түсінікті. Қоғамды бөлшектеп билеудің бұл технологиясы тұрғысында Қазақстан әлем елдерінің алдыңғы қатарында. Бұл орайда біздің ел әлдеқашан алғашқы «отыздыққа» еніп қойған.

Сондықтан азаматтық қоғамға қосылған қандай да бір саяси күштерге ақпараттық қолдау білдіру – біздің редакциялық саясаттың бір бағыты. Осындай жаңа күштердің бірі – мемлекеттік тіркеуден өте алмай жүрген «Ел тірегі» партиясы. «Ел тірегінің» елге қаншалықты тіреу бола аларын және ұйымның көздеген мақсаттарын білу үшін, оның жетекшісі Нұржан Әлтаевты әңгімеге тарттық.

– Нұржан мырза, құрылып жатқан «Ел тірегі» партиясының мәселелерінен бұрын, сізбен сұхбаттасуды ел-жұрттың жырына айналған картоп пен сәбіздің валюта құнына пара-пар бағасынан бастайықшы. Аграрлық елміз деп отырған Қазақстанда бағаның бұлай шарықтауы естіген сырт елдерден ұят болды: келісі жарты мың теңгеден асып кеткен бұл қайдан және қалай пайда болған баға?

– Сөз жоқ, картоп бағасының бір жылда – 38, сәбіздің – 45 пайызғы өсуі, әрине, жаға ұстарлық. Бұл тек ресми деректер. Шындығында, өткен жылы 150 теңге тұрған картоп биыл 500 теңгеден асып кеткенін көзімізбен көріп отырмыз. Яғни, шын мәнінде картоп пен сәбіздің бағасы 200–300 пайызға шарықтады.

Шынын айтуымыз керек, елде «қымбатшылық болады екен» деген әңгіме жыл басында басталған. Бұл қауесетті үкіметтің өзі отқа май құйғандай өршіте түсті. Әсіресе ауыр жүк көлігін жүргізушілер үшін ақылы жолдың құнын арттырған кезде «енді баға өседі» деген сөз қаулады. Артынша, міне, базар бағасы шарықтай жөнелді.

Анығында, ақылы жол жүйесін іске қоспас бұрын, жүруге жарамды заманауи жол салу керек еді деген сөздің де реті бар. Қараңызшы, Елордадан 100 шақырым шықсаң болды – жөні түзу жол жоқ. Ойдым-ойдым, шаңы шыққан қара жолға ақы талап ету – шектен шығу. Дағдарыстан қалтасы қағылған үкімет далбасалап қалды.

– Рас, әйтпесе ақылы жолдың тарифі азық-түліктің бағасын 200 пайыздан асырып жіберуі мүмкін емес еді…

– Әлбетте! Қарапайым тілде «дальнобойщик» деп аталатын қауым үкіметке өз жауабын берді: жүк тасымалы тоқтап қалды. Үлкен қалаларда құрылыс материалдары, азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністің тапшылығынан баға бірден өсті. Тапшылық – бағаға әсер етері табиғи үрдіс.

Турасын айту керек, бүгінгі үкіметтің «топастығы» салдарынан оның алдында жанар-жағармай бағасы өсті. Осыдан кейін қымбатшылық болмай қайтсін? Қысқасын айтқанда, бұл қымбатшылықты биліктің өзі қолдан жасады. Енді келіп, президент Тоқаев мырза елге үндеу жасап, «бағаны тұрақтандыру» керек дегенді айтып жатыр. Мұны үкіметтің күлкілі жобалары басталарда айтуы керек еді. Ал бізде бәрі кереғар.

– Жалпы, сіз бүгінгі үкіметте халықтың әлеуметтік жағдайына қарайласатын экономикалық саясат бар дегенге сенесіз бе?

