Мәскеуде зәулім ғимараттан құлаған Қазақстан тумасының соңғы жазбасы табылды

0

«Мәскеу-сити» кешенінің бақылау алаңының 86-қабатынан құлап, қаза тапқан Қазақстанның 20 жастағы тумасының жеке басы туралы мәліметтер белгілі болды.

«Экспресс-К» басылымы мәліметінше, марқұмның аты-жөні – Диана Белорукова, ол Текелі қаласында дүниеге келген. Қыз Мәскеу электрондық технологиялар институтының студенті болған. Биомедициналық жүйелер факультетінде оқыған.

Әлеуметтік желілерге қарағанда, ол шығармашылықтың адамы болған. Димния деген лақап атпен өлең жазған.

Қайғылы оқиға қарсаңында Диана әлеуметтік желілерде жазба жариялаған. «Өкінішті, бірақ мен өз өмірімді сарқып біткен сияқтымын. Мен оны әрі қарай жалғастырып, қиындатқым келеді, бірақ соңы келген сынды. Не болып жатқанын білмеймін, бірақ мен құрдымға кетіп бара жатырмын. Менің ойларым, сезімдерім, реакцияларым мен әрекеттерім енді маған тиесілі емес.

…Осы өмір үшін рахмет, қымбатты анашым. Өтінемін, екеуміздің арамыздағы айырмашылықты кешіруге және қабылдауға күш табыңыз. Тіпті егер сіз қазір онымен келіспесеңіз де, менің тыныштығым сіздің бақытыңызға кедергі емес деп санаймын. Осы 20 жыл өмір сүруге тұрарлық болды. Мен тойдым және қанағаттандым. Мен алаңсыз кетемін, сондықтан бұған аса мән бермеуіңізді сұраймын», — деп жазған қыз.

Еске сала кетейік, ресейлік БАҚ 12 маусымда Қазақстан тумасының қаза болғаны туралы хабарлады. Қайғылы оқиғаны Мәскеу қаласындағы тергеу комитеті тексереді. Диананың өлімінің мән-жайын Қазақстанның СІМ де анықтап жатыр.

Ресейдің Тергеу комитеті қазақстандық дипломаттарға берген алдын ала ақпарат бойынша, қаза тапқан қыз Ресей азаматы, сондықтан ол туралы басқа ақпарат жария етілмейді.