Әкежан Қажыгелдин кім: Журналист Қазақстан тарихындағы ең мықты Премьер туралы шындықты айтты
1997 жылы отставкаға кеткен ҚР премьер-министрі Әкежан Қажыгелдинді (ӘҚ) кейінгі толқын ұрпақ білмеуі мүмкін, ал білгендердің өзі соңғы ширек ғасырға жуық уақытта біраз жағдаятты жадынан шығарып алуы да ғажап емес.
Ендеше, «аяғы аспаннан салбырап түскендей» болып жүрген бүгінгі бірқатар жастардың зердесіне жаңа тарихтан біраз тезисті айтайын. Ең алдымен, бүгінгі билік меншіктеніп жүрген экономикалық реформаның денін ӘҚ жасап кеткенін еске салу керек:
-нарықтық капиталға бейімделген банкі реформасы;
-азаматтардың алғашқы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға негіз болған коммуналдық шаруашылық (КСК-ны еске алайық) реформасы;
-өндіріс пен шаруашылықты жекешелендіру реформасы (әрине, советтік сарқыншақтан қалған биліктік бюрократия бұл жекешелендіруді кейіннен құбыжық қылып жіберді);
-зейнеткерлік реформа (1997 жылға дейін 25 жылдық еңбек стажы бар азаматтар жалпы негізде пенсияға шығу мүмкіндігіне ие болды, бірақ кейінгі үкімет бұл жүйенің быт-шытын шығарып, ақырында ӘҚ бастаған жүйеге 2018 жылы қайтып оралуға мәжбүр болды);
-пошта мен байланыс реформасы (ҚазПошта мен ҚазТелеком);
-отын-электр жүйесін бұрынғы одақтық жүйеден оқшаулап басқару (КЕГОК) реформасы;
-және ҚР-да алғашқы қор нарығы (фондовый рынок) жүйесін қалыптастырды, т.б.
-1996 жылдың «Жыл реформаторы» атанып, Лондон экономика мектебінің Адам Смидт атындағыиалтын медальмен марапатталған ТМД елдеріндегі алғашқы және соңғы премьер-министр.
1997 жылы ӘҚ жоғары биліктен доғарысқа кетіп, ашық оппозицияға шыққан бірінші қайраткер. (Одан кейінгі бір де бір премьер Н.Назарбаевтың жеке дара саяси режиміне қарсы шыға алмады).
ҚР президенттік сайлауына (1998) өз кандитатурасын ұсынған және сол үшін қуғынға түсіп, сырттай сотталған (10 жыл) алғашқы оппозиция өкілі.
Қазақстанда ең алғашқы «Әділ сайлау үшін» — «За честные выборы» қозғалысын құруға тұңғыш бастама көтерген азамат (1998).
Қазақстанда ең алғашқы саяси оппозициялық партия (РНПК. 1998) құрған саясаткер. (Құрамында болғандар — Ғазиз Алдамжаров, марқұм Нұрболат Масанов, Асылбек Қожахметов, генерал Айтқали Есенғұлов, Виталий Воронов, Лира Байсеитова, Серік Медетбеков, Бақытжан Төреғожина, Розлана Таукина, Амангелді Керімтаев, Сағат Жүсіп, ағайынды Нұрлан және Қуаныш Бәкірлановтар, Жұмабай Доспанов, Жақсылық Шәкеев, Майра Әбенова, Әлихан Рамазанов, Әміржан Қосанов және басқалар).
Қазақстан Демократиялық күштері форумын (Форум «Демсил Казахстана. Мәскеу, желтоқсан 1998) құруға алғаш мұрындық болған бастамашы (мүшелері — Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров, Сергей Дуванов, Гүлжан Ерғалиева, Нұрболат Масанов, Асылбек Қожахметов, Петр Свойк, Ирина Савостина, кинорежиссер Рашид Нұғыманов (к/ф «Игла»), Бигелді Ғабдуллин және т.б.). Қазақстан халқына тиесілі мұнай долларларына қатысты жемқорлық пен парақорлыққа байланысты Батыста «Қазақгейт» дауын (скандал) көтерген бірінші саяси эмигрант (1999-2000жж).
Өз елінде саяси қуғынға түскені үшін Еуропарламент «Бостандық паспортын» берген алғашқы қазақ саясаткері (одан кейін бұл құжат бір де бір қазақстандыққа берілген жоқ).
2000 жылы Вашингтонда Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросын (Серік Медетбеков) құрды.
Қазақстан Конституциясының альтернативті нұсқасын демократиялық принциптер негізінде жасауға бастамашы болды (2000ж).
АҚШ Конгресі мен Еуропарламентте (1999-2003 жж аралығында) Қазақстандағы автократия жөнінде ең алғаш депутаттық тыңдаулар өткізуді ұйымдастырған қайраткер.
2002 жылы кейінгі оппозициялық саясаткерлер Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязовқа қатысты нақақ және заңсыз жүргізілген сот процесстеріне америкалық адвокаттардың (Чарльэ Бот) қатысуын ұйымдастырды.
Қазақстан демократиялық оппозициясының Прага (1998), Лондонь(2001) және Страсбург (2005) конференцияларын өткізді.
2010 жылдан бастап, Қазақстан билігіндегі лауазымды чиновниктер шетелдік банкілер мен оффшорларға тыққан халық қаржысын анықтау және миллиардтаған долларды елге қайтару мәселесімен айналысуда.
Еске салайын, бұл — Қазақстан демократиялық оппозициялық қозғалысына Әкежан Қажыгелдин қосқан үлестің менің зердемде қалған детальдар ғана. Бәлкім, жекелеген фактілер мен есімдер менің жадымнан шығып кетуі де мүмкін.
Қалай болғанда да, Қазақстанның асыл азаматы, өз елінің табанды патриоты, талмас күрескер Әкежан ағаны туған күнімен құттықтаймын! Мұндай алтын басты азамат, әлемдік деңгейдегі экономиканың білімдары ел ертеңі үшін қажет-ақ саяси менеджер. Аман болыңыз,
Ермұрат Бапи, Facebook парақшасынан