Қазақстанның бірнеше өңірінде картоп 500 теңгеге сатылып жатыр

0

Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров картоп бағасын кім өсіріп отырғанын айтты, деп хабарлайды “КТК” арнасы.

Картоптың бағасын алыпсатарлар өсіріп отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров кінәнің бәрін делдалдар мен супермаркеттерге жапты. Оның үстіне біздің картоп әлі пісіп үлгермеген. Сондықтан нарықты көрші елдердің өнімі жаулап жатыр екен.

“Егер баға туралы айтар болсақ, біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері өз қоймаларынан 200 теңгеден сатады. Қалғанын оның үстіне арадағы алыпсатарлар мен супермаркеттер қосып отыр”, – дейді ауыл шарушылығы министрі Сапархан Омаров.

Министрдің айтуынша, біздің ел картоп тұтыну көлемінен жыл сайын асыра өндіріп келеді. Мысалы, қазақстандықтар жылына 3 690 тонна картоп тұтынатын болса, өндіру көлемі 4 мың тонна, яғни 8 пайыз артық. Тек осы күндері Қырғызстан мен Өзбекстан сынды көршілерімізде ауа райының ерекшелігіне байланысты картоп ертерек піскен. Сондықтан дүкендерімізде солардың өнімі пайда болды дейді министр. БҰҰ-ның мәліметінше, мемлекет өзін азық-түлікпен 80 пайыз қамтамасыз ете алса, ол мұқтажсыз ел саналады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 80 пайыздан асады. Дегенмен біздің елде тапшылығы сезілетін тағам түрлері де баршылық. Оның ішінде: балық, алма, құс еті, шұжық, сүзбе және ұнтақ қант бойынша еліміз тек 50-60 пайыз қамтылған.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанның бірнеше өңірінде картоп бағасы килограммына 500 теңгеге қымбаттап кеткені туралы жазған болатынбыз.