– Негізі, Әкежан Қажыгелдиннің үкіметінен кейін бізде дұрыс экономикалық саясат жүрмеген. «Бизнестің жол картасы», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты «нұрдан» басталатын бағдарламалар көп. Бірақ бұлардың бәрі бюджеттен «заңды» түрде қаражат шығарып, шенділердің қалтасын қалыңдату үшін ғана арналған. «Бизнестің жол картасы», мысалға, кәсіпкерлерге көмек емес, керісінше, «қамшы» болды. Талай бизнес күйреді. Ауыл шаруашылығы саласында, мысалы, фермерлер «қоңыз теріп» кетті. Есесіне алып корпорациялар, миллиондаған гектар жері бар латифундистер пайда болды. Ең сорақасы – бұлар билікке жақын адамдар.

Ал ең үрейлісі – алыптардың дені ресейлік немесе қытайлық кәсіпкерлер. Билік оларды «инвестор» деп атайды. Шындығында, олар біздің мемлекетке қаражат салуға келгендер емес. Оларды мен көршілеріміздің «Орыс әлемі» мен «Бір белдеу, бір жол» саясатын алып келгендер дер едім. Бұл – ел аман, жұрт тынышта жүріп жатқан таза экспансия. Өзіңіз қараңыз, азық-түлік өндірісі – ең маңызды сала. Ал бұл саланы біз өзіміз емес, біреудің қолына ұстатып қойдық. Бұл мемлекетке қауіпті саясат. Мұны мен тіпті барып тұрған сатқындық деп айтар едім.

– Соңғы кездері Асқар Маминнің мүмкін болар отставкасы туралы сөз шығып жүр. Елдегі жағдайды бір үкіметтің доғарысымен реттеуге болады деп ойлайсыз ба?

– Негізі, шындығына келгенде, бізде Министрлер кабинеті ешқашан тәуелсіз саясат жүргізбеген. Бізде бәрі бір адамның ғана қолында. Үкімет қана емес, сот, парламент, ақпарат құралдары, күштік құрылымдар – түгел бір адамның қас-қабағына қарап отыр. Кейінгі 30 жылға көз жүгіртіп көріңізші: егер үкімет тиімді жұмыс істесе, бұл «үлкен кісінің» көрегендігі, оның «салиқалы саясаты» болып есептеледі.

– «Үлкен кісіңіз» Назарбаев па?

– Әрине, одан басқа кім болушы еді?! Ал егер қандай да бір әрекеттер сәтсіз іске асса, онда оған үкімет айыпталып, отставкаға жіберіледі. Осы жолғы қымбатшылық пен пандемия кезіндегі экономикалық құлдырауға, әрине, Маминнің кабинеті айыпты. Бірақ үкіметтің ең басты айыбы – олар халыққа емес, «үлкен кісіге» жағайын деп жұмыс істегені. Назарбаев қанша жерден құдірет болса да, ол халық емес қой!

– Жуықта сіздер «Ел тірегін» құрудың шаруаларымен Шымкент жаққа барып қайтқан екенсіздер: қалың қазақ қоныстанған оңтүстік аймақтағы халықтың тұрмыс жағдайы нешік екен? Көзбен көрген не жағдайды сөз ете аласыз?

– Мен өзім Шымкенттенмін. Қала тұрғындарының жағдайын «тұрақты» деп айтар едім. Ойымды ашып айтайын: әзірге халық қайыршыға айланған жоқ, шіріген бай да болған жоқ; қарияларымыз зейнетақысына шетелде демалып жүрген жоқ; жастарымыз тың идеяларын іске асырып, бизнес ашып жатқан жоқ. Бәрі зейнетақыға қарап отыр. Арасында кейбірі базарға, таксиге шығып, бірін-бірі асырап жүр. Сөйтіп бұл «тұрақтылыққа» биыл 30 жыл болды.

– Ал енді бізге сол Шымкент жақтан жеткен хабарға қарағанда, «Ел тірегі» оңтүстікте үлкен саяси кампанияны бастапты деген сөз бар. Ендігі сөзді осы партиялық мәселеге қарай бұрсақ?

