Ақтаудағы геоақпараттық жүйенің артықшылықтары қандай?

0

Қазақстан жер көлемі жөнінен әлем елдерінің ішінде 9-шы орын алатыны барлығымызға белгілі. Климаты да көп қырлы. Яғни, ел аумағындағы түрлі аймақтардың ауа райы әртүрлі. Әлбетте мұның бәрі геоақпараттық жүйенің болуын талап етеді. Өйткені, дәл осы геопорталдар арқылы географиялық жағдайды, аймақтардың сипаттамасын, құрылымын білуге болады. Қазіргідей құбылмалы уақытта, өзгермелі табиғи жағдайда географиялық ақпараттық кеңістік ел тұрғындарына бағыт-бағдар көрсетуге мүмкіндік береді.

Геопорталды енгізудегі негізгі мақсат – спутниктік бейнелер мен векторлық геодеректерді талдау және өңдеу. Сондай-ақ, оларды автоматтандырылған жүйеде алу мүмкіндігі. Осындай заманауи технология географиялық деректердің көптеген түрлерін білуге мүмкіндік береді. Жүйеде спутниктік суреттер, карталар, векторлық қабаттар сынды ақпараттар қамтылған.

Геоақпараттық порталдар бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде қызмет етуде. Сол өңірлердің қатарына Маңғыстау облысы да кіреді. Жергілікті әкімдік «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесе отырып, бірыңғай геоақпараттық жүйені кезең-кезеңімен жасақтау туралы келісімге келді. Аталған шаралар 2018 жылдың сәуірінен бері жүзеге асырылуда. Бұл әкімдік құрылымдық бөлімшелерінің шаруашылық қызметінің негізгі бағыттарын бақылауға және мониторинг жасауға арналған. Аталған пилоттық жобаны енгізу үшін әкімдік тарапынан 17 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген.             Қазіргі таңда осы жұмыстарды орындау үшін бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «mangystau.gharysh.kz» ақпараттық агенттігі құрылды. Сондай-ақ, мониторинг жүйесінің архитектурасы әзірленіп, бастапқы деректерге қойылатын талаптар әзірленді. Жоғары және орташа спутниктік бейнелер өңделіп, қажетті деректер цифрландырылды. Ал нәтижелері геопорталда жарияланды.            Мangystau.gharysh.kz сайтына бүгінде мынадай қызметтер қосылып үлгерді: Маңғыстау облысының ғарыш көріністері мозайка түрінде көрсетілген. Оның ішінде Ақтау қаласы, Жаңаөзен және Форт-Шевченконың ғарыштан көрсетілген бейнесі бар; Жылжымайтын мүлік объектілерінің барлық атрибуттары цифрландырылды. Инженерлік желілер, көше-жол желісі, жасыл кеңістіктер мен су объектілерінің бәрінің бейнесі цифрлық форматқа көшті. Аталған порталға теміржол суреттері, магистральді жолдар, мұнай-газ объектілері, тарихи орындар мен барлық нысандар енді. Бұдан бөлек, облыстың барлық аудандары мен ауылдарының географиялық орны  мен сипаттамалары енгізілді.              Бір қызығы – жергілікті жұртшылық осы портал арқылы қоғамдық көліктердің қозғалысын біле алады. Яғни, транспорт жүйесі де көрсетіліп отырады. Әкімшілік мекемелер, әлеуметтік орындардың барлығы сайтта көрсетілген.

«Қамшы» сілтейді