Коронавирустан «көз жұмған» әйел жерлеу рәсімінде туыстарын есеңгіретіп тастады

0

Коронавируспен ауырған әйел есінен танып қалған. Туыстары оны қайтыс болды деп ойлап, жерлеу рәсіміне кірісіп кеткен

Үндістанда туыстары коронавирустың салдарынан қайтыс болды деп ойлаған әйел көзін ашты.

«Өлікті» өртейін деп жатқанда 76 жастағы әйел есін жинап, жылай бастаған, бұл отбасы мүшелерін есеңгіретіп тастады, деп хабарлады Business Insider.

Шакунтала Гайквад есімді Барамати тұрғынының коронавирус жұқтырғаны өткен аптада анықталды. Оның жағдайы нашарлағаннан кейін отбасы мүшелері 10 мамырда Шакунталаны ауруханаға жеткізіпті, бірақ бос палата болмаған.

Олар көлікте төсек-орынның босағанын күтіп отырған кезде әйелдің жағдайы нашарлап, есінен танып қалған. Туыстары ол қайтыс болды деп ойлаған.

Отбасы оны үйге әкеліп, өлікті өртеуге дайындала бастайды, бірақ жергілікті БАҚ мәйіт салынған зембілді өртемек болғанда, ол көзін ашып, жылай бастағанын хабарлады. Бұл ақпаратты жергілікті полицей Сантош Гайквад растады.

Науқас ауруханаға қайта жеткізілді. Оның қазіргі жағдайы белгісіз.

Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, Үндістанда пандемия басталғаннан бері 24 миллионнан астам адам індетті жұқтырып, оның 272 мыңнан астамы қайтыс болды.