– Бұл бір оңтүстіктегі кампания ғана емес. Тұтас еліміз бойынша жүріп жатқан кампания. Осы күнде «Ел тірегі» партиясының өкілдігі Ақтөбе, Семей, Көкшетау, Қарағанды қалаларында ашылды. Басқа аймақтарда да партия филиалын ашпақ ойымыз бар. Осы уақытта өңірлерден қосылып, бізбен жұмыс жүргізіп жатқан белсенділер көп. Ол белсенділердің көбімен кездестім. Бір байқағаным – ел ішінде қазіргі жүйенің «бетсіз» саясатынан шаршағандар өте көп. Олардың әрқайсысы өздерінің тың ойларын ұсынуда. Олардың дені билікке жақпай, бірнеше тәулік абақтыға қамалған, айыппұл арқалағандар.

Мен таң қалдым: осы белсенділердің аузын жапқанша, билік олармен диалог орнатса ғой. Елге пайдалы, мемлекеттің дамуына септігін тигізетін ұсыныстар өте көп. Бірақ билік өз білгенін істейді. Ал белсенділердің барар жері, басар тауы қалмаған. «Ел тірегі», міне, осындай азаматтардың басын қосып, үлкен жұмыстарды қолға алмақ.

– Дегенмен «Ел тірегін» мемлекеттік тіркеуге алу мәселесіне билік сан түрлі сылтаулар ойлап тауып жатқан көрінеді. Сол қитұрқылықтың ең негізгілеріне тоқталып кетсеңіз?

– Иә, ол рас. Біз осымен 10-рет талпынып, Әділет министрлігіне арыз бердік. Біз әу баста заң аясында ғана жұмыс істейміз деп шешкенбіз. Сондықтан заңға сәйкес, партияның белсенді тобын құрып, аты-жөндерін тізіп, тиісті құжатты толықтай өткіздік. Алайда билік түсініксіз әрекеттер жасады. Басында үн-түнсіз құжаттарды қайтарып беретін. Сосын Әділет министрлігі «берілген тізімнің ішінде өлген адамдар бар» дегенді айтты. Сотқа бердік, тірі екенімізді дәлелдеуге тырыстық. Тіпті алғашында сот та биліктен талап етті: «Өлген адамдар болса, аты-жөндерін атаңыздар» деп. Алайда Әділет министрлігі түрлі сылтаулар айтып, «өлгендердің» атын атамады. Дегенмен соттан олар «жеңіп» шықты. Біз бүкіл партия болып, «Мен тірімін» деген флешмоб өткіздік. Әр адам өзінің видеосын жариялады.

Сосын Әділет министрлігі «тізімде көрсетілген адамдардың ЖСН (жеке сәйкестендіру номері) дұрыс көрсетілмеген» дегенді айтты. Ол да сылтау екен. Шындығында, қарап отырсаңыз, билікке қарсы сын айтқан саяси ұйымдар біздің елде тіркелмейді. Кейінгі 8 жылда бірде-бір ұйым тіркеуге алынбапты. Есесіне «экстремистік ұйым», «тыйым салынған ұйым» деген билікке жағымсыз ұйымдар қаптады. Ертең «Ел тірегі» партиясын да «тыйым салынған» деп танып жатса, таң қалмаңыз. Қазірдің өзінде біздің белсенді топ мүшелеріне түрлі қысым көрсетіліп жатыр. «Ел тірегінің» қатарынан шықпасаң, жұмыстан қуыласың деген қорқыту көбейді. Ондай мысалдар еліміздің барлық өңірінде бар.

Негізінде, билік бізден де, халқынан да үркуді қоюы керек. Одан да олар біздің айтқанымызға құлақ түріп, қоғамдағы талапты тыңдаса екен. Біз мемлекетке ешқандай қауіп төндіріп отырғанымыз жоқ. Мақсатымыз – елдің дамуына септігімізді тигізу.

