Астанада «Дыбыс поэзиясы мен сөз сазы» концерті өтеді

0
07 Желтоқсан 2018, 13:22 350 0

Астана, BAQ.KZ. «Астана Опера» театрының жетекші солистері мен шебер аспапшылары тыңдарман назарына керемет бағдарлама ұсынбақ. 12 желтоқсан күні елордалық театрдың Камералық залында «Дыбыс поэзиясы мен сөз сазы» концерті өтеді.

«Романтикалық кештің тақырыбы – поэзия мен музыканың өзара қарым-қатынасы, музыкалық туындыларда поэтикалық сөздердің көрініс табуы. Поэзия музыканың тереңдігі мен мәнерлілігін сезінуге көмек берсе, ал музыка, өз кезегінде, өлеңмен жазылған бейнелердің барынша қанық әрі айқын ашылуына септігін тигізеді. Поэзия мен музыканың өзара байланысын түсіну автордың түпкі ойына терең бойлап, өзіңе өнердің ұлы жауһарлары арқылы тың дүниелерді ашуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті концерт авторы Елена Сахно.

Камералық зал сахнасына операның жарық жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Евгений Чайников, Рамзат Балакишиев, сондай-ақ «Астана Опера» театрлық балалар студиясының хоры, хормейстері – Алтынғаным Ахметова шығады. Дарынды аспапшы-музыканттар – Кирилл Красюков (скрипка), Курванжан Ахатов (виолончель), Любовь Ткаченко (арфа) өз өнерлерін паш етпек. Фортепиано партиясында – Мәдениет қайраткері Елена Сахно.

«Астана Опера» театры әртістерінің орындауында атақты классик-композиторлардың ұлы поэзияны бірегей ұсына білген әрі көпшілік сүйіп тыңдайтын туындылары шырқалады. Олардың қатарында Гетенің сөзіне жазылған Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», Н.Кукольниктің сөзіне М.Глинканың «Сомнение», А.Толстойдың сөзіне П.Чайковскийдің «То было раннею весной», П.Козловтың сөзіне А.Оппельдің «Забыли вы» және т.б. әндері бар.

А.Пушкиннің сөзіне жазылған вокалдық туындылар орындалатын болады, атап айтқанда, Абайдың Татьянаның әні «Амал жоқ, қайттым білдірмей», М.Глинканың «Я помню чудное мгновенье», «В крови горит огонь желанья», Н.Римский-Корсаковтың «Редеет облаков летучая гряда», «На холмах Грузии», С.Рахманиновтың «Не пой, красавица, при мне», А.Даргомыжскийдің «Юноша и дева», Ц.Кюидің «Царскосельская статуя» және т.б.

Тыңдармандарға П.Чайковскийдің «Пиковая дама» операсынан графиняның жатын бөлмесіндегі сахналық көрінісі, Н.Римский-Корсаковтың «Алтын қораз» операсынан Шемахан патшайымының ариясы, «Патша қалыңдығы» операсынан Любаша мен Елисей Бомелийдің сахналық көрінісі сынды классикалық опера жауһарларынан үзінділер ұсынылады. Бұдан бөлек, Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінен аспаптық музыка, К.Давыдовтың «У фонтана» виолончель мен фортепианоға арналған пьесасы т.б. шырқалады.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