Қазақстанда 3 мыңға жуық мектепте интернет жоқ

0

“Интернет тартылғанымен мәселе түбегейлі шешілмес”

Түркістан облысы Ордабасы ауданы М.Х.Дулати атындағы орта мектептің физика-математика пәнінің мұғалімі Айткүл Пернебаеваның айтуынша, мектепте интернет желісі қосылған күннің өзінде оны пайдалану барлығына бірдей тиімді емес.

Республика бойынша мектептер электрондық журналға көшсе де, біз оны әлі қолдана алмай отырмыз. Мектепке техникалық жабдықтар, Wi-Fi құрылғылары алынды. Бірақ интернет желісі жоқ болғандықтан іске қосылмай тұр. “Келесі жылы интернет тартылады” деп, бұрынғы қағаз журналдарымызды қолданып отырмыз. Әзірше шектеулі интернетті тек информатика пәнінің мұғалімдері қолдана алады. Интернет тартылғанымен мәселе түбегейлі шешілмейді деп ойлаймын. Өйткені жасы үлкен ұстаздар үшін компьютерді пайдалану оңай болмас. Дегенмен олар да біртіндеп біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр, – дейді мұғалім Айткүл Пернебаева.

“Ауылдарға интернет желісі тартылса да, сапалы емес”

Бақытжан Қасенбаева
Фото жеке архивтен

ШҚО Үржар ауданы Қарабұта орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Бақытжан Қасенбаева ауылға интернет желісі тартылса да, жылдамдығы аз, барлық тұрғынға қолжетімді емес екенін айтады.

“Биылғы оқу жылында мектебіміз электрондық журналға толық көшті. Бірақ ауылда интернет 100% жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Барлық ата-ана бірдей интернетке қол жеткізіп отырған жоқ. Мектепте интернеттің жылдамдығы төмендеп кететін кездер де болады. Бірақ бұл формат үшжақты тиімді. Оқушының сабақ үлгерімін мұғалім де, ата-ана да, оқушы да көріп отырады. Ата-ана баланың сыныптағы рейтингін бақылай алады. Осындай артықшылықтарын ескере отырып, цифрландыру қажет деп есептеймін. Электрондық оқулықтар мектеп кітапханасына келіп жатыр. Бірақ барлық пәннен бар деп айта алмаймын. Мүмкіндігінше пайдалануға тырысамыз”, – дейді мұғалім Бақытжан Қасенбаева.

“Интернетсіз жұмыс істейтін цифрлық ресурстарды қолдануға болады”

Ал БҚО Зеленов ауданы Щапов жалпы орта мектебінің директоры Аймекен Бақтығалиеваның  пікірінше, “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында енгізіліп жатқан білім саласындағы өзгерістер мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп отыр.

Аймекен Бақтығалиева
Фото жеке архивтен

“Егер интернет желісі жоғары жылдамдықта болса, ешқандай қиындық жоқ. Біздің мектебіміз  Wi-Fi желісіне қосылған. Жаңартылған білім мазмұны бойынша Kundelik.kz электрондық журналы енгізілді. Бұл журналдың мұғалімдерге үлкен көмегі бар. Оған ата-ана да үйренді. Болашақта оқушылар да күнделік ұстамайды деп ойлаймын. Қазір балаларға баға қойылмайды. Мұғалім әр сабақтың соңында қорытынды жасап, оқушы үлгеріміне пікір жазады. Мысалы, ұстаз электрондық журналға “Балаңыз бүгін өте белсенді болды”, “Эссе жазғанда ойын нақты жеткізе алды” деген сияқты нақты пікір қалдыра алады. Егер ата-аналар соны күнде бақылап отырса, бағалау жүйесінің пайдасын анық байқаймыз”, – дейді Аймекен Бақтығалиева.

Директордың айтуынша, жоғары жылдамдықтағы интернет білім сапасын арттыруға мүмкіндік ашады. Сонымен қатар мұндай ресурстардың интернетсіз жұмыс істейтін нұсқаларын да қолдануға болады.

Мектептің бес негізгі сыныбында интерактив тақта бар. Сол сыныптарға кіріп, мектептің барлық пәнін қамтитын, үш тілде білім беретін Bilimland.kz сайтын қолданамыз. Оқушы түсінбеген тақырыптарын да осы сайттан қарай алады. Мектептегі мұғалімдер түгелдей Bilimland-ке тіркелген. Twig-Bilim, Itest.kz, Imektep.kz сайттарын пайдаланамыз. Интернеті жоқ, шалғайда орналасқан ауылдарға қазір BilimBook құрылғысы беріліп жатыр. Құрылғының ішінде жоғарыда аталған ресурстың барлығы интернетсіз жұмыс істейді, – дейді Аймекен Бақтығалиева.

