ҰБТ-ны әділ өткізуге тырысқан Ұлттық тестілеу орталығының басшысы қызметінен кетті
Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директоры Дидар Смағұлов атқарып отырған лауазымынан кететінін мәлімдеді.
«Осымен ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директоры лауазымынан өз еркіммен кетемін! 7 жыл бойы мемлекеттік салада қалтқысыз қызмет еттім… енді басқа белестерді бағындырар уақыт келді!
Кез-келген уақытта мені қолдауға дайын болған достарыма алғысым шексіз!
Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлына түрлі сынға қарамай, мені осы жауапты лауазымға тағайындап, сенім білдіргені үшін рақметімді айтамын!
Халыққа адал қызмет ету мақсатында және сіздердің көңілдеріңізді қалдырмау үшін білімім мен машықтарымды Орталықтың игілігі жолында қолдануға тырыстым.
Білім саласындағы басқа да жауапты басшылық лауазымдарды ұсынғаныңызды жоғары бағалаймын!
Бірақ мен қызмет ету саламды сәл өзгерту қажет деп шештім.
Иә, ҰБТ мен үшін аяқталған жоқ: осыдан кейінгі жұмысымды министрдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша штаттан тыс кеңесшісі ретінде жалғастыра бермекпін (қандай да бір төлемсіз). Достар, ҰБТ-ны бірге әділ етейік!» деп жазды Дидар Смағұлов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
«Білім саласына үлкен тазалық енгізген, ҰБТ-ны әділ өткізу үшін күн күлкісін, түн ұйқысын ұмытқан, мен араласқан білім саласы шендісінің ең мемлекетшіл, таза тұлға, өте қатты сыйлайтын басшының бірі Дидар Смагулов мырзаның Ұлттық тестілеу орталығы ҚР БҒМ басшылығынан кетуін өте үлкен қателік деп бағаладым» деді ұстаз Аятжан Ахметжанұлы.