Нұрлан Қоянбаев: Ақорда халықтың офисіне айналсын, 5 жылда халықты бақытты етуге болады

0

Нұрлан Қоянбаев саясатқа араласа ма? Халық пен биліктің арасы жақын ба? Халық бақытты болу үшін не кедергі? Продюсер Нұрлан Қоянбаев бұдан өзге кино, қызмет, елбасымен сұхбат жайлы айтты. Айтуынша, бүгінгі күннің батыры — халық. Халықтың жағдайын жасау керек.

Бұл туралы Нұрлан Қоянбаев Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатта айтты.

«Мен өзіме қатысты жағдайға ғана емес, халықтың жағдайына қатысты да күйзеліске түсемін. Әр трагедияға жүрегім ауырады. Кинома қатысты айтып  жатқаным жоқ. Кинома сын айтушылар арнайы ұйымдасқан сындар болуы мүмкін. Маған сын айтылуы тиіс емес еді. Неге журналистер мемлекет ақшасына түсіріліп жатқан, қанша миллиондап ақша жұмсалған киноларға сын айтпайды? Неге солардан сол ақшасына лайық дүние талап етпейді? Неге менің өз ақшама түсірген, жаңадан шығып келе жатқан киноларыма сын айтылады? Менің мемлекеттік компанияларда жұмысым жоқ. Олардың неге маған назар аударғанын білмеймін», — деді продюсер.

Қоянбаев телеарнада ешбір журналистен кем емес еңбек еткенін айтады. Алайда оны бағалап, ешкім тіпті мерекемен де құттықтамаған екен.

«Мен 4 жыл журналистикада оқыған жігіттпен кем жұмыс істеген жоқпын. Телевизияда 20 жыл болдым. Ешкім БАҚ күнімен құттықтаған емес. КВН күнінде әзілкештер бір-бірімізді құттықтап қоямыз. Содан кейін ойлана бастадым. Мені қабылдамаған екен деп. Телеарнадан өзім кеттім. Мен арнаның бас продюсері болғаныммен қолымда билік болған жоқ. Елбасы біздің бағдарламаға келгенде арнайы сценарий де болған жоқ. Сұхбатымыз 12 минут қана өрбіді. Маған еркіндік берді. Бірақ мен еркін отырғаныммен аяғым дірілдеп отырды. Қорыққаннан емес, қобалжығаннан. Біз үлкенді сыйлап өскен қазақпыз ғой», — деді Қоянбаев

Продюсер мырза еліміздің мәдениет министрлігіне датын айтты.

«Бізде қанша мемлекеттік кино түсіріледі. Қанша қаражат жұмсалады. Қаншауы қай жерге кетіп жатыр. Халық көңілінен шығып жатыр ма? Соған есеп берсін. Халықтың ақшасы халықтың өзіне жұмсалуы керек», — деді ол.

Нұрлан Қоянбаев 1999 жылы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында «арманым президент болу» деген еді. Өзін 35 жаста президент көретінін айтқан. Алайда қазір басқа пікірде.

«Менің арманым президент болу емес — халыққа қызмет ету. Президент деген сөз — бастық болу деген сөз. Бастық болғым келмейді. Қолынан еш нәрсе келмейтін бастықтар бар. Менің қызмет еткім келеді. Жақында жоғары жақтағы ақылды азаматтарға ұсынысымды айттым. Елде бір жылда 2000 миллионер шығатындай концепция айттым. Оны қарап талдап, талқылап жатырмыз. Халықты 5 жылда бақытты етуге болады. Оның нәтижесін алдағы уақытта көре жатарсыздар», — деді ол.

Продюсер «бүгінгі күннің батыры — халық» деген пікірін айтты.

«Текті халықпыз. Қандай қиындықтар болды. Қандай заманнан өттік. Бірақ халық соған шыдады. Көшеге шығып кеткен жоқ. Тектіліктің арқасы. Халыққа тектілікпен жауап беру керек. Халықтың жағдайын жасау керек. Ең негізгі түйін осы», — деді Қоянбаев.