– Бәлкім, партияны тіркеуге алуға кереғарлық етіп тұрған жағдай ұйымның сыртында тұрған саяси әріптестерге қатысты емес пе? Жалпы, «Ел тірегінің» негізгі саяси әріптес-демеушісі кімдер болуы мүмкін деген сауал қоғам ішінде де жиі айтылып жүргенін сезетін шығарсыз…

– Иә, ондайды мен де естідім. Біреуі мені биліктің ойыншығы десе, енді бірі Батыстың ақшасына жұмыс істеп отыр дейді. Тіпті біреулері мені Тимур Құлыбаевтың адамы дегенді де айтады. Иә, Тимур Асқарұлын танитыным рас. Ол кісінің қол астында, яғни «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер одағында жұмыс істедім. Кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясының мүшесі болдым, ҚР парламенті мәжілісінде де депутат болдым…

– Кейіннен оппозицияға өткен сонау Алдамжаров, Әбілсейітов, Қажыгелдин, Тұрсымбаев, Своиктан бастап, кейінгі «ДВК»-ның серкелері Әбілязов пен Жақиянов – барлығы биліктен келгенін еске алыңыз…

– Әрине! Менің жағдайым да солай болып тұрған сияқты… Бірақ қай жерде жүрсем де, бұның бәрі менің өз ойым, өз саяси көзқарасым жоқ дегенді білдірмейді. «Атамекенде» неге болдым? Ауыл шаруашылығы министрлігінде неге жұмыс істедім? Мәжілісте неге отырдым және не үшін қуылдым? Барынша ойымды ашық айтқым келді. Алайда билік мені «жау» санады. Ақыры шарасыздықтан оппозициядан көріндім.

Негізі, дұрыс айтасыз, қазіргі қазақ оппозициясында «аспаннан түскен» адам жоқ. Бәрі кезінде мемлекеттік органдарда жұмыс істеді. Оның бәрі өз ойын «бетсіз билікке», «керең үкіметке» жеткізе алмағандықтан оппозицияда жүр. Біз бұл жерде бір-бірімізді аяқтан тартып, «анау – мынаның адамы, мынау – ананың адамы» дегенше, тізе қосып, жұмыс істеуіміз керек. Халықты бекер митингіге айдап, автозактарға тыққанша, ұйымдасқан түрде жұмыс істеуіміз керек.

Осы мақсатта «Ұлттық мүддені қорғау кеңесі – Халықтық Парламентті» құрдық. Осы кеңеске 24 саяси ұйым кірді. Алайда шынын айту керек, сырттан сынап, кеңеске қосылғысы келмей жүрген тұлғалар әлі бар. Дегенмен олар да болашақта қатарымызға қосылады деген үмітім бар.

Ал демеушіге келсек, менің демеушім біреу ғана – халық. Рас, қаржылай қолдау танытып жүрген кәсіпкер азаматтар бар. Бірақ бизнесмендер ренжімес деп ойлаймын: олардың партияға берген миллионынан зейнеткер аға-апаларымыздың берген 500 теңгесі мен үшін әлдеқайда қымбат.

– Ал сіз қалай ойлайсыз: билік бұл партияны тіркеуге алуға неге өлердей қарсы болып отыр? Сырттан қараған адамға «Ел тірегі» айтарлықтай радикалдық ұрандар көтеріп жатпаған сияқты. Ендеше гәп неде, билік неге соншалықты қарсы болуда?

– Иә, біз радикалды әрекеттерге барғанымыз жоқ. Әзірге! Дегенмен бізді осы күннің өзінде «радикал», «экстремист» деп атап жүрген биліктің «құйыршықтары» бар. Олар ойлайды: «радикал» деген сөзді естісе, халық қорқады, теріс айналады деп. Алайда ол керісінше әсер беруде. Билік бізді қаншалықты қысса, халық бізге соншалықты көп қосылып жатыр. Сондықтан да мен билікке «Ел тірегі» партиясына адам жинауға көмек көрсетіп жатқанына алғыс айтамын.

Ал билік бізді неге тіркемейді? Өйткені олар парламентке немесе билік басына көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды шығарғысы келмейді. Мұндай жағдайда биліктің кейінгі 30 жылдағы қадамы екеу ғана: не қорқыту, не сатып алу. Жаңа парламентті қараңыз. Олардың қайсысын сатып алғанын, қайсысын қорқытқанын мен айтпасам да, халық беске біледі.

Ал біздің партия мемлекетке емес, қазіргі саяси жүйеге қауіпті. Біз сияқты азаматтар келсе, олар бюджеттен қаржы шығара алмайды. Түсініксіз бағдарламалар арқылы халықты қанай алмайды. Бірақ ерте ме, кеш пе, бұл жүйе өзгереді. Шыдамның да шегі бар. Тойымсыз биліктің әрекетіне халық әбден тойды!

