20 миллион теңге жымқырған: Атырауда «Nur Otan» депутаты қамауға алынды

0

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясының депутаты Абзал-Сенби САМАЛИКОВҚА және басқа 22 адамға қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта депутат үй қамауында, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

Самаликовты қоса тергеуге алынған барлық адамдарға Мақат станциясындағы жүк пойыздарының цистерналарынан жанар-жағармай ұрлағаны үшін айып тағылуда. Тергеу мәліметтері бойынша, өткен жылдың 31 маусымы мен 31 қазаны аралығында күдіктілер құны 20 миллион теңгеден асатын 120 тонна ұрланған жанар-жағармай материалдарын сатқан.

43 жастағы Самаликов «Мақат — Атырау жүк тасымалы жедел локомотив депосының» директоры екенін айта кеткен жөн. «Нұр Отанның» праймеризінен кейін ол облыстық мәслихаттың депутаты болды, заңдылықты сақтау, құқық қолдану және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болды.