Цой: Қазақстанға үндістандық штамм келген жоқ, бірақ дайындалып жатырмыз

0
Цой

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың Үндістанда таралып жатқан түрі Қазақстанда анықталмады деп мәлімдеді.

– Қазір бақылап отырмыз, ДДСҰ-мен, көршілермен ақылдасып жатырмыз. Әрине, дайындық үстіндеміз. Қазір көп мутация болады, түрлі штамдар пайда болады, одан қашып құтылу мүмкін емес. Сол себепті кез келген қауіп-қатерге дайын болуымыз керек. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі түрлі сценарийлерге дайын. ПТР-тесті оң шыққан адамдардың келуіне тыйым саламыз. Тестер бәрін анықтайды, үндістандық штамды да ажырата алады, – деді Цой 16 маусым күнгі брифинг кезінде.

Осыған дейін үкімет денсаулық сақтау министрлігіне қыркүйекке дейін вакцина алғандардың санын 10 млн-ға жеткізу туралы тапсырма берген. Қазір елде вакцинаның екі дозасын алғандар 1,5 млн адам болды. Вакциналау науқанының қазіргі деңгейіне қарамастан денсаулық сақтау министрлігі күзге дейін 10 млн адамды вакциналау жөнінде тапсырманың күшінде екенін айтты. Бірақ «бәрі денсаулық сақтау министрлігіне байланысты емес, себебі вакцина ерікті нәрсе» деді.

– Біз вакцина алмаған және коронавируспен ауырып шыққан адамдардың барлығы вакциналауға келеді деп үміттенеміз. Себебі, антидене азайып барады. Өкінішке қарай, қайта ауырып жатқан адамдар бар. Қазір вакциналау – коронавирус инфекциясын жеңудің жалғыз жолы. Коронавируспен ауырып шықсаңыз, ауруды да оңай жеңесіз, – деді министр.

Алексей Цойдан журналистер «тапсырма орындалмаса, отставкаға кетесіз бе?» деп сұрады. Министр басында «барлығы министрліктің қолында емес» деп сұрақтан жалтарды. Ақпарат құралдарын вакциналаудың мәнісін халыққа жеткізуге шақырды. Отставка жайлы сұрақ екінші рет қойылған кезде министр «үкіметтің кез келген мүшесіне қатысты кез келген мәселені мемлекет басшысы шешеді» деді.

– Біздің жұмысымыз қалай бағаланса, сондай шешім қабылданады, – деді Цой.

Брифинг кезінде министрлікке қарасты санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің төрайымы Айжан Есмағамбетова «вакциналау науқаны қазір төмендеп кетті» және «халықтың ынтасын ояту үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» деді.

Министрліктің мәліметінше, қазір Қазақстанға коронавирусқа қарсы төрт вакцинаның 6 млн дозасы жеткізілген: QazVac (Қазақстанда шығарылған) Спутник V (Ресей), Hayat-Vax (БАӘ, Қытай) және CoviVac (Қытай). Маусым айында вакцинаның тағы екі миллион дозасы жеткізіледі.

Сәрсенбі күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі «Pfizer вакцинасы бойынша келіссөздер жалғасып жатыр» деп хабарлады. Бұған дейін Қазақстан батыс компаниялары әзірлеген AstraZeneсa вакцинасы төңірегінде «негатив көп» деп аталған вакцинаны сатып алудан бас тартқан.