“Цифрлық білім беру ресурстарының мобильдік қосымшаларын шығару керек”

Бектұрлы Қамидолла
Фото жеке архивтен

Жезқазған “Білім инновация” лицей-интернатының биология пәнінің мұғалімі Бектұрлы Қамидолланың пікірінше, цифрлық ресурстардың мобильдік нұсқалары шықса, ұстаздарға да, оқушыларға да тиімді болмақ.

“Лицейіміз қалада болғандықтан интернет қолжетімді, компьютерлермен жабдықталған. Электрондық журналды да, үш тілде білім беретін Bilimland.kz сайтын да қолдана аламыз. Талдау жасауға, оқушылардың үлгерімін бағалауға ыңғайлы. Енді мобильдік қосымшасы болса, жеңілдер еді. Өйткені смартфон қазір барлығында бар. Оны кез келген уақытта қолдануға болады”, – дейді мұғалім.

Bilimland
BilimBook ©Айгүл Хожантаева

“BilimBook құрылғысы шалғайдағы ауыл мектептерінің мәселесін шешеді”

BMG компаниясы цифрлық білім беру ресурстарын жасаумен айналысады. Оның негізгі өнімі – Bilimland.kz порталы. Оның ішінде Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған 40 мыңға жуық интерактив сабақ (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), ҰБТ-ға қосымша дайындалуға мүмкіндік беретін iTest.kz сайты, мыңнан аса оқытушы фильм ұсынатын Twig-bilim.kz және бастауыш мектепке арналған 170-тен астам анимациялық видеосабақты топтастырған iMektep.kz платформалары бар.

BMG компаниясы ұсынған ресурстарға 7 мыңнан астам мектеп қосылған. Сайтқа күніне 30-35 мыңнан астам қолданушы кіреді. Компания өкілдерінің айтуынша, бұған дейін BilimLand-тің интерактив сабақтары мен материалдарына қатысты сауалнама жүргізіліп, видеоқорытынды жасалған. Соның негізінде қолданушылардың 85%-ы BilimLand өнімдеріне жоғары баға берген.

Біраз аймақта интернет желісінің болмауы, интернеттің жылдамдығының төмен болуы алаңдатады. Егер бұл мәселе түбегейлі шешілсе, цифрлық ресурстарды қолдану барлығына тиімді болатыны белгілі болып тұр. Себебі олар мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарып, оқушылардың жан-жақты болуына көмектеседі. Интернеті жоқ аймақтарда мәселені шешу үшін offline-технологияларды қолданған тиімді. Осы тұрғыда Bilim Media Group компаниясы ұсынған BilimBook компьютер-трансформерлері еліміздегі ең шалғай елді мекендерді мазмұны жаңарған оқыту материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  BilimBook – барлық жастағы оқушыларға арналған, мектеп бағдарламасына сай ресурстардан тұратын әмбебап құрылғы. Құрылғының мазмұны BilimLandiTestiMektep және Twig-bilim ресурстарын қамтыған. BilimBook тек білім беру мекемелеріне сатылады. Қазіргі уақытта 447 мектеп осы  құрылғылармен қамтылып отыр. Түркістан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысы мемлекеттік тапсырыстар бойынша алды. Егер бір сыныпты 20-25 BilimBook құрылғысымен қамтыса, интернетке қатысты мәселенің жартысынан көбі шешіледі, – дейді BMG компаниясы маркетологы Қанат Мырзаханов.

Bilim Media Group
Тамыз кеңесінде BilimBook құрылғыларына қызығушылық танытқан ұстаздар. Фото: Bilim Media Group

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, Қазақстан мектептерінің 40%-ы, яғни үш мың мектеп әлі де интернетке қол жеткізе алмай отыр. Қосылса да, жылдамдық аз немесе ескі компьютерлермен жұмыс істеу мүмкін емес.

Ресми дерек

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биылғы оқу жылы туралы өткізген баспасөз мәслихатында әр пән бойынша ресурстар мектептерге 100% жеткізілгенін мәлімдеген. Сонымен қатар министрдің айтуынша, биыл ауылдардағы 5324 мектепке 56 977 компьютер жинағы беріледі. Биылғы оқу жылында республика бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткен 110 мыңнан астам педагог сабақ өткізіп жатыр.

“Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасында 2022 жылы интернет желісін пайдаланушылардың үлесін 82%-ға, халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 83%-ға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2018-2020 жылдар аралығында 1700-ге жуық ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмысы жүргізіліп, 2 миллоннан астам тұрғын сапалы интернетке қол жеткізетінін мәлімдеді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz