Немересімен TikTok түсіріп танылған әженің 300 мыңнан астам оқырманы бар

0

Қазіргі кезде TikTok платформасының 800 миллион қолданушысы бар. Бұл әлеуметтік желі қазақстандықтар арасында кеңінен танымал. Оны тек жастар ғана емес, орта жастағы кісілер де жүктеп алып, TikTok түсіріп жүр. Солардың бірі – немерелерінің сүйікті әжесі Абдуллаева Ухтамхан. Ол Жамбыл облысы Шу қаласынының маңындағы Төле би ауылында тұрады. Бүгінде TikTok-та 300 мыңнан астам жазылушысы бар. Оның қызықты видеоларын оқырмандары 5  миллионан астам рет ұнатып, лайк басқан екен. Желіде белсенді апа тек 7 ай бұрын ғана TikTok түсіріп бастаған. Оған идея ұсынған қызы екен. Бұл туралы АлматыТВ сайты жазды.

«Карантин басталған кезде қызым TikTok түсіре бастады. Кейін бірге түсуге ұсыныс жасады. Маған ұнағандықтан, өзіме жеке аккаунт ашып, қызықты видеолар түсіре бастадым. Қазірдің өзінде көшеде адамдар мені танып, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Өзіміздің дүкеніміз бар, сонда арнайы келіп, менімен суретке түсетіндер де бар», – дейді У. Абдуллаева.

Ухтамхан Абдуллаева көбіне немересі Елбекпен қызықты видеолар түсіреді: өзара жұмбақтар жасырады, тапсырмалар береді, ойындар ойнайды. Сондай-ақ, ол оқырмандарына тұрмысқа қажетті түрлі лайфхак айтады.

Қазіргі кезде Ухтамхан Абдуллаева TikTok-тан қаржы таппайтынын айтады. Дегенмен ол оған налымайды. Себебі Ухтамхан апаның басты мақсаты – қаржы табу емес, немересі кәмелеттік жасқа келгенше, осы жолды үйретіп, оның атақты блогер болуына көмектесу.

Ухтамхан Абдуллаева блогер болудың өзіндік қызықтарын да айтты.

«Бір жолы дүкенімізде немереміз екеуміз TikTok түсіріп жатқанда, бір сатып алушы келіп қалды. Мен оған шыға тұруын және есіктен басқа ешкімді кіргізбеуін өтіндім. Ол үнсіз келісіп, біз түсіріп болғанша, есікті қарауылдап тұрды. Кейін кіріп, қажетті тауарларын алып кетті. Осындай да қызықтар болып тұрады», – дейді Ухтамхан апа.

@abdullaevauhtam❤️ @ielbek

♬ оригинальный звук — Ekaterina Deniskina