– Егер партияны заң жолымен және бейбіт талаптар тұрғысында тіркету мүмкін болмаса, сіздер қандай амалға жүгінер едіңіздер?

– Біз ол әрекеттерімізді ашық айтып жүрміз. Бірнеше рет ресми мәлімдеме жасадық. Біз билікпен – биліктің тілінде сөйлесіп жүрміз. Заңды түрде қағаз талап етті ме, заңды құжаттарды өткіздік. Егер билік заңды белшесінен басты ма, онда өкпелемесін, біз де артымызда тұрған қалың қазақты бейбіт шеруге шақырамыз. Жаппай көшеге шығамыз. Әрине, біз алдымен заңда көрсетілгендей, ресми ескерту береміз. Бірақ әкім-қаралардың рұқсат берер-бермес жауабын күтпейміз. Ескертеміз де, шеруге шығамыз.

х

– Айтпақшы, «Ел тірегінің» бастамасымен елдегі демократиялық ұйымдардың үйлестіру кеңесі құрылған еді: азаматтық қоғам үшін аса қажетті бұл кеңестің бүгінгі жұмысы қалай жүріп жатыр, қоғамға танымал тұлғалардан кімдер оған мүше болды?

– Мұның алдында айтып өттім «Ұлттық мүддені қорғау кеңесі –Халықтық Парламент» құрылды деп. Атап өтуім керек, бұл кеңесті «Ел тірегі» басқармайды. Біздің партия басқа 24 ұйым сияқты –кеңестің тең дәрежелі мүшесі. Идея біздің партиядан шықты, бірақ біз мұнда тең құқылымыз. Әр кеңес сайын модератор ауысып тұрады. Отырыстар тартысты өтеді. Бүгінгі күнге дейін бірнеше резолюция қабылданды. Пикеттер жасалды. Олардың арасында саяси репрессияға ұшырағандарға бостандық талап етуіміз, ақылы жол мәселесіне қатысты, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы мен елдегі жалпы адам құқығы туралы құжаттар бар. Бұл құжаттарды біз мемлекеттік органдарға апарып тапсыруға тырыстық. Алайда олар түрлі себеп айтып, қабылдамаған. Десе де, біз электронды түрде жолдадық. Біріккен Ұлттар Ұйымының Елордадағы кеңсесіне барып, петициямызды тапсырдық. Айта кетуім керек, біздің жиналыстар бос сөзбен аяқталмайды. Біз еліміз үшін маңызы бар құжаттар қабылдап, нақты қадамдар жасап жатырмыз.

– Нұржан мырза, қазіргі саяси жағдайды саралаған жекелеген эксперттер елде мерзімінен бұрын президенттік сайлау болуы мүмкін деген жоралғы айтуда. Бұл болжамға қатысты сіздің алып-қосарыңыз қандай?

– Сарапшылардың пікіріне қосыламын. Олардың пайымы дұрыс. Егер қазіргі жағдайды саралап, жан-жағыңызға қарап көрсеңіз, биліктің бұдан басқа амалы жоқ. Халық арасында Ақордаға деген сенімсіздік басым. Билік оны біледі және соны өз беттерінше түзеткілері келеді. Биліктің қателігі – олар тағы өз адамын қоя салып немесе үкіметті ауыстырып, елді тыныштандырамыз деп ойлайды. Осы жолы олар дегеніне жете айлмайды. Өйткені қазіргі Қазақ елі 30 жыл бұрынғы Қазақ елінен өзгеше. Биліктің жазып берген заңдары мен бюллетеньдерге салып берген суреті енді өтпейді. Халық осы жолы әділ, әрі ашық сайлауды талап етеді.

– Егер, шынында да, мерзімінен бұрын президенттік сайлау бола қалған жағдайда, бұған түрткі болатын негізгі күш назарбаевтық «кітапхана» болуы мүмкін деген долбар да айтылады. Қазіргі Қасым-Жомарт Тоқаев назарбаевтық режимнің билігін жалғастырып жатқан болса, мұндай интриганың басқаша қандай себеп-салдары болуы мүмкін?

