Алматыда зиянды бактериясы бар картоп пен сәбіз анықталды
Алматыда алғашқы 5 айда шетелден келген жүктерден 4 карантиндік нысандар анықталды. Оның екеуі арнайы орындарда жойылып, біреуі кері қайтарылды, төртіншісі бойынша жақында сот шешімі шығады, деп хабарлайды «Экспресс-К».
«Зерттеулер адами фактор әсер ете алмайтын және жалған о нәтиже көрсету мүмкіндігін болдырмайтын сертификатталған тест-жиынтықтар қолданылып, ПТР талдауға арналған жоғары сезімтал детекциялау жабдығымен жүргізілді.
Бұл 4 карантиндік нысанның екеуінен зебра чипі зиянды қоздырғыш бактериясы (Candidatus Liberibacter Solanacearum) анықталды. Оның біреуі Нидерландыдан әкеклінген 20 тонна тұқымдық картоп болса, екіншісі Франция әкелінген 46,4 келілік сәбіз тұқымы», — дейді ҚР АШМ Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Бекжан Атакулов.
Жалпы зебра чипі картопқа, қызанаққа, сәбіз бен балдыркөкке және басқа да дақылдарға кері әсер етеді. Ол республика аумағына таралатын болса, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, өнімді түгелдей жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан жұқпалы бактериясы бар тұқым фактілері бойынша тиісті карантиндік құжаттар рәсімделген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес материалдар соттың қарауына жіберіліп, залалданған 46,4 келі француздық сәбіз тұқымы арнайы орындарда жойылды. Енді жақын арада нидерландылық картопқа қатысты сот шешімі шығарылып, соған сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.