– Мұны «ауыс-түйіс» дейді. Негізі «ауыс-түйістің» мағынасы – үкіметте немесе билікте өзгеріс болғанын білдіру еді. Алайда ол сөз біздің елде картаның колодасындағыдай, фигураларды араластырып, орындарын ауыстыра салу дегенді білдіреді. Отыз жылдағы ауыс-түйісті қарап көріңізші, саясатта төбе көрсеткен адам саны 5 саусаққа толмайды. Бәрі сол бұрынғы тұлғалар. Олар креслосын ғана ауыстырады. Ал саяси немесе экономикалық өзгеріс жоқ. Сол баяғы «тұрақтылық» қана бар. Осы «тұрақтылықты» билік өзінің туы етіп ұстап келеді.

Кезектен тыс президенттік сайлау бола қалса, оған Қасым-Жомарт Тоқаев қайта түсе ме, жоқ әлде билік басқа біреуді тықпалай ма – онда еш айырмашылық жоқ. Шынына келгенде, президент лауазымы осы күнде бізде премьер-министр лауазымын алмастырды. Ал үкімет басшысы канцелярия басшысы деңгейіне түсіп қалды. Егер ауыс-түйісті доғарып, елде түбегейлі өзгеріс жасағымыз келсе, елдегі саяси жүйені тұтас ауыстыруымыз керек. Жемқорлардан арылған таза мемлекет қүруымыз керек.

– Нұржан мырза, елдегі қалыптасқан саяси жүйені қалай сипаттар едіңіз?

– Біздің қазіргі жүйені мен құмырсқаның илеуімен салыстырар едім. Бір илеуде миллиондаған құмырсқа бар. Құрылысшысы да, жұмысшысы да, қорғанысы да бар. Бірақ бәрі бір аналыққа, яки ханшайым құмырсқаға бағынады. Сол қалай бұйырады – бүкіл илеу солай жыбырлайды. Бізде де солай: 19 млн халық та, атқарушы органдар да, күштік құрылымдар да бір адамның аузына қарап отыр. Нағыз демократиялық мемлекет болуымыз үшін, бізде билік тармақтары тәуелсіз жұмыс істеуі керек. Сонда ғана әділ сайлау өтеді. Парламентте бізге жоғарғы палата деген керек емес. Біз федеративті мемлекет емеспіз. Тұтас унитарлы республикамыз. Яғни, бізде бір палаталы парламент болуы керек. Онда партиялар ғана отыруы керек деген – бос сөз. Бір мандатты округтерден сайланатын депутаттарға да жол беруіміз керек. Жалпы біздің партияның бүкіл ұсынысы біздің саяси бағдарламамызда жан-жақты көрсетілген. Www.eltiregi.kz сайтынан оқып көрсеңіздер болады.

– Олай болса, халық игілігіне бағытталған бастамаларыңызға сәттілік тілейміз, сұхбатыңызға рахмет!

– Сіздерге де көп рахмет. Талай жылдан бері газеттеріңіздің бір номерін жібермей оқимын. 90-жылдары тәуелсіз ақпарат құралдары көп еді. Тіпті телеарналардың өзі мықты сын айтып, елге шынайы ақпарат жететін еді. Ал осы күнде дербес ақпарат құралдары деген, өкінішке орай, жоқ. Газет-журнал, радио-телеарна дегеннің бәрі күні-түні «дамыған Қазақстан» туралы ғана айтып жатады. Есік алдына шықсаң, тіпті басқа елді көресің. Сіздердің басылымдарыңыз елге жаны ашыған ақпарат құралы деп айтар едім. Өйткені сіздер өтірік айтып, елді алдамайсыздар. Ал алдамшы медиа – олар шын мәнінде мемлекеттің жауы. Өйткені олардың мемлекетке де, халыққа да жаны ашымайды. Ай сайынғы жалақымды алсам болды деп жүре береді. Болашақта оның бәрі өзгеріп, сіздер сияқты тәуелсіз ақпарат құралдары көбейеді деп сенемін!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«ДАТ»

24.